Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Денсаулық сақтау минитсрлігі онкологиялық ұйымдардың 30 миллиард теңгеден астам негізсіз пайда алғанын мәлімдеді

Денсаулық сақтау министрлігі 2024 жылы медициналық ұйымдарда онкологиялық пациенттерге медициналық көмек көрсетуге талдау жүргізіп, 6 ұйымда медициналық көмек көрсетудің бекітілген стандарттары мен қағидаларының бұзылғанын және 18 миллиард теңгеден астам сомаға қаржылық заң бұзушылықтардың анықталғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Министрлік мәліметінше онкологиялық орталықтар 2023 жылы 31,8 миллиард теңгеден астам пайда алған. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтерге тариф белгілеу туралы бұйрыққа сәйкес тарифтер пайда алуды, сондай-ақ негізгі құралдарды сатып алуға арналған шығыстарды көздемейді. 

“Пайда алу үшін емдеуге жатқызу жағдайларын жасанды түрде бөлшектеу фактілері, есептен шығарылған және тағайындалған химиялық препараттардың сәйкес келмеуі, ұсынылған жағдайлардың емдеу стандарттарына сәйкес келмеуі және тарифтердің нақты шығындардан асып кетуі анықталды. Осылайша, қолданыстағы тарифтер мен төлем әдістері мемлекеттің ақшалай қаражатының медициналық ұйымдардың шоттарына заңсыз ағынына ықпал етті”, – делінген хабарламада. 

Анықталған заңсыздықтар бойынша 6 басшы тәртіптік жауапкершілікке тартылып, оның 2-і атқаратын лауазымдарынан босатуға ұсынылған. Тексеру материалдары құқықтық бағалау үшін құзыретті органдарға беріледі. 

“Қазіргі уақытта әрбір мемлекеттік теңге барынша тиімді пайдаланылуы және барлық қаражат медициналық көмекке мұқтаж пациенттерге жетуі үшін нақты қадамдар жасалуда. Бюджет қаражатын орынсыз пайдалануға жол бермеу үшін шұғыл шара ретінде денсаулық сақтау министрлігі алқа отырысы барысында онкологиялық қызметтің клиникалық-шығынды топтары бойынша базалық мөлшерлемені 20%-ға төмендету туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ, тарифтерді неғұрлым нақты оңтайландырумен осы ұйымдардың қызметтеріне ақы төлеу тетігін қайта қарау жоспарланып отыр”, – деп қосты министрлік өкілдері. 

Сондай-ақ министрлік қаражаттың пайдаланылуын бақылауды күшейткен. Медициналық ұйымдардың қаржылық қызметіне тұрақты мониторинг және аудит жүйесі енгізілді. Бұл бюджет қаражатын орынсыз пайдалану жағдайларын жедел анықтауға және жоюға мүмкіндік береді екен. 

Талқылау