Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Курс жасанды": Депутат рубльдің қымбаттығына наразы болып, Ұлттық Банктің араласуын өтінді

Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов палата отырысында айырбастау пункттерінде ресей рублін сатып алуға және сатуға шектеулер енгізуді, сондай-ақ рубльге қатысты теңгенің арнайы бағамын қалыптастыру үшін шаралар қабылдауды ұсынды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Ұлттық банк басшысы Ғалымжан Пірматовтың атына жолдаған сауалда депутат Аманжан Жамалов еліміздің валюта нарығындағы жағдайға қатысты өз көзқарасын білдіріп, қаңтар оқиғаларынан кейін Президент теңгеге деген сенім толық қалпына келгенше валюта нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етуді тапсырғанын еске салды.

"Бірақ бүгінде теңге бағамымен не болып жатқанын түсіну өте қиын. Бағам рекордтық 9 теңгеге дейін нығайды. Соңғы үш айда теңгеге қатысты рубль 50 пайызға қымбаттады. Тиісінше бүкіл Ресей импорты да 50 пайызға қымбат бағаға өсті. Біз үшін рубльдің өсуі маңызды импорттық тауарлардың да баға бойынша инфляциялық өсуін білдіреді", – деді ол.

Депутаттың айтуынша Ресейге қарсы санкциялар іс жүзінде валюта импортын нөлге дейін түсірді. Алайда энергия бағасының өсуіне байланысты экспорт өзгеріссіз қалды. Осыған байланысты рубль бағамы да күрт өскен.



“Шын мәнінде бүгінде Ресей рублі айырбасталмайтын валюта. Тіпті ресейліктердің өзі орталық банктің және оның саясатының шектеулеріне байланысты арзан рубльді сатып ала алмайды. Сонымен қатар Ресейдің сыртқы қарызы бойынша дефолт жарияланған. Мұның бәрі рубльдің долларға шаққандағы бағамы шартты, яғни квази-нарықтық екендігінің дәлелі. Сондықтан рубльдің теңгеге шаққандағы бағамы да квазинарықты", – деп атап өтті Жамалов. 

Депутат Ресеймен бірыңғай экономикалық кеңістікте орналасқан Қазақстан үшін мұндай жағдай елеулі экономикалық тәуекелдерге әкеп соқтыратынын айтты.

"Рубльдің еркін қолданысы ресейліктердің қазақстандық банктерден шот ашып, оларды теңгеге, кейін долларға айырбастап шетелге шығаруына мүмкіндік беруде. Нәтижесінде доллар мен тауарлар экспортталып, бантерде тек алмастырған рубль қалуы мүмкін. Біздің екінші деңгейлі банктерде үлкен рубль массасы жиналды. Қазір жекелеген банктер Қазақстанда да, Ресейде де жұмыс істейтін Freedom Finance сияқты банктер бүтіндей бизнес жасай бастады. Рубль массасының артық болуы банктердің Ресей валютасын ағымдағы шотқа және депозитке қабылдағаны үшін комиссия енгізгенін растайды. Оның мөлшері 20 пайызға жетеді", – деді ол.

"Рубльді қолдануға болатын жалғыз орын Ресей. Яғни Ресейден импортты арттыру қажет. Бірақ олардың өзінде қазір тауар тапшылығы бар. Керісінше Ресей Қазақстан арқылы импортты ұлғайтады деп күтуге болады. Қазақстанға рубльдік қолма-қол ақша ағыны өсуде, дегенмен рубль бағамы да нығаюда. Ал негізінде бәрі керісінше болуы керек еді. Бір валютаның ұсынысы өскен кезде оның бағамы әлсіреуі керек еді", – деп атап өтті Жамалов.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Аманжан Жамалов Ұлттық Банкке Қазақстанның валюталық нарығын тұрақтандыру бойынша жүйелі шаралар кешенін қабылдауды ұсынды:

  • рубльді басқа валютаға айырбастайтын шетелдік азаматтар үшін капиталды доллармен немесе евромен шығаруға шектеулер енгізу;
  • айырбастау пункттерінің ресей рублін сатып алуына және сатуына шектеулер енгізу;
  • Ресей нарығында рубль бағамының қалыптасу ерекшеліктерін ескере отырып, теңгеге рубльдің арнайы есептік бағамын қалыптастыру үшін шаралар қабылдау.
Талқылау