Декрет демалысына жібермей қойған: Жамбыл облысында полиция қызметкері департамент басшылығын сотта жеңіп шықты
Жамбыл облысында полиция қызметкері өзін декрет демалысына жібермей қойған басшылығын сотта жеңіп шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: polisia.kz
Арызданушы полиция қызметкері 2023 жылдың жазында дүниеге келген қызының күтімі үшін полиция департаментіне декрет демалысын беру туралы арызбен жүгінген. Алайда басшылық жеке құрам қызметкерлерінің жетіспеуіне байланысты арызды қанағаттандырудан бас тартқан.
Сот арызданушының науқас баланы күту бойынша уақытша еңбекке жарамсыздық парағы бар екенін анықтады. Ал полиция департаментінің жеке құрамның жетіспеушілігі, көптеген бос лауазымдар бар екені туралы дәлелдерді дәрменсіз деп тапты.
"Сот полиция департаментінің әрекеттерін заңсыз деп таныды, талап қоюшыға 3 жасқа толғанға дейін бала күтуіне байланысты демалыс беруді міндеттеді”, – делінген сот хабарламасында.
Жамбыл облыстық соты қызметкер жынысына және басқа жағдайларға қарамастан декреттік демалысқа шығуға құқылы екенін атап өтті.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда декрет демалысындағы әйелдердің төлемдері қысқартылатыны туралы жазған едік.