Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаевтың мәлімдемесіне қарсы қатаң жауап қайтарыла ма? Сарапшылар Қазақстан мен Ресейдің алдағы қарым-қатынасына болжам жасады

Еліміздің президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербургте өткен халықаралық экономикалық форумда Путиннің көзінше Донецк пен Луганск квазимемлекеттік бірлестіктерін тәуелсіз ел ретінде мойындамайтынын мәлімдеді. Желідегі пікір білдірушілердің бір тобы Тоқаевтың батылдығына тамсанса, ендігілері Қазақстанның болашағы үшін алаңдады. Путин Тоқаевтың мәлімдемесінен кейін кек қайтара ма? Сарапшылар Қазақстан мен Ресейдің алдағы қарым-қатынасына қатысты болжам жасады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-дің орыс қызметіне сілтеме жасап. 

Reuters/Aleksandr Zemlianichenko

Ресей мен Орталық Азия арасындағы халықаралық байланыс мамандарының пікірі бір арнаға тоғысты. Олардың пайымынша, Путин Тоқаевтың мәлімдемесіне қарсы санкция қолданбауы керек. Әйткенмен Украинадағы жағдайдан кейін, 100 пайызға ешкім кепіл бере алмайды. Путин эмоцияға берілмесе болғаны.

Халықаралық істер бойынша Ресей кеңесінің басшысы Андрей Кортуновтың пікірінше, Кремль Қазақстанның ұстанымын болжауы тиіс еді. 

"Қысқасы, бұл үлкен тосынсый болған жоқ деп үміттенемін. Әрине, бұл батыл мәлімдеме және ол алдағы уақытта ҰҚШҰ, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы қарым-қатынасқа әсер етуі мүмкін", - дейді ол.

Сол сияқты Орталық Азия елдері бойынша маман, Мәскеу Карнеги орталығының экс-ғылыми қызметкері Темур Омаров Кортуновтың пікірімен келіседі. 

"Тоқаевтың айтқаны таңғалатын жайт емес. Бірақ мұны қай жерде және қалай айтқаны мені таңғалдырды. Қазақстан бұрыннан осы ұстанымда. Бұрыннан Тайваньды, Абхазияны, Оңтүстік Осетияны, Қырымды мойындамайды. Назарбаевтың кезінде солай болған. Қазақстан бұлай жасап отырған Ресейдің жалғыз одақтасы емес",-  дейді ол.

Омаровтың пікірінше, бұл жерде екі нұсқа бар. Егер Мәскеу ақылға салып әрекет етсе, Қазақстанға қарсы ешқандай шара қолданылмауы керек. Өйткені "Қазақстан Ресейге керек және оған қысым көрсетудің негізі жоқ". Алайда Путин эмоцияға берілетін болса, қандай да бір шаралар қолдануы мүмкін. 



Қазақстандық қолданбалы зерттеулер орталығының жетекшісі Рахым Ошақбаев Қасым-Жомарт Тоқаевтың Путинмен қарым-қатынасы туралы айтқан өзге де мәлімдемелерін ұмытпаған жөн деп санайды. 

"Донецк пен Луганскіге қатысты Қазақстанның ресми ұстанымы бұған дейін де айтылған. Мүмкін бұлай қатты емес шығар. Орын мен контекст резонансты ушықтырды деп ойлаймын. Бірақ бұл ештеңені өзгертпейді. Сұрақ жалпылама болды, оған жалпы жауап беруге де болар еді. Бірақ Тоқаев нақтылықты қалады. Мұның немен байланысты екенін білмеймін, бірақ көзге бірден түседі. 

Бірақ Қазақстан президентінің сөздеріне анализ жасайтын болса, оның кейін айтқан сөздерін де ескеру керек деп ойлаймын. Мысалы, Катар форумында ол Ресей - Қазақстанның сенімді серіктесі екенін, Путинмен жақын қарым-қатынаста екенін атап өтті. Ал қазіргі байланыс, Қазақстанның статусы, дипломатиялық ұстанымы баршаға түсінікті. Бұл бейтараптық пен қатысудың белгілі бір деңгейі және бейбітшілікке шақыру", - дейді Ошақбаев.

Халықаралық бейбітшілік үшін Карнеги қорының аға ғылыми қызметкері Александр Габуевтың пікірінше, модератор Маргарита Симоньян мұны әдейі арандату үшін жасаған. Егер ол сұрақ қоймағанда, мұндай шу болмас еді, деген пікірді алға тартты ол. 

"Ал жалпы ол қойылған сауалға тік жауап берді. Бірақ Тоқаев: "Соғыс дегеніміз қылмыс, біз онымен келіспейміз, орыстар мен украиндардың өлімін Украинада жоқ ұлтшылдардан тазалап жатырмыз деп қалай ақтауға болады?" - деген жоқ қой",-  дейді Габуев.

Ал саясаттанушы, Орталық Азия бойынша сарапшы Аркадий Дубновтың пайымынша, Тоқаев барынша дипломатиялық тұрғыдан жауап берген. 

"Тоқаев модератордың кім болатынын алдын ала білді және Симоньянның осындай сұрақ қоюы мүмкін екенін болжамады деп ойламаймын. Назар салып қарасаңыздар, ол Донецк жайлы сауалдың бір бөлігіне ғана жауап берді. Әскери операцияға қатысты емес. Бұл жерде ол өте сақ және дипломатиялық тұрғыдан сөйледі. Шын мәнінде, егер ол бүкіл ойы мен көзқарасын айтар болса, сонда үлкен дау болар еді. Ал оның ДХР туралы айтқаны тек бұған дейін өзі және министрлері айтып жүрген ұстанымды растады. 

Бұл жерде Путиннің көзіне қарап тұрып халықаралық тусовкада, әрі ресейлік телеарна арқылы тікелей эфирде айтқаны күшті әсер қалдырды. Оны тоқтату мүмкін емес еді. Ресейдің ішкі пиары көзқарасымен қарайтын болсақ, бұл байыпты толғаныс болды. Ресейдің жақын одақтасы заттарды өз атымен атады", - дейді ол. 

Дубновтың пікірінше, Путиннің реакциясы оның бүгінгі шындыққа деген көзқарасына байланысты болмақ. 

Бұрын Мәскеуде, Киевте, сондай-ақ, Қазақстанның демократиялық таңдауы оппозициялық қозғалысының басылымында жұмыс істеген журналист Александр Баринов: 

"Қазақстан ең жоғары трибуналардан адам құқығы мен демократия негіздерін жаппай бұзды деп әрі толыққанды жемқорлық жайлаған ел деп үнемі айыпталады. Алайда Қазақстанды басқаратын элиталардың бірде-бірі жауапкершілікке тартылған емес және Қазақстанға қарсы ешқашан санкциялар салынған емес. Мұндай жағдайда Тоқаевқа Путиннің авантюраларына араласып, бүкіл әлемге қарсы соғыс ашудың қажеті жоқ. Оларда барлығы жақсы - билігі сақталған, ақша тауып жатыр, АҚШ-пен, Еуропамен, Қытаймен достық қарым-қатынаста. Негізгі капиталдарын сонда сақтайды, әлемді емін-еркін аралап, ең мықты үйлерде тұрады. 

Қазіргі кезде Путиннің жағына тұрып, Украинадағы соғысқа араласу дегеніңіз автоматты түрде бүкіл әлеммен ұрысып қалу, санкцияларға түсіп, бәрінен айырылу дегенді білдіреді", - дейді. 



Қысқасы, сарапшылардың пікірінше, Қазақстанға қарсы ешқандай шара қолданылмауы керек. 

"Қазір Ресейдің тікесін айтқанда Солтүстік Қазақстанға парашютистер девизиясын лақтырып, тағы бір соғыс ашатындай ешқандай ресурсы, әскерилерді алатын жері жоқ. Жұмсақ тілмен айтқанда, Украинадағы операция ойдағыдай болмай жатыр. Ал Қазақстанда екінші фронт ашу Қытайдың ашуына тиюмен бірдей. 

Қазақстан Ресеймен сәйкес келмейтін өзінің ұлттық құндылықтарын қорғады десек, бұл жағдайға сабырмен қарай салған жеңілірек", - деп түйіндеді Александр Габуев.

Талқылау