Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Депутаттың дауысы мен түрін қолдан жасағандар оның туыстарын алдамақ болған

Сергей ПанамаревФото: parlam.kz

Депутаттың дауысы мен түрін қолдан жасағандар оның туыстарын алдамақ болған. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке, сондай-ақ Ішкі істер министрі Ержан Саденовке депутаттық сауал жолдаған Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Депутаттың айтуынша, бүгінде цифрландыру мен технологиялық прогресс Қазақстанның жаңа ұлттық идеясына айналғанымен, оның зияны да артып отыр. Солардың бірі – дипфейк технологиясы, яғни жасанды интеллект арқылы адамдардың шынайы бейнесін, дауысын қолдан жасап, жалған сурет, аудио және видео материалдар құрастыру.

“Мен өзім де осындай технологияның құрбаны болдым. Менің бейнем мен дауысым толықтай қолдан жасалып, менің атымнан ақша сұраған бейнеролик тараған. Жалған материал соншалықты шебер жасалған, тіпті жақындарым бастапқыда шындық пен өтірікті ажырата алмады. Мұндай жағдаймен осында отырған көпшілік те бетпе-бет келгеніне сенімдімін”, - деді депутат.

Пономаревтің айтуынша, бұл жағдайлар тек жеке азаматтарға ғана емес, мемлекет пен ұлттық қауіпсіздікке де қауіпті. Егер Президенттің, мемлекеттік орган қызметкерінің немесе белгілі тұлғаның атынан жалған бейне немесе аудио таралса, оның салдары қоғамда дүрбелең туғызып, саяси тұрақтылыққа кері әсер етуі мүмкін.

Халықаралық тәжірибе де бұл қауіптің айқын екенін көрсетеді. Мысалы:

АҚШ 2020 жылы дипфейктерге қатысты нормаларды қорғаныс бюджетін реттейтін заңға енгізіп, оларды ақпараттық қауіпсіздік тұрғысынан фактор ретінде таныды;

Оңтүстік Корея 2024 жылғы парламенттік сайлау алдында 90 күн бұрын дипфейктерді сайлауалды үгітте қолдануға тыйым салды;

Бірқатар елдерде жалған контентті автоматты түрде анықтайтын және түпнұсқа материалдарды цифрлық түрде белгілеуге мүмкіндік беретін технологиялар енгізілуде.

Депутат дипфейктердің қаржылық алаяқтықта да жиі қолданылып жүргенін атап өтті. Feedzai компаниясының 2025 жылғы есебіне сәйкес, онлайн-алаяқтықтың жартысынан көбі жасанды интеллект көмегімен жүзеге асырылады. Мұндай жағдайда адам өз жақынының дауысы мен бейнесін көріп, алдануы мүмкін.

Пономаревтың пікірінше, адамның беделі мен сеніміне де үлкен нұқсан келеді. Тіпті кейін жалған ақпарат жоққа шығарылса да, абыройды толық қалпына келтіру қиын.

Осыған байланысты депутат Үкіметке мынадай нақты ұсыныстар жасады:

Цифрлық контентті мониторинг және сараптау орталығына дипфейктерді анықтау және оларды дереу бұғаттау міндетін жүктеу;

Бейне және суреттердің түпнұсқалығын тексеру жүйесін әзірлеу – бұл тек соттар үшін емес, кез келген азаматқа қолжетімді болуы қажет;

Дипфейктерді тану және цифрлық алаяқтықтан қорғану әдістері туралы халыққа ақпараттық науқан жүргізу.

Сонымен қатар, "AMANAT" фракциясы жалған дипфейктерді пайдалану үшін жазаны күшейту және синтетикалық контент қолдану саласын шектеу бойынша заңнамаға түзетулер енгізуге кіріскенін мәлімдеді.

"Жасанды интеллект тек даму символы емес, сонымен бірге жаңа сын-қатерлердің көзі. Мемлекет бұл бағытта алдын ала әрекет етуі керек", – деп қорытындылады депутат Сергей Пономарев. 

Айнұр Мұхади
Сәрсенбі, 29 Қазан, 2025 16:33
Талқылау