Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда ерекше балалар туралы даулы пікір айтатындарды қылмыстық жауапкершілікке тарту ұсынылды

ерекше бала туралы

Фото: Видеолардан скриншот/Amanat

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерлан Әбдиев қоғамда ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қатысты жеккөрушілік үрдісі қалыптасып жатқанын атап өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ерлан Әбдиев өз сауалын премьер-министрдің орынбасары, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға жолдады. Ол мүгедектігі бар балалар туралы қорлайтын сөздер айтқандарды сынға алды.

"Желіде балалар мен мүгедектігі бар азаматтарға қатысты жеккөрушілік сөздер көбейді. Бірнеше ай бұрын бір блогер желіде аутизмы бар балаларды өлтіруге шақырды. Бұл әрекетте тек әлеуметтік алауыздықты қоздыру белгілері емес, көпшілікті қатыгездік пен зорлық-зомбылықты қоздыру белгілері де болды. Содан соң аутизммен ауыратын балалар мен олардың ата-аналарын қорлаған тағы бір блогер пайда болды. Ол осы аурумен ауыратын баланың тууы ананың "жеңіл жүрісті болуынан" деп мәлімдеді. Мұндай мәлімдемелер ерекше баланы тәрбиелеу қиындықтарына тап болған ата-аналарға ауыр психологиялық зиян келтіреді", – деді депутат.


"Балаң жыныма тиіп тұр": Астанада ерекше баланы балағаттаған әйел іздестіріліп жатыр


Ол мұндай әрекеттер үшін қатаң жаза қарастырылуы керек екенін мәлімдеді.

"Көптеген адамдардың ар-намысын таптайтын осындай блогерлер әкімшілік емес, қылмыстық жазаға тартылуы керек! Әйтпесе кез келген адам қалағанын айтып, жазасыз қалады. Жазадан құтылып, еркін жүріп, қоғамға үлкен зиян келтіреді", – деді Әбдиев.

Еске салайық, жеңіл жүрістілерден ауру бала туады деген қазақстандық блогердің басы дауға қалған еді. Кейін осы сөздері үшін астаналық блогер ұсталды

Қырмызы Скендирова
Сәрсенбі, 10 Желтоқсан, 2025 14:04