Депутаттар қазақстандықтардың МӘМС жарналарының бір бөлігін өздері басқаруына рұқсат беруді ұсынды
Фото: parlam.kz
Депутаттар Айдос Сарым мен Мұрат Әбенов қазақстандықтардың МӘМС жарналарының бір бөлігін өздері басқаруына рұқсат беруді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
2025 жылдың 30 сәуірінде парламент мәжілісінің депутаттары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) мәселелері бойынша түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдаған еді.
Айдос Сарым мен Мұрат Әбенов азаматтар мен жұмыс берушілерді медициналық сақтандыру жүйесінің белсенді қатысушылары ретінде тану қажеттігін алға тартты. Яғни, олар тек жарна төлеуші емес, сонымен қатар басқару процесіне ықпал ете алатын тұлғалар болуы керек.
Айдос Сарымның айтуынша, жүйенің басты мәселелерінің бірі – медициналық қызметтерге бөлінген қаражатты бақылау мен бөлу функцияларының түгелімен мемлекеттік органдардың қолында шоғырлануы. Бұл өз кезегінде медициналық қызметтердің сапасының төмендігіне және қаражаттың тиімді жұмсалуын бақылаудың әлсіздігіне әкеліп отыр.
Депутаттың пікірінше, МӘМС жүйесінде азаматтарға жарнаның белгілі бір бөлігін өз қалауы бойынша сақтандыру компанияларына аудару арқылы баламалы медициналық қызметтерді пайдалану мүмкіндігі ұсынылуы тиіс.
"Мысалы, жұмыс беруші немесе қызметкер төлейтін қаражаттың 1%-ын азамат өзі таңдаған жеке қорға немесе құрылымға аударуға мүмкіндік беру деген ұсынысым болды. Қазіргі МӘМС жүйесіне мемлекеттік ауруханалар мен бірнеше жекеменшік клиникалар кіреді. Бірақ олардың көбісі қалада орналасқан. Ал ауылда мүлдем таңдау жоқ – тек мемлекеттік мекемелер бар. Ал мен белгілі бір себептермен жекеменшік клиникаға барғым келуі мүмкін. Сондықтан таңдау болуы керек”, – дейді депутат.
Айдос Сарымның айтуынша, азаматтар медициналық қызметті өзі тіркелген емханада, яғни тұрғылықты жері немесе тіркелген мекенжайы бойынша ғана ала алады. Бірақ адамның басқа қалада іссапарда жүрген кезінде дәрігерге жүгіну қажеттілігі туындауы мүмкін, ал бұл жағдайлар кейде ТМККК (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі) аясында қарастырылмайды. Мұндай жағдайда азамат не жеке клиникаға өз қаражатымен жүгінеді, не үйіне оралғанша күтуге мәжбүр болады.
Оның пікірінше, таңдау жүйесін енгізу азаматтарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға ынталандырып, қажетті бағыттарға қаражат салуға мүмкіндік береді. Депутат сақтандыру полисі әмбебап, жеке меншік болуы тиіс екенін айтады. Яғни, ол бірыңғай нөмірге тіркеліп, азамат өз теңгерімін, қабылдаулар тарихын көре алатындай болуы керек және елдің кез келген нүктесінде қызмет алу мүмкіндігін қамтуы қажет.
Сонымен қатар депутат жалған қызмет көрсету деректеріне де тоқталды.
Пациенттің таңдау еркіндігі бәсекелестік туғызып, қызмет сапасын арттырумен қатар, сақтандыру және жинақтау жүйесін де дамытады.
Ал депутат Мұрат Әбеновтың айтуынша, Қазақстанда медициналық сақтандыру моделі бастапқыда дұрыс дайындалмаған. Қазір бақылау толықтай денсаулық сақтау министрлігі мен әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында. Ал осы жүйенің негізі саналатын азаматтар бұл қаражатты бөлу мен бақылауға қатыса алмай отыр.
Депутат медициналық сақтандыру жүйесінде ӘМСҚ мен емдеу мекемесінің арасындағы келісімнің үшінші қатысушысы – пациенттің өзі болуы тиіс деп санайды. Пациентке өзіне көрсетілген емге жұмсалған қаражат қозғалысы туралы толық ақпарат қолжетімді болуы қажет. Осы арқылы қазақстандықтар сапалы медициналық қызмет талап етіп қана қоймай, саналы шешім қабылдай алады және өз медициналық сақтандыруын басқаруға тікелей қатыса алады.
Еске салсақ, бұған дейін депутат Бақытжан Базарбек МӘМС-ті "халық қаржысын" бақылаусыз басқарып отырғанын айтып, сынға алған еді.

"Жеті жыл күттім": Алматылық жас жігіт 53 жастағы әйелдің жүрегін алғаннан кейін өмірі қалай өзгергенін айтты
