Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Депутаттар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін» сатуға қарсы шықты

Депутаттар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін» сатуға қарсы шықты. Мәжілісмендердің айтуынша, мемлекет есебінен төмен пайызды  ипотекалық несие беріп отырған  банк  шетелдіктердің қолына түссе, жұрт жеңілдіктен қағылуы мүмкін, деп хабарлайды КТК арнасы.

Миллионнан астам салымшысы бар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі»  жекешелендірілетін нысандардың қатарында.  Үкімет қалталы кәсіпкер тауып, қаржы ұйымын сатқалы отыр.  Ал депутаттар банк  жеке олигархтың қолына өтсе, қожайыны  мемлекеттік жеңілдіктерді  алып тастайды  деп күдіктенеді.  Өйткені, бизнестің  көздегені табыс екенін мәжілісмендер жақсы біліп отыр. Яғни, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» жекешеліндірілсе  үй бағасы  қымбаттап кетуі мүмкін.

«Инвестор  келсе, өзінің  заңын енгізеді,  тәртібін орнатады. Сондықтан мен қарсымын жекешелендіруге. Оны әлде де болса тереңірек зерттеу керек. Сосын барып қандай ұтымды болады, халыққа түсіндіріп барып, жекешелендіру керек», – дейді Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев.

Депутаттардың жаппай қарсылығына, «Тұрғын үй құрылыс банкінің» сатылуына қатысты сан сауалына «Бәйтерек» холдингі төрағасының орынбасары  мандытып жауап бере алмады. Сондықтан сөзге Ұлттық экономика министрінің араласуына тура келді.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» барлық жеңілдік сақталады. Және банк «Нұрлы жер» мен «7-20-25» бағдарламасына қатысады. Жыл сайынғы 20 пайыздық мемлекеттік  сыйақыны да қалдырамыз.  Егер инвесторлар осы талаптарға келіссе ғана банкті сатамыз», – дейді ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов.

Халық қалаулылары шенеуніктердің  мемлекеттік мекемелерді сату саясатына да көңілдері толмайтындарын ашық айтты. Үкімет қазына қаржысына салынған нысандардың көбін  өз құнынан 50 пайызға дейін  төмен бағаға  сатып жіберген. Егер атқамінерлер осы алған беттерінен таймаса,  мүлік туралы заңға өзгеріс енгіземіз дейді төменгі палата мүшелері.

«Сатылған жекешелендіру объектілерінің 367-нен бағалау құн, 77-де баланстық құннан 70 миллиард теңге аз. 144-де бағалау құны жарғылық капиталдан 172 миллиард теңгеге аз болған. Көптеген жекешелендірілген объектілер мемлекеттен бюджеттен қаражат алып отыр. Мысалы сатылған  жекешелендіру объекітлерінің қатарында 68-і 2017 жылы бюджеттен 20 миллиард 839 миллион теңге алған», – дейді Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов.

Олардың арасында денсаулық сақтау, коммуналдық, спорттық мекемелер бар. Мектеп, балабақша, аурухананы түбегейлі кәсіпкердің қолына бере салса, тарифтерді көтеріп жіберуі мүмкін. Сондықтан  әлеуметтік нысандарды сатқанда  сақ болу керек. Ал

Зәуреш Аманжолова  «Қазмедтехтың»  саудасына  күмәнданып отыр. Бұл мекеме  бұрын да жекешелендіріліп, кейін мемлекет есебінен қайта ашылған екен. Енді тағы саудаға түскен.

«6 миллиардқа сатылып, ал жаңа иесі 12 жарым миллиард ақшаны иеленді. Себебі бұл қаржыны министрлік республикалық бюджеттен мекемелер құрал жабдық сатып алу үшін бөлген. Осы “Қазмедтехтен” ғана құрал-жабдықты  лизингке сатып алатын болған ме мекемелер. Сонда қалай, осы сатқан кезде осынша қаржы қалатыны ескерілді ме ме, жоқ па? » – дейді Мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова.

Яғни,  Үкімет сатып жіберген нысандарға да қазына есебінен қаржылай қамқорлық жасауын қоймай отыр. Жалпы, Ұлттық экономика министрі жоспардың 70 пайызын орындадық деп есеп берді. Екі жылда 476 мекеме сатуға қойлған. Оның 367-сі   164 миллиард теңгеге сатылған. Үкімет нысандарды аукцион және бастапқы бағасын төмендету арқылы өткізіпті.

«Ірі объектілер бойынша, оның ішінде ұлттық холдинг бойынша  19 объект, республикалық меншік бойынша 2 объект. Олардың 14-і сатылды және «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан Темір жолы» IPO  шеңберіне 7 объект өткізілді. Республикалық меншік бойынша екі денсаулық сақтау объектісі сатылды. Олар: «Қазмедтехника», «Қазмедорталық», – дейді Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов.

Енді биыл Қазақтелеком, Қазатомөнеркәсіп, Эйр Астананың акцияылары   IPO шығарылады.

Сондай-ақ, депутаттар жаңадан квазимемлекеттік компания құруға мораторий жариялауды ұсынды. Азат Перуашевтің айтуынша, Үкімет былтыр 190 нысан сатқан да, 134-ін қайта ашқан. Және мәжілісмендер ауыл-аймақ, аудандардағы  коммуналдық нысандарды сатқаннан, оны қожыратып жіберген әкімдерді ауыстырған тиімдірек деп отыр.

Оқи отырыңыз:

Мәжіліс депутаты жекешелендіруге қатысты: Бұл не мазақ?

Оралда қонақ үйден алматылық жігіттің өлі денесі табылды

Назарбаев: Наурыз түбінде біздің жаңа жылымызға айналады

 

Талқылау