1 теңге салықтық қарызы үшін депозиттен ақшасын ала алмаған: Қазақстандық әйел банктен қаржы алу кезінде тап болған қиындығын айтты
Фото: Ru.freepik.com
Жібек Қараманова есімді желі қолданушысы әлеуметтік желіде депозиттегі өз ақшасын ала алмай қалғанын айтты. Отбасы банк клиенттің салықтық қарызы болғандықтан депозиттегі ақшасын беруден бас тартқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жібек Қараманованың айтуынша, Отбасы банк клиенттің 1 теңге 24 тиын салықтық қарызы болғандықтан депозиттегі ақшасын беруден бас тартқан. Ақшаны депозиттен алу үшін алдын ала жазылу керек екен.
“Банк маған Instagram парақша арқылы Салық кодекстіне сілтеме жіберіп, депозитті жаба алмайтынын немесе ақшаның қандай да бір бөлігін бере алмайтынын түсіндірді. Мен заңгермін, бапты қарап шықтым және бұл баптың менің жағдайыма еш қатысы жоқ. Бұл бап шоты бұғатталған клиенттерге қатысты. Менің шотым бұғатталмаған. Қазір мен шетелде болғандықтан депозиттегі ақшаны алмадым. Банк қаражатты тек екі аптадан кейін алуға болатынын айтты. Ал қаражат жақын күндері керек болғандықтан клиент танысынан сұрауға мәжбүр болған. Бірақ елге оралған соң депозитті жауып тастауды жоспарлап отырмын”, – деді Жібек Қараманова.", – дейді желі қолданушысы.
Дегенмен Отбасы банк өкілі банктің клиентке депозиттегі ақшаның бәрін бірден алуды ұсынғанын айтады. Алайда клиент бұдан бас тартып, депозиттегі ақшаны екіге бөліп алғысы келетінін жеткізген.
“Банк клиентке құжаттарды тездетуге болатынын айтты. Бірақ клиент байланысқа шықпады”, – деп банк өкілі бейресми пікір білдірді.
Банк клиенттің не себепті депозиттегі ақшасын ала алмағанын түсіндірді. Олардың айтуынша, салымшының тұрғын үй құрылыс жинақ шартын бұзу мерзімдерін қысқартуы үшін салымды бөлу жөніндегі операцияны қолдануға болады. Бұл жағдайда қолданыстағы депозиттен екінші депозит бөлінеді. Сондай-ақ клиент екінші жаңа депозитке бірінші депозиттен қанша қаржы аударатынын өз шешеді.
“Салымды бөлу жөніндегі операция салымшыларға салым мерзімін, төмендетілген пайызбен заем алу мүмкіндігінің негізгі көрсеткіші болатын бағалау көрсеткішін (бөлу үлесін ескере отырып), қажетті жинақтауларды, сыйақы мен мелекеттік сыйлықақыны сақтап қалып, салымнан нендей бір соманы екінші салымға аударуға мүмкіндік береді. Бұл ретте клиент негізгі депозитін сақтап қалып, екінші депозитті жауып, қажетті қаражатын ала алады. Алайда депозитті бөлу кезінде жаңа жинақ шоты ашылатынын ескере отырып, жоғарыда аталған операцияның шарттары бойынша, Салық кодексінің 24-бабының 15-тармақшасында көзделген шектеулер бар. Оларға сәйкес, банк салық берешегі, әлеуметтік төлемдер бойынша берешегі бар салық төлеушіге (оның ішінде салымды бөлу кезінде) банк шоттарын ашудан бас тартуға міндетті”, – делінген банк жауабында.
Бұл операция тұрғын үй құрылыс жүйесі арқылы ипотекалық қарызды рәсімдеу арқылы тұрғын үй жағдайын жақсартуды жоспарлайтын салымшылар үшін ұсынылған.
“Салықтық берешекті төлеу туралы түбіртекті ұсынып, салық берешегінің төленгенін растаған салымшыларға шоттар ашу, оның ішінде бөлу жолымен операциялар жүргізуге мүмкіндік бар. Банк заңға сәйкес, әрекетсіз салық төлеушілерге салық бұйрығы негізінде сот орындаушысының сот шешімі бойынша қойған банк шотына тыйым салынған жағдайда ғана жеке тұлғаның депозитіндегі ақшаны беру мүмкіндігінен бас тартады. Себебі жинақ шотынан ақша беру депозит шартын бұзып, шотты жабу арқылы жүзеге асырылады”, – деп жауап берді Отбасы банк.
Ұлттық банктің мәліметінше, мынадай жағдайда банк депозиттегі ақшаны шығарудан бас тартады:
- Жөнелтуші төлемді жүзеге асыру үшін қажетті ақша сомасын қамтамасыз етпегенде;
- Бастамашы нұсқау жасау және ұсыну тәртібіне қойылатын талаптарды сақтамағанда;
- Уәкілетті мемлекеттік органдардың клиенттің банктік шоты бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы шешімдері немесе өкімдері болғанда;
- Клиенттің банктік шоты бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы нұсқаулары болғанда.
“Салық кодексінің 122-бабына сәйкес, салық төлеуші салық берешегінің сомаларын төлемеген немесе толық төлемеген жағдайда салық органы оны салық органының банктерге инкассалық өкімін ұсыну арқылы салық төлеушінің банктік шоттарынан мәжбүрлеп өндіріп алатыны белгіленген. Қағидалардың 152 және 156-тармақтарына сәйкес банк жөнелтушіде төлем құжаттарын орындау үшін қажетті ақша сомасы болмағанда не жеткіліксіз болғанда оларды картотекаға орналастырады. Төлем құжаттарын картотекаға қою кезінде банк клиенттің банктік шот бойынша шығыс операцияларын картотекадағы төлем құжаттары бойынша міндеттемелер толық өтелгенге дейін не оларды қайтарып алғанға дейін тоқтата тұрады. Осылайша, клиенттің банктік шоттан ақша ала алмауына банк шотына орындалмаған төлем құжатының болуы да себеп болады”, – деп мәлімдеді Ұлттық банк.
Мұндай жағдайда банк шотындағы шығыс операциялары картотекадағы төлем құжаттары бойынша міндеттемелер толық өтелгеннен кейін қайта басталады.
Ұлттық банктің бұл жауабын Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті де растады.
“Салық заңнамасына сәйкес, егер салық төлеушіде (жеке тұлға) мемлекеттік кірістер басқармасына салықтық берешегі бар болса және атқарушылық іс жүргізу басталған жағдайда, жеке сот орындаушы жеке тұлғаның банк шоттарына тыйым салуы мүмкін. Бұл жағдай "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Кодексінің 128-бабына сәйкес және “Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" заң аясында жүзеге асырылады. Заңының 32-бабының 2-тармағына сәйкес жеке сот орындаушы жеке тұлғаның банк шоттарына тыйым салу құқығы қарастырылған”, – делінген хабарламада.
Осылайша, жеке сот орындаушысының шешімі негізінде банк шоттарына тыйым салынған болса, жеке тұлға депозиттегі қаражатын ала алмайды.

1 теңге салықтық қарызы үшін депозиттен ақшасын ала алмаған: Қазақстандық әйел банктен қаржы алу кезінде тап болған қиындығын айтты
