Қазақстандықтар теңгелік депозиттері үшін 10% сыйақы ала алады: Өтінішті қашанға дейін беру қажет
Қазақстандағы екінші деңгейлі банктерде депозиттерін теңгемен сақтаған азаматтар 10 пайыз сыйақысын алу үшін 1 қазанға дейін өтінім беруі керек. Қазір қаржы ұйымдары өтінім беру ережесін дайындап жатыр. Ал сыйақы келесі жылы 24 ақпаннан кейін 7-10 күн ішінде есептеліп, салымшыларға беріле бастайды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.
2022 жылдың ақпанында Ұлттық банк пен Үкімет теңгедегі салымдарды сақтандыруға арналған бағдарламаны бастаған еді. Яғни теңгемен сақталған депозиттерге банк төлейтін пайыздық мөлшерлемеден бөлек, мемлекет салым сомасының 10%-ын сыйақы ретінде береді. Бұл – бір реттік өтемақы. Жалғыз ғана шарт, 2022 жылдың 23 ақпанынан бастап келесі 12 айда, яғни 2023 жылдың 24 ақпанына дейін депозиттігі соманы банкте сақтау керек. Оның үстіне өтемақы 20 миллионнан аспайтын сомаға беріледі. Енді салымшылар 1 қазанға дейін сыйақы алуы үшін өтінім беруі тиіс.
“Әзірленген жобаға сәйкес салымшының келісімі туралы өтініш беру тәртібі мен тәсілін Екінші деңгейдегі банктер айқындайтын болады. Банктер өтініш беру тәсілін анықтап, аталған құжат бекітілгеннен кейін өтініштер жинауды бастайды деп болжануда.
Ұлттық банктің ақпарына сай бағдарламаға қатысатын шоттардың шамамен 93 пайызы 3 миллион теңгеден аспайтын салымдар”, – деді ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі.
Ал салымшыларға өтемақы төлеуге кететін шығын шамамен 550 млрд теңгеге тең. Өтемақы бюджет есебінен төленетіндіктен, банктердің қаржылық тұрақтылығына қауіп төндірмейді.
“Менің ойымша, өтініш беруде еш қиындық болмау керек. Әр салымшы сыйақы алуға өтініш беруі қажет. Депозиттерді кепілдендіру қоры оны қарастырады. Ары қарай бұл ақша бюджеттен бөлінетін болса, біз қараймыз. Ал егер Ұлттық банктен бөлінсе, солар қарастырады. Бұл баяғыдан келе жатқан механизм”, – деп мәлімдеді премьер-министрдің орынбасары, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Айта кетейік, теңгелік салымдарды қорғау бағдарламасы арқылы – жинақ салымдарға, депозиттерге кепілдік беру қорындағы мерзімді және мерзімсіз салымдарға, сондай-ақ "Отбасы банктегі" салымдарға өтемақы беріледі.
Айта кетейік, бұған дейін "Amanat" (Nur Otan) партиясынан сайланған мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовқа сауал жолдап, депозитке 10% көлемінде сыйақы аудару бастамасынан бас тартуды ұсынған еді.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
