Демалыс күні жұмысқа шақырса, бармауға құқығыңыз бар ма? Заңгер түсіндіріп берді
Кейбір қызметкер демалыс немесе мереке күні жұмысқа шақырғанда “бас тартсам, жұмысымнан айырылып қалам ба?” деген сұрақ уайымдайды. Атаулы даталарда жұмысқа шақыру қаншалық заңды? Бас тартуға бола ма? Stan.kz тілшісі бұл сұрақтарға адвокат Нұрсұлтан Нұрлановтан нақты жауап алды.
Демалыс және мереке күндері қызметкерді жұмысқа шақыру заңды ма?
Адвокат Нұрсұлтан Нұрлановтың айтуынша, Еңбек кодексінің 85-бабы бойынша, жұмыс беруші қызметкерді демалыс немесе мереке күні тек жазбаша келісімімен ғана жұмысқа шақыра алады. Сәйкесінше қызметкер рұқсат бермесе, ол күні жұмыс істеуден бас тартуға толық құқылы. Бұл әрекеті үшін ешкім оған ескерту жасап немесе тәртіптік жаза қолдана алмайды. Бұл заңды бұзу болып есептеледі.
Алайда кейбір ерекше жағдайда жұмыс беруші қызметкерді келісімінсіз-ақ жұмысқа тартуға құқылы. Мұндай жағдайлар Еңбек кодексінің 86-бабында көрсетілген және оларға мыналар жатады:
— Төтенше жағдайлар (мысалы, жер сілкінісі, су тасқыны, өрт);
— Өндірістік апат немесе оның алдын алу;
— Жазатайым оқиға болып, тергеп-тексеру жүргізу қажет болса;
— Мүліктің жойылуын немесе бүлінуін болдырмау қажет болғанда;
— Ұйымның немесе оның бөлімшесінің жұмысын жедел түрде қалпына келтіру үшін күтпеген, шұғыл тапсырмаларды орындау қажет болса.
Осы жағдайларда жұмыс беруші қызметкерді дереу жұмысқа шақырып, оның келісімін күтпей-ақ жұмысқа тартуы заңды болып саналады.
Демалыс және мейрам күні жұмыс істесеңіз, қанша төленуі керек?
Еңбек кодексінің 109-бабына сәйкес, қызметкер демалыс немесе мереке күні жұмыс істесе, оған жоғарылатылған ақы төленуге тиіс. Атқарған жұмысы үшін жалақысы әдеттегі күнмен салыстырғанда кемінде 1,5 есе көп болуы керек.
Мысалы, Айгүл есімді қызметкердің бір күндік жалақысы — 10 000 теңге. Егер ол мереке күні жұмыс істесе, сол күн үшін 15 000 теңге алады. Ал еңбек немесе ұжымдық шартта бұл күнге екі есе төлем қарастырылса, Айгүлге 20 000 теңге төленеді.
Мұндай төлем тәртібі еңбек шартында немесе ұжымдық келісімде көрсетілуі қажет. Компаниялар бұл мөлшерді көбейте алады, бірақ заңда белгіленген міндетті деңгейден аз төлеуге құқығы жоқ. Қызметкер төлемнің орнына басқа күні демалыс алуға да келісе алады. Бұл жағдайда жұмыс беруші оған ақылы демалыс беруге тиіс. Мұндай келісім де екі тараптың жазбаша келісімімен рәсімделеді. Бұл талаптар қашықтан жұмыс істейтіндерге де толық қолданылады.
Қызметкер демалыс немесе мереке күніндегі жұмысы үшін ақысын ала алмаса, не істеу керек?
Заңгердің сөзінше, қызметкер демалыс немесе мереке күні жұмыс істегенімен, оған қосымша ақы төленбесе, бұл – еңбек заңнамасын бұзу болып есептеледі. Мұндай жағдайда қызметкердің бірнеше заңды әрекет ету мүмкіндігі бар. Ең әуелі жұмыс берушіден жазбаша түрде ресми түсініктеме сұрауға және тиісті төлемді талап етуге болады. Бұл – мәселені жұмыс орнында бейбіт жолмен шешудің алғашқы қадамы.
Егер жұмыс беруші төлем жасаудан бас тартса немесе жауап бермесе, қызметкер Еңбек инспекциясына шағым түсіре алады. Инспекция жұмыс берушінің әрекетінің қаншалық заңды екенін тексеріп, қажет болған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартуы мүмкін. Сонымен қатар, қызметкер сотқа жүгінуге де құқылы. Сот арқылы Еңбек кодексіне және еңбек шартына сәйкес өзіне тиесілі еңбекақыны өндіріп алуға болады. Мұндай жағдайда жалақыдан бөлек моральдық зиянды өтеу немесе сот шығындарын жұмыс берушіден талап ету мүмкіндігі де бар. Ең бастысы – барлық әрекет мен өтініш жазбаша түрде рәсімделуі керек, себебі дәлелдер мен құжаттар еңбек дауын шешуде маңызды рөл атқарады.
Компаниялар бұл талаптарды өзгерте ала ма?
Әрбір жұмыс орны өзінің ішкі ережелері мен ұжымдық шарттарына сай кейбір қосымша жеңілдіктерді немесе артық төлемдерді белгілей алады. Мысалы, мереке күні жұмыс істегені үшін 1,5 емес, 2 есе немесе тіпті одан да көп мөлшерде ақы төлеуді қарастыра алады. Немесе қосымша демалыс күндерімен өтеу тәртібін нақтылап көрсетуі мүмкін.
Алайда, мұндай өзгерістер қандай да бір жағдайда Еңбек кодексінде көрсетілген ең төменгі кепілдіктерден төмен болмауға тиіс. Яғни, заңмен бекітілген құқықтар мен төлемдер — міндетті норма, ал жұмыс беруші тек оны жақсарта алады, бірақ кеміте алмайды.
Шетелдік компаниялар да бұл заңды орындауға міндетті ме?
Қазақстанда тіркелген кез келген компания елдің еңбек заңнамасын орындауға міндетті. Дегенмен кейбір ұйымдардың ішкі ережелері мен ұжымдық шарттарында қосымша демалыс күндері белгіленуі мүмкін. Бұл, әсіресе, шетелдік құрылтайшылар басқаратын компанияларда жиі кездеседі. Мысалы, егер компания ұжымы үшін маңызды мәдени немесе кәсіби күндер болса, оларды ішкі құжаттар арқылы қосымша демалыс ретінде белгілеуге болады. Мұндай күндер заң бойынша міндетті демалыс болып саналмайды, бірақ жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы келісім негізінде беріледі. Яғни, бұл күндер Қазақстандағы ресми мерекелерге қосымша ретінде қарастырылады және тек ұйым ішіндегі ереже немесе шарт арқылы реттеледі.
Қай күндер демалыс және мереке күн болып саналады?
Еңбек кодексінің 84-бабында қызметкерге берілетін демалыс күндері нақты көрсетілген. Жұмыс аптасы бес күндік болса, қызметкерге аптасына екі күн демалыс беріледі. Бұл жағдайда жексенбі — жалпы демалыс күні, ал екінші демалыс күні еңбек шарты немесе ұжымдық келісім арқылы анықталады. Әдетте сенбі демалыс саналады. Ал алты күндік жұмыс аптасында тек бір демалыс күні қарастырылған — бұл жексенбі.
Мемлекеттік немесе ұлттық мереке күндері демалыс күніне түссе, келесі жұмыс күні демалыс күні болып ауыстырылады. Бұл – қызметкерге мерекені толық көлемде демалып өткізуге мүмкіндік беру үшін енгізілген норма.
Елімізде мемлекеттік және ұлттық мерекелердің барлығы демалыс күні болып саналады:
1-2 қаңтар - Жаңа жыл;
8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні;
21-23 наурыз - Наурыз мейрамы
1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі мерекесі;
7 мамыр - Отан қорғаушы күні;
9 мамыр - Жеңіс күні;
6 шілде - Нұр-Cұлтан күні;
30 тамыз - Қазақстан Республикасының Конституциясы күні;
1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні.
16-17 желтоқсан - Тәуелсіздік күні (жалғыз ұлттық мереке).

"Тегін тамақ беріп, емдік шөптің тамырын тауып әкелді": Оңтүстік Кореяға ем іздеп барған қазақстандық қыз күтпеген жерден кәріс ата-әже тауып алған
