Депутаттар петиция жариялауға қойылатын талаптарды қатаңдатты
Фото: Скрин epetition.kz
Мәжіліс депутаттары “Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы” заңды және оған ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдады. Түзетулер петициялар институтына қойылатын талаптарды қатаңдатады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамовтың айтуынша, қоғамдық тыныштықты бұзатын жағдайларды болдырмау үшін петицияға қойылатын шектеулер тізбесі кеңейтілді.
“Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске петицияға қойылатын талаптарды арттыратын түзетулер енгізілді. Қоғамдық тыныштықты бұзатын жағдайларды болдырмау үшін петицияның нысанасы болмайтын мәселелер тізбесі нақтыланды және кеңейтілді. Бұл құқықтық кепілдіктерді күшейтеді және петициялар платформасын деструктивті мақсатта қолдануға жол бермейді”, – деді Магеррамов.
Атап айтқанда, петицияға тыйым салынған мәселелер қатарына мына тақырыптар енді:
қоғамдық мораль;
жеке және заңды тұлғалардың ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіруі мүмкін мәтіндер;
ұлтаралық және конфессияаралық келісімді бұзу қаупі бар бастамалар;
рақымшылық және кешірім жасау мәселелері;
соғыс, зорлық-зомбылық, қатыгездік насихаты;
нәсілдік, діни араздықты қоздыру, экстремизм, сепаратизм және өзге де дұшпандық әрекеттер;
есірткі құралдарын тарату мен насихаттың кез келген түрі және тағы басқалар.
Сонымен қатар, заңды екінші оқылымға дайындау барысында депутаттар кәмелетке толмағандарды ерекше режимдегі білім беру ұйымдарында ұстау мерзімін бір жылдан үш жылға дейін ұзарту туралы ұсынысты қолдамады. Олар мұны негізсіз деп есептеп, бұрынғы мерзімді (алты айдан екі жылға дейін) қалдырды.
Қазақстанда жаңа Салық кодексіне қарсы петиция жарияланды
“Мұндай ұйымдарға жіберу жаза шарасы саналлмайды. Бұл ерекше жағдайдағы тәрбие, оқыту және әлеуметтік оңалту қажеттігіне байланысты қабылданатын шара. Ол арнайы педагогикалық тәсілді қажет етеді”, – деді депутат.
Бұдан бөлек, құжатта сот орындаушылары арасында атқарушылық құжаттарды бөлу механизмі қайта қаралды. Магеррамовтың айтуынша, қолданыстағы жүйе процедураның қарапайымдылығы, заңнамадағы олқылықтар және нотариустар, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлардың теріс әрекеттері салдарынан әртүрлі “теріс схемалардың” құралына айналған. Жаңа алгоритм барлық санаттағы атқарушылық құжаттарды, соның ішінде әлеуметтік маңызы бар істерді, сот орындаушылары арасында теңдей автоматты түрде бөлуге мүмкіндік береді. Осылайша, құжатты жеке сот орындаушысына тікелей берудің жолы жабылады.
Сондай-ақ заңға сәйкес жергілікті мемлекеттік басқару құрылымында балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік уәкілетті орган және оған бағынатын бөлімдер құрылады. Олар аудан, облыстық, республикалық маңызы бар қала және Астана деңгейінде жұмыс істейді.
“Барлық мемлекеттік органдар балалардың құқығын қорғау жөніндегі өңірлік уәкілетті органға балалардың құқықтарының бұзылуы немесе бұзылу қаупі туралы, оларды әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзушылықтан қорғауға қатысты деректерді дереу хабарлауға міндетті”, – деді депутат.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандықтар петицияға қол қойған кезде ЭЦҚ-ны алып тастауды сұрағаны туралы жазған едік.
Алматы әкімдігі тұрғындардың наразылығын тудырған эстакадаға қатысты суретке түсініктеме берді