"Пайдасын қазіргі жастар мен болашақ ұрпақ көреді": Тоқаев 6 қазандағы референдумды "айтулы уақиға" деп бағалады
Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумында сөз сөйлеп, алдағы уақытта елде өтетін референдум жөнінде пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Тоқаевтың айтуынша, дауыс беру нәтижесіне қарамастан, референдум елдегі айтулы оқиға болмақ.
"Орайлы сәтті пайдаланып, бірқатар өзекті мәселеге тоқталғым келеді. Бірнеше күннен кейін өтетін жалпыұлттық референдумда халқымыз Қазақстанда атом электр станциясын салу қажет пе, әлде қажет емес пе деген мәселені шешеді. Дауыс беру нәтижесі қандай болса да, бұл – айтулы уақиға. Алдағы референдум – Қазақстанда соңғы бес жылда болған ауқымды өзгерістердің тағы бір мысалы, "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасының жарқын көрінісі. АЭС құрылысына қатысты өз ұстанымымды бұған дейін бірнеше рет айттым. Әлемдегі прогрестен шет қалмау үшін біз бәсекелестікте өз артықшылықтарымызды пайдалануымыз керек. Азаматтар қолдап дауыс берген жағдайда, бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады”, – дейді мемлекет басшысы.
Президент өз сөзінде атом электр станциясын салу ұзақмерзімді жоба екенін атап өтті. Ал оның пайдасын қазіргі жастар мен болашақ ұрпақ көреді дейді.
“Демек, оның пайдасын қазіргі жастарымыз бен болашақ ұрпақ көреді. Осы ретте АЭС құрылысына қолдау білдіріп жатқан Халықтық штабтың жұмысын ерекше атап өткім келеді. Штаб саяси партиялар мен түрлі қоғамдық ұйымдардың өкілдерін, сондай-ақ ғалымдарды, сарапшыларды, өндіріс мамандары мен кәсіпкерлерді біріктірді. Азаматтардың ұйысып, ортақ іске жұмыла кірісе алатынын көрсетеді. Дамуға ұмтылыс – ұлтымыздың ең жақсы қасиеттерінің бірі. Сондықтан біз ешқандай қиындыққа қарамастан, алға қарай батыл қадам басуымыз керек. Тағы да қайталаймын. Алдағы референдум тәуелсіздік жылдарындағы ең маңызды уақиға болады және еліміздің одан әрі дамуына тікелей әсер етеді"”, – деп қосты президент.