Димаш Құдайберген ата-анасының күміс тойына ерекше тосын-сый жасады
Биыл Димаш Құдайбергеннің отбасында қос қуаныш. Әншіні тәрбиелеп, өсірген ата-әжесі алтын, ал жарық дүние сыйлаған ата-анасы күміс тойын тойлауда. Осы орайда Димаш ата-анасына ерекше сый жасаған. Бұл туралы Қанат және Света Айтбаевтар 31 арнаның “Айта берсін” бағдарламасында айтты, деп жазады Stan.kz ақпараттық агенттігі.
“Света екеуміздің шаңырақ көтергенімізге 25 жыл болды. Жақсы сөз жарым ырыс дейді. Ата-анамыз үйленген кезде әкемнің жақын достарының бірі: “Құдайберген-Миуа, сіздердің алтын тойларыңызды балаларыңыздың күміс тойымен бірге тойлайық”, – деп тілек жазған екен. Сол тілекке жеттік. Биыл ата-анамыздың алтын тойына біздің күміс тойымыз сәйкес келіп тұр”, – деп қуанышымен бөлісті Қанат Айтбаев.
Ал анасы мерейлі күнге орай тұңғышы Димаштың жасаған сыйы жайлы сөз етті.
“Димаш кезінде Қанат маған арнап жазған әнді жаңадан өңдеп, қайта жаздырып, бізге тосын-сый жасады. Кезінде Қанат маған арнап жазған. Сөзі де, әні де өзінікі. Мен бір жаққа кетіп қалған болуым керек”, – деп күлді Света Айтбаева.
“Иә, “Сағындым” деген ән. Ән деген өзі көңіл-күйдің көрінісі ғой. Мен өзі арнайы отырып, ән жазатын адам емеспін. Сазгер емеспін, көңіл-күйге сәйкес әртүрлі әуендердің келетіні белгілі. Шынында да, мұңайып, сағынып отырған кезде жазған әнім. Димаш арнайы біздің күміс тойымызға орай жаңадан өңдеп, жарыққа шығарды”, – деп жарының сөзін жалғады Қанат Айтбаев.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.