"Демімізді ұстап тұрдық": Даулы суреттен кейін семейлік депутаттарға айыппұл салынды
Семейде бетпердесіз суретке түскен қалалық мәслихат депутаттарына санитарлық нормаларды бұзғаны үшін айыппұл салынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Arnapress.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Семей мәслихатының жаңа шақырылымы депутаттарының топтық фотосуреті қызу талқыланды. Депутаттар екі нұсқада суретке түскен. Соның бірінде олардың бәрі маскасын шешкен. Көпшілік карантин шаралары сақталмағынына наразылығын білдірді.
Кейін дау тудырған фотосуреттерге қатысты Семей қалалық мәслихатының хатшысы Бейсенбек Ақжалов түсініктеме берді: "Біздің (депутаттар) арамызда екі-үш білікті дәрігер бар, олар егер біз демімізді 30 секунд ұстап тұрсақ, дем алмасақ, бізді бірден суретке түсіретінін айтты. Масканы шешіп, суретке түсіріп, бірден тақтық".
Семей қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы резонансты фотосуреттің барлық кейіпкерлеріне айыппұл салынғанын хабарлады.
"Санитарлық талаптарды бұзған жеке тұлға ретінде әркім ақы төлеуі керек. Айыппұл сомасы - 30 АЕК, бұл шамамен 85 мың теңге", - деп нақтылады қаланың бас санитар дәрігері Берік Тілебалдин.
Айта кету керек, фотодан бірнеше шенеунікті де байқауға болады: Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов пен оның орынбасары Айдар Садырбаев. Олар депутаттар сияқты жауапкершілікті өз мойнына алуы керек, деді дәрігер.
"Айыппұлды төлеуге бір ай уақыт бөлінеді, бірақ егер жеті күн ішінде өтесе, оның жартысын төлей алады", - деді Берік Тілебалдин.
Мәслихат депутаттары санитарлық дәрігердің әлеуметтік желілердегі мәлімдемесіне реакция білдірді. Мәселен, Арман Машимов дүйсенбіде қолхат алған бойда маскасыз суретке түскені үшін айыппұл төлеуге уәде берді.
Ал "Ауыл" партиясынан сайланған депутат Қайрат Смағұлов айыппұлды төлеп қойыпты. Бұл туралы ол Facebook парақшасында хабарлады.