"Демалыс құны қымбаттайды": Қазақстандық туроператорлар өздеріне салынатын тағы бір салыққа қарсы
Мемлекеттік кірістер комитеті енді туристік операторлар алған барлық ақшаны табыс деп есептеп, соның 20 пайызын қазынаға аударуға міндеттеді. Ал Қазақстанның туристік қауымдастық өкілдері туроператорларға мұндай корпоративтік табыс салығының қолданылғанына түбегейлі қарсы. Айтуларынша, егер бұлай қарыз іле берсе, демалыс ұйымдастыру қызметі қымбаттайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: сюжет кадрларынан скрин
Туристік қауымдастықтың мәлімдеуінше, бүгінде 70-ке жуық компанияға мемлекеттік кірістер комитетінен 100-ден астам хабарлама келген. Онда аттарына 20 миллиард теңгеге дейін қарыз жазылған. Бұл берешек туроператорлардың корпоративтік табыс салығын төлемегені үшін жиналған екен. Туристік ассоциацияның директоры бұл шаралардың заңсыз екенін айтты.
“Салық органдары шетелге жіберілген қаржының бәрін туроператорлардың табысы ретінде есептеген. Негізі бұл дұрыс емес. Себебі шетелге кеткен ақша ол туристікі. Қаржының 95 пайызы клиенттің қонақ үйіне, қыдыруына, шетелдегі қызметтерге төленеді. Сонда біздің операторларға пайда көп емес. Табысты шетелдегі серіктестерінен комиссия алу арқылы табады. Яғни, елімізден тыс жерде түсіп отыр. Бірақ салықты есептегенде бұл ескерілмеген”, – деді Қазақстандық туристік қауымдастығының директоры Рашида Шәйкенова.
Туристік қауымдастық өкілдерінің айтуынша, салықшылар қазақстандық операторларды шетелдік компанияларға табыс әкелуші санайды. Сол үшін де салық төлеуге міндетті.
“Кейбір салық төлеуші бұл шешімге шағым білдіріп, хабарламаның күшін жоюға тырысып жатыр. Біздің тараптан Қаржы министрлігі мен мемлекеттік кірістер комитетіне шешімдерін кері қайтару ұсынылды. Өйткені бүгінде тағы бір салықтың пайда болуы туризмге кері әсер етуде. Мәселен, қазір есепшоттары бұғатталып, кәсібі тоқтап жатқан туроператорлар бар”, – деді Қазақстандық туристік қауымдастықтың департамент басшысы Зоя Карсунцева.
Қауымдастық директорының пайымынша, салықшылар шешімін қайта қарастырмаса азаматтар үшін шетелде демалу құны шарықтап кетуі мүмкін. Одан бөлек, туризм саласындағы көп кәсіптің жабылуына да себеп болады. Ал бұл мәселеге қатысты мемлекеттік кірістер комитетінің өзі әзірге жауап бермеді.