Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда фонограммамен ән айтуға тыйым салынады

Мәдениет және білім туралы заң жобасын талқылау барысында Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай концерттерде фонограмма пайдалануға тыйым салуды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: pixabay

Мақсат Толықбай қолданыстағы заңнамаға сәйкес, фонограммаға тыйым салынғанын және бұл туралы концерт ұйымдастырушылары көрермендерді хабардар етуге міндетті екенін айтты. 

"Бірақ білесіз бе, бұл ереже бізге мүлдем жарамайды. Сондықтан біз бұл заң жобасына фонограмманы пайдалануға тыйым салуға бағытталған түзетулер енгізуді ұйғардық. Бірақ министрлік мұны қолдамады. Көптеген сылтаулар айтылды. Бірақ біз бұл ережені тағы да енгізіп, мынадай тетік ұсындық: егер концерт залы құрал-жабдықтармен толық жабдықталған болса, онда фонограмма қолдануға тыйым салынады. Бірақ бұл норма да өтпеді. Мен YouTube-тан орындаушының әнін тыңдай аламын. Диск сатып алып, оны көлікте тыңдай аламын. Бірақ көрермен билет сатып алады, концертке барады. Ол неге фонограммамен айтылған ән тыңдауы керек? Сол себепті талабымызды орынды деп санаймыз", – деді депутат.



Сондай-ақ ол егер концерт өтетін орын іс-шараға  бейімделмеген болса, стадиондар мен үлкен алаңдарда фонограмма қолдануға рұқсат ететін ережені ұсынды. Бірақ бұл туралы көрермендерге ескерту керек дейді депутат. 

Мәдениет вице-министрі Айбек Сыдықов бұл мәселе қызу талқыланып жатқанын мәлімдеді.

"11 наурызда бұл мәселені шоу-бизнес өкілдерімен, мәдениет мекемелерінің басшыларымен және директорлармен талқылауды жоспарлап отырмыз. Сіз ұсынып отырған тетіктерді егжей-тегжейлі зерттеп, пысықтаймыз. Мәжілісте екінші оқылымға дейін біртұтас шешімге келеміз деп үміттенеміз. Сонымен қатар өте орынды сұрақ қойдыңыз. Заңға сәйкес фонограмма туралы алдын ала хабарлау ережесі қазір қарастырылған. Алайда, іс жүзінде ол қазіргі уақытта жұмыс істемейді. Бұл норманы заңнамалық актіге енгізу туралы бастама депутаттар тарапынан көтерілді. Біз оны қолдаймыз. Норма заңға енгізілсе, нәтижелі жұмыс істелетініне сенеміз”, – деді Сыдықов. 

Сондай-ақ ол депутаттардың ұсынысын толық қолдайтынын жеткізді. 

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандық әншілерге фонограммамен ән айтуға тыйым салынатыны туралы жазған едік. 

Талқылау