Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ДНР Украина жағында соғысқа қатысқан үш шетел азаматын өлім жазасына кесті

Донецкіде ресейліктердің бақылауындағы Украина жағында соғысып, тұтқынға түскен Британияның екі азаматы мен Марокконың бір азаматы өлім жазасына кесілді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Донецк халық республикасының соты британиялық Шон Пиннер мен Эйден Аслинді, Марокко азаматы Саадун Брагимді жалдамалылық, билікті күшпен басып алуға әрекет жасау, сондай-ақ лаңкестік әрекеттерді жүзеге асыру мақсатында дайындықтан өткені үшін кінәлі деп тапты.

Үшеуі де Ресей басқыншылығы басталғанға дейін келісімшартқа отырған Украина қарулы күштерінің қызметкерлері. Олар Украинада кем дегенде бірнеше жыл тұрған. Тіпті олардың біреуінде украиналық төлқұжат болған. Үшеуі де өлім жазасына кесілді. 

Сот мүмкіндігінше қысқа мерзімде өтіп, журналистерге қол жетімді болмады. Соттан келген жаңалықтардың барлығы ресейлік мемлекеттік БАҚ-та жарияланды. Айыптылардың туыстары сотта қорғануға мүмкіндік болмағанын, адвокаттарының әрекет жасамағанын айтады.

Бұл жағдайды Лондон қалай қабылдады?

Британ билігі бұған дейін ДНР қызметкерлерін тұтқынға алынған британиялықтарға мейіріммен қарауға шақырған. Ал вице-премьер Доминик Рааб үкімге қарсылық білдіру үшін барлық қажетті шағымдарды беруге уәде берді.

Шон Пиннер мен Эйден Аслиннің өзі Борис Джонсоннан Украина оппозициялық платформасы өмір үшін партиясының жетекшісі, саясаткер және кәсіпкер Виктор Медведчукпен алмасуға көмектесуін сұрады. Медведчук қазір мемлекетке опасыздық жасады деген күдікпен қамауға алынған.



Ұлыбритания премьер-министрінің кеңсесі британдықтарға шығарылған өлім жазасына қатты алаңдаушылық білдірді.

"Біз әрқашан соғыс тұтқындарын саяси мақсатта манипуляциялауға болмайтынын айтып келдік. Женева конвенциясына сәйкес әскери тұтқындар соғыс қимылдарына қатысушы мәртебесіне ие және бұл үшін жауапкершілікке тартылмайды”, –  деді Борис Джонсонның баспасөз хатшысы. 

"Біз Украина қарулы күштерінде қызмет еткен және әскери тұтқынға айналған кез келген британиялық азаматтарды босатуға тырысу үшін Украина билігімен жұмысты жалғастырамыз", – деді Даунинг-стрит өкілі.

Сыртқы істер министрі Лиз Трусс сот үкімінің толығымен жалған және заңдылығы жоқ екенін айтты.

Сотталғандардың адвокаты Павел Косован да өз қорғаушылары өлім жазасын күтпегенін және оның үстінен шағым түсіруге ниетті екенін жеткізді. 

Олар Украинаға қалай келген?

Британ Эйден Аслин сәуір айының басында үйленетін болып, 2018 жылы Ньюарктен Украинаға өзінің сүйіктісіне көшіп келген. Көп ұзамай елдің қарулы күштерінде теңіз жаяу әскері болып, екінші азаматтығын алған.

Аслин қызмет еткен бөлімше орыс әскерлерінің қоршауындағы Мариупольді қорғады. Қаланы бомбалау күн сайын жалғасып бөлімше Украина армиясының негізгі күштерінен ажыратылған. Эйден Аслин сол кезде өз үйлену тойына бара алмаған. 

Марокколық 21 жастағы Саадун Брагим де Мариупольде болған. Ол Мароккода жұмыс таба алмағанын, сондықтан 2019 жылы Украинаға көшкенін айтты. Отбасы оған Полтаваға 100 долларлық билет алуға көмектескен. Бір жыл ішінде Саадун курстарда орыс тілін оқып, содан кейін Киев политехникалық институтының авиация және ғарыштық жүйелер факультетіне оқуға түскен. Бірақ оны аяқтамай 2021 жылы Брагим үш жылдық келісімшартқа қол қойып, әлеуметтік желілерде танысқан Эйденмен қызмет етуге аттанған.

Туыстары Шон Пиннер әйелімен бірге Украинаға көшіп, кейін елдің қарулы күштерімен келісім-шартқа отырғанын айтады. Пиннердің үш жылдық келісімшарты осы жылдың соңында аяқталуы керек еді. Ол гуманитарлық жұмыстармен айналысуды жоспарлаған, бірақ кейін соғыс басталып кетті.

Үшеуі де қоршауда қалған Мариупольге жетіп қаланы қорғауға қатқан. "Азовсталь" зауытының ғимаратынан Эйден Аслин кейде отбасымен байланысқа шығып, бәрі жақсы екенін айып отырған.

"Бір күні ол маған қоңырау шалып, оларда шайқасатын қарулары қалмағанын айтты", - деді оның анасы Энг Вуд.

Заң не дейді?

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков егер Ұлыбритания үкімді апелляцияға берсе, ДНР егемендігін мойындайтын болып табылады. Осылайша Ресей Ұлыбританияны ұятқа қалдыруға тырыспақ.

Песковтың айтуынша британиялықтардың ешқайсысы Ресейге жүгінген жоқ. Борис Джонсонның өзі Ұлыбритания бұл мәселеде Украина билігімен ынтымақтасады деп мәлімдеді. Бұл екі елдің билігі Пиннер мен Эслинді айырбастағысы келеді дегенді білдіреді. Бірақ осы жерде кімге айырбас болады деген сұрақ туындайды.

Ресей Сыртқы істер министрлігі Лондонға британ азаматтарының Украинада соғысуына жол бермеу туралы кеңес берді.

Украина заңнамасы шетелдіктерді жұмысқа алуға тыйым салмайды. Олар келісім-шарт бойынша әскерде солдат, матрос, сержанттар және старшиналар ретінде ресми түрде қызмет ете алады. Бұл ретте өзге ұлттық азаматтың жалдамалы ретінде қарулы қақтығысқа немесе соғыс қимылдарына қатысуы жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Ресей Федерациясының қылмыстық кодексіде жалдамалы деп материалдық сыйақы алу мақсатында әрекет ететін және қарулы қақтығысқа немесе ұрыс қимылдарына қатысушы мемлекеттің азаматы болып табылмайтын, оның аумағында тұрақты тұрмайтын, сондай-ақ қылмыскер болып табылмайтын адам саналады. 

ДНР билігі Ресей кодексіндегі баптардың көпшілігін 2014 жылы ғана алып, тек өлім жазасын тағайындау мүмкіндігін қарастырған.

Британиялық заңнама ел азаматтарының басқа елдердің аумақтарындағы соғыс қимылдарына қатысуына қатысты мәселелерде екі ойлы. Кезінде елдің сыртқы істер министрлігінің бюллетенінде Украинаға соғысуға жіберілген азаматтар елге оралған соң қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екені айтылған. Бірақ бұл мүмкіндікті реттейтін негізгі заң 1870 жылдың өзінде-ақ қабылданған және қазіргі заманғы қақтығыстарға ешқашан қолданылмаған. Кезінде елдің сыртқы істер министрі Украинаға баратын еріктілерді қолдайтынын білдірген.

Қалай болғанда да  халықаралық құқық Ресейдің шетелдік әскери қызметкерлерге тұтқын ретінде қарауы керектігін талап етеді. Бірақ Ресей олардың тұтқын мәртебесін алуға құқығы жоқ деп санайды.

Талқылау