Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жас мамандар ауылда жұмыс істеудің артықшылықтарын айтты: "Дипломмен – ауылға" бағдарламасы қалай жүзеге асырылады

Бүгінде Қазақстандағы ауылдарда кадрлар тапшылығы түйіткілді мәселелерді бірі екені белгілі. Осыған орай, мемлекет 2010 жылдан бері жас мамандарды қолдау мақсатында "Дипломмен – ауылға" бағдарламасын ұйымдастырып келеді. Аталмыш бағдарламаның негізгі мақсаты - елді мекендердегі ұстаз, дәрігер, инженер және т.б. маңызды мамандықтармен қамтамасыз ету, жұмыссыз жастардың санын азайту. Stan.kz тілшісі мемлекеттік бағдарлама бойынша ауылға кеткен мамандармен тілдесіп, олардың өмірі мен жұмысы жайлы білген еді. 

2019 жылдың 23 қаңтарында еліміздің тұңғыш президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Дипломмен – ауылға" мемлекеттік бағдарламасындағы мамандықтардың тізімін кеңейту, жас мамандарға қаржылай көмек ретінде берілетін жәрдемақы мөлшерін ұлғайту туралы тапсырма берген болатын. Сонымен қатар, мәжіліс депутаттары бұл мәселені бірнеше рет көтеріп, жас мамандарға одан әрі белсенді қолдау көрсету туралы ұсынған еді. 

Ұлттық экономика министрлігі ұсынған деректерге сәйкес, "Дипломмен - ауылға" жобасын іске асыру кезеңінде (2009 жылдан бастап 2019 жылға дейін) 68 мыңнан астам маман 9,1 млрд теңге сомасында көтерме жәрдемақы алса, 31 мыңнан астам маман тұрғын үй сатып алу үшін 85,5 млрд теңге сомасында бюджеттік кредит алған.

Ал 2020 жылы 4,8 мың маманға тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредит беруге 20,0 млрд теңге бөлінді. Ағымдағы жылдың 1 қазандағы 16,0 млрд. теңге игерілді, 4,1 мың маман бюджеттік кредит алды. Бұған қоса, 2020 жылы 8,2 мың маманға көтерме жәрдемақы беруге 2,2 млрд. теңге қарастырылған. Биыл 1 қазандағы жағдай бойынша 6,8 мың маманға 1,8 млрд. теңге көлемінде жәрдемақы беріліпті.

Төмендегі суреттен мемлекеттік бағдарлама аясында ауылға кеткен жас мамандардың өңірлік және салалық бөлінісі көрсетілген: 

граф

Ауыл ұстазы Еркебұлан Дүйсембайдың сөзінше,  бағдарламаның ең басты артықшылығы - мемлекеттің жас мамандарды баспанамен қамтамасыз етуі. 

"Өзім 2016 жылы елордадағы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітіргенмін. Қазіргі таңда Ақмола облысы Ақкөл ауданы С. Нұрмағамбетов ауылындағы мектепте қазақ тілі және әдебиеті пәнінің ұстазы және мектеп директорының оқу ісі бойынша орынбасары қызметін атқарамын. Мемлекет тарапынан ең басында қайтарымсыз жәрдемақы деген болады, соны алдым. Мен ауылға келген кезде, яғни 3 жыл бұрын оның мөлшері 160 мың теңге болған еді. Содан кейін пайыздық мөлшерлемесіз баспана алдым", - дейді ұстаз. 

Сондай-ақ, ол ауылға барып жұмыс істеуге түрткі болған бірнеше жайттарды атады. 

"Бірінші кезекте баспана мәселесі мені қатты қызықтырды. Екінші жағынан тәжірибені ауылдан жинайын деп шештім. Үшіншіден қор жинағым келді. Негізі қазір кезде ауыл-қала болып бөлінгенімен елордада бар нәрсе ауылға да тікелей жетіп отырады. Сондықтан ондай ауыз толтырып айтатындай айырмашылық жоқ десем болады.  Ауылдық жерде жұмыс істегеннің тағы да бір артықшылығы жалақыңызға 25% қосылады. Мемлекет аталмыш бағдарлама аясында ауылға аттанған жас мамандарды осылай қолдауда. Бұған қоса, жыл сайын біліктілігіңізді арттыру курстарын өтіп, тағы да жалақыңыздың көлемін 30%, 50%, тіпті, 100%-ға дейін ұлғайта аласыз", - деді жас маман. 

Әзірге қалаға көшетін жоспарым жоқ деген ұстаз жастарды ауылда жұмыс істеуге шақырды. 

"Жалпы, статистиканы алып қарасақ, педагогика мамандығын бітіретіндердің тек 25%-ы ғана мектепке жұмысқа тұрады. Соның ішінде тек 10%-ға жетер-жетпесі ауылда жұмыс істеуді жөн көреді. Осы тұрғыда жас мамандарға айтатыным: "Дипломмен - ауылға" бағдарламасы арқылы мемлекет ең маңызды баспана мәселесін толығымен шешіп береді. Ал өз үйің болғаннан кейін материалдық жағын реттеу де ыңғайлы болады. Қазір ауыл десе, көбі ат тоңын ала қашады. Бірақ ауылдарда барлық жағдай жасалған: интернет те, жол да, бәрі бар. Бұған қоса, ұстаз ретінде саналы ұрпақ тәрбиелеуге үлес қосу үшін жастарды дәл осы ауылға шақырамын", - деп аяқтады сөзін ол.

"Дипломмен – ауылға" бағдарламасы бойынша Қызылорда облысы Жалағаш аудандық ауруханасында дәрігер болып жүрген Арайлым Мұстафа еңбек тәжірибесін өзінің туған жерінен бастауды жөн көргенін айтады. 

"Жалпы кез келген мамандықты ауылдан, туған жеріңнен бастаған жөн деп ойлаймын. Ауылда дәрігер көмегін қажет ететін науқастар көп. Елді мекендерде тұрғындардың тұрмыстық жағдайы әртүрлі: біреулер уақытылы медициналық көмекке қол жеткізе алмай жатады. Менің ойымша, дәрігер болу - тек дертті емдеу емес, халықтың материальдық, моральдық жағдайын түсіне отырып, қолдай білу. Дәрігер тек дәріні ғана қолданып емес, науқастарға жылы сөйлеп, сөзбен де емдей білуі қажет. Өз басым сондықтан да ауылға барып жұмыс істеуге бел будым. Сонымен қатар, біздің ауылда дәрігерлер тапшы болғандықтан келіп отырмын", - дейді жас маман. 

Қазіргі уақытта жас дәрігер мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақыға құжат жинастыруда екенін жеткізді. 

"Жалпы, өз басым ата-анамның үйінде тұрғандықтан үй алуға өтініш бермедім. Десек те мен сияқты "Дипломмен – ауылға" бағдарламасы бойынша ауылға келген әріптестерім қазіргі таңда үйлі болуда. Бәлкім, алдағы уақытта мен де баспана алуға өтініш жолдармын. Әзірге бір реттік берілетін мемлекеттік жәрдемақыға құжат жинастырудамын.

Алдағы уақытта еңбек тәжірибемді дәл осы ауылда жүріп дамытып, ауыл халқының денсаулығын жақсартуға өз үлесімді қосамын деген сенімдемін. Ал жас мамандарға
ауылға келуге еш тартынбасын дер едім, қалалық жерге қарағанда ауылдық жерде тәжірибе жинау өте қолайлы деп айтқым келеді", - дейді жас дәрігер. 

дәрігер

Жалағаш аудандық ауруханасының дәрігері Арайлым Мұстафа

"Дипломмен – ауылға" бағдарламасы бойынша ЖОО келесі мамандықтар бойынша бітірген студенттер бағдарламаға қатысуға өтініш бере алады:

  • білім;
  • денсаулық сақтау;
  • әлеуметтік қамтамасыз ету;
  • мәдениет және спорт;
  • мал дәрігерлік;

Бір айта кетерлігі, 2020 жылы мемлекеттік қызметкерлер "Дипломмен –  ауылға"  жобасына қосылды.

Мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек келесі түрде көрсетіледі:

  • 100 АЕК мөлшерінде бір реттік көтерме жәрдемақысы (2020 жылы 277 800 теңге);
  • тұрғын үйді сатып алу немесе салу үшін 0,01% жылдық сыйақы мөлшерімен 15 жылға дейінгі 1500 АЕК (2020 жылы 4 167 000 теңге) мөлшерінде несие беру.
  • әлеуметтік мекемелердің мамандары үшін лауазымдық жалақының тарифтік мөлшерден кемінде 25%-ға (қалалық жерлерде) өсуі.

Жастарға қойылатын басты шарт - ауылға келген маман өз мамандығы бойынша кем дегенде үш жыл жұмыс істеуі керек.

Бағдарламаға қатысу үшін таңдалған елді мекенде жұмыс берушіні өзіңіз табуыңыз қажет. Ауылдық мектептерге, ауруханаларға, мәдениет үйлеріне, спорт кешендеріне және т.б. жұмысқа орналасуға болады (өңірлердегі кадрлардың қажеттіліктері туралы мәліметтер облыстық әкімдік басқармаларының сайттарында орналастырылған).

Егер жұмыс орнын табу мүмкіндігі болмаса, түлек ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне немесе аймақтардағы жауапты қызметкерлерге жүгіне алады.

"Электрондық үкімет" веб-порталы арқылы сіз көтерме жәрдемақыны және бюджеттік несиені алуға онлайн режимінде өтініш бере аласыз. Көтерме жәрдемақы алу үшін жаңа жұмыс орнында кадрлар бөлімі куәландырған білім туралы дипломның және еңбек кітапшасының көшірмесін өткізу қажет болады.

Еске салайық, бұған дейін 2020 жылы мемлекеттік бағдарламаға қандай өзгерістер енгізілгені айтылған еді. 

Талқылау