Деструктивті діни ағымдардың белгілері қандай? Маман түсіндірді
Қазіргі таңда деструктивті діни ағымдармен белсенді күрес жүргізіліп жатса да, жат ағымның торына түсіп қалып жатқан жандар табылуда. Олар өздерінің дұрыс емес ағымның жетегінде жүргенін аңғармай қалуы да бек мүмкін. Себебі мұндай деструктивті діни бағыттағы топтардың қалай әрекет ететінін, яки белгілерін білмейді. Осы тұста "Social Development Center" қоғамдық қорының корпоративтік мәселелер және қоғаммен байланыс жөніндегі менеджері Бейбіт Тұрабаевтан осы жайлы толығырақ сұраған едік.
Сарапшының мәлімдеуінше, әр жат ағымның өзіндік түсініктері мен көзқарастары болғандықтан, оларды киім үлгісіне қарап бірден анықтау қиын. Десе де олардың қоғамнан ерекшеленетін элементтері болады. Оларды төменде тізіп көрсеттік. Сондай-ақ, қандай да бір дін өкілдерінің жат ағымда екенін де осы белгілер бойынша анықтауға болады дейді маман.
1-белгі: Күмәнсіз сенім
"Жат ағымда жүрген адамдар өздерінің идеологиясына сөзсіз сенеді. Деструктивті ағым басшысы не айтса да, ол рас болып тұрады. Оларда күмәндану, ақпараттың шынайылығын тексеру дағдысы қалыптаспаған", - деді маман.
Б. Тұрабаевтың айтуынша, жат ағым өкілдерінде авторитаризм басым, яғни олар басшыларының айтқанын бұлжытпай орындап, соны заң көреді. Оларға қарсы шығып, басшысының пікірі қате екеніне сендіру өте қиын. Тіпті олар діннің ғылыми түсіндірмесіне қарсы шығып, мәзхабтарды теріске шығарады.
2-белгі: Тәкәппарлық
Деструктивті діни ағым өкілдері басқа дін мен өзге ұстанымдарды мойындамайды. Оларда "Біздің дін ғана дұрыс" деген менмендік қалыптасқан. Өзгелердің көзқарасын теріске шығаруға тырысады. Сонымен қатар, қоғамды "діндарлар", "адасқандар", "діннен безгендер" деп бөліп, тәкәппарлықпен қарайды.
Сондай-ақ, сарапшы жат ағым өкілдерінің өзгелерге төзбеушілік танытып, толеранттылық қағидатына қарсы келетіндерін атап өтті. Осылайша қоғамға қауіп төндіріп, елдің тыныштығына нұқсан келтіруді көздейді.
3-белгі: Шектеулер көп
Жат ағым өкілдері көп шектеу қойып, жаңашылдық пен ізденістен аулақ болуды қолдайды.
"Мұндай ағымдағылар таңдау еркіндігіне тосқауыл қойып, дінде көзделген нәрселерден бөлек, тыйым қояды. Олар аталмыш киім түрлерін де мәжбүрлі түрде кигізуі мүмкін", - деді Тұрабаев.
Олар діндарлардың мәдени-бұқаралық іс-шараларға баруына, теледидар, әсіресе, ойын-сауық және музыкалық бағдарламалар мен хабарларды қарауы, ән тыңдауына шектеу қоятынын атап өтті.
4-белгі: Ұлттық мәдениетті мойындамайды
Олар ұлттың маңыздылығын төменге қояды. Ұлттық тілді бұрмалап сөйлейді.
Ұлттық дәстүрлер мен мәдениеттің қате екенін айтып, тек дін жолында жүруге үгіттейді.
"Аталмыш діни өкілден осы белгілердің бірін байқасаңыз, барынша одан, оның түсіндірмесінен қашық болуға тырысыңыз. Өйткені дін біреуді кемсітуге, мәжбүрлеп, құқығын бұзуға, қорлауға қарсы. Деструктивті ағымның мақсаты – қоғамға осылай іріткі салып, елдің тыныштығын бұзу", - деп қорытындылады ойын сарапшы.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
