Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Заңсыз қызмет көрсетіп жүрген гидтер Қазақстанды секс-туризм орталығына айналдырды – Депутат

ТуристФото: freepik.com

Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова заңсыз гидтер мен тіркеуі жоқ шетелдік туроператорлар Қазақстан имиджіне нұқсан келтіріп отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Смолякова премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында 106 мыңнан астам турист заң талаптарын бұзып үлгергенін атап өтті. Бұған қоса депутат саладағы елімізге келетін туристерді басқа елге бағыттап жіберетін заңсыз туроператорлар мен гидтер ел "қазынасын қол сұғып" отырғанын айтады.

"Саладағы олқылықтарды пайдаланып, елімізге келетін туристерді басқа елге бағыттап, Қазақстан аумағында өз көліктерімен заңсыз туристік қызмет көрсетіп жүрген Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Үнді, Пәкістан, Қытай елдерінің туроператорлары мен гидтері еліміздің беделіне нұсқан келтіріп, қазынасына қол сұғуда.  Ал біздің туроператорларға өзінің жолаушы тасымалдаушы көлігімен кіруге тиым салынған. Сонда одақтастығымыз қайда? Салдарынан еліміздің бюджеті шамамен 1 млрд теңгеден астам қаражат жоғалтып отыр", – деп дабыл қақты депутат. 

Депутаттың айтуынша, сауатсыз гидтер ел имиджіне нұқсан келтіруе.

"Үндістан мен Пәкістаннан оқу мақсатында келген студенттер гид болып жұмыс істеп елімізде жыныстық туризм ретінде ой қалыптастыруда. Қазақ елінің тарихи-мәдени құндылықтарын білмейтін, шетелдік туристке жемқорлық, қылмыс, саясат, қымбатшылық жайында теріс ақпарат тарататын сауатсыз гидтер ел имиджіне нұқсан келтіруде. Ал бұған тосқауыл болатын туристік полицияның саны аз, өкілеті жеткіліксіз, көлік полициясы тіпті  аптасын 5 күн жұмыс істеп, 2 күн демалады, соның салдарынан заңсыз туристердің белсенді күндері көзден таса қалуда, Туристер көп шоғырланған Алматы облысында турполиция мен көлік полициясының шаңы да көрінбейді, бәрі бейберекет. Бұл жағдайға шұғыл шара қабылдануы тиіс", – дейді ол.

Депутаттың мәліметінше, елге келген 15 млн адамның eQonaq жүйесіне 6 миллионнан астамы ғана тіркелген, олардан түскен салықтың да есебі жоқ.

Осыған орай депутат мынандай ұсыныстар жасады: 
- нақты жобасы, стратегиялық жоспары бар инвесторларға туристік аймақтарды сенімді басқаруға беру;

- экскурсиялық, трансферлік және қонақ үй гидтерінің  жұмысын реттеу. Жергілікті және шетел гидтерінің жауапкершілігін енгізу, міндетті сертификаттау;

- Face ID мен саусақ ізін Қазақстанға келген шетел азаматтарына да қолдану;

- жол бойындағы шағын кафелер мен асханалардағы санитарлық жағдайды қатаң бақылауға алу;

- кәмелетке толмаған балаларды арнайы дайындығы жоқ адамдардың, әсіресе мұғалімдердің тауға апаруына заңмен тиым салу;

-  инфрақұрылым, әжетқана, интернет, қоқыс жәшіктері, демалып отыратын орындар ұйымдастыру;

- шетел азаматтары өзімен бірге көп мөлшерде қаражат алып келіп, елде қалдыруы үшін 10 мың АҚШ доллары көлеміндегі кіргізу лимитін алып тастау.

Депутаттың пайымдауынша, уақытында қабылданған шешім  туризм саласын едәуір жақсартып ішкі өнімдегі үлесін 3-4 %-ға дейін өсіру мүмкіндігін бермек.

Аида Тақабаева
Сәрсенбі, 25 Маусым, 2025 15:33
Талқылау