Депутат Дәулет Тұрлыхановтың тойда жүрген ұлы қайтадан сотқа тартылады
Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат қайтадан сотқа тартылатын болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Алматы қалалық сотының мәліметінше, Нұрасыл Болатқа қатысты материалдар сотқа келіп түсті.
"Нұрасыл Болаттың ісі бойынша материалдар Алматы қаласы Медеу ауданының №2 аудандық сотына келіп түсті. Қазіргі уақытта материалдар сотта тіркеліп жатқандықтан, қарау мерзімі әлі белгіленген жоқ", – делінген хабарламада.
Еске салайық, жақында ғана депутат Дәулет Тұрлыхановтың сотталған ұлы Алматыда туған күн кешінде көзге түскен еді.
Айта кетейік, бұған дейін ақпан айында заңгер Анна Димитриевич күйеуі Олег Чернов екеуін Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл соққыға жыққанын мәлімдеді. Көп ұзамай оның үстінен ҚР ҚК-ның 293-бабы “Бұзақылық” бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алғашында депутаттың ұлы айыппұлмен құтылғанымен, кейін Жоғарғы сот оған бас бостандығын шектеу жазасын берді.
Бұған дейін де желіде мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың бас бостандығы шектелген ұлы Нұрасыл Болаттың түнгі уақытта көшеде жүрген видеосы тараған еді.