Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дастан Сәтпаев: Батылдық пен сенімділік жетіспеді

футболФото:”Қайрат” фк

Алматылық “Қайрат” клубы Чемпиондар лигасының 5-турында сырт алаңда “Копенгагенге” қарсы матчта 2:3 есебімен жеңілді. Ойыннан кейін жас шабуылшы Дастан Сәтпаев матчқа қатысты пікірін білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 1bol.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл ойында Дастан Сәтпаев гол соғып, Чемпиондар лигасы тарихында гол соққан ең жас үш футболшының қатарына енді.

“Шынымды айтсам, ол сәтті алдын ала жоспарлаған жоқпын. Қақпашының допты тым алысқа жіберетінін іштей сезіп, ойланбастан бірден жүгіруге шешім қабылдадым”, – деді ол.

Сонымен қатар Сәтпаев бірінші таймда да гол соғуға мүмкіндігі болғанын, алайда тәжірибенің аздығы кедергі болғанын атап өтті.

“Иә, мүмкіндіктер болды. Бірақ тәжірибе жетіспеді. Сонымен бірге біртүрлі сақтық байқалды. Енді осы ойындарды талдап, қателерімізді түзетуіміз керек. Тәжірибе жинаған сайын мүлде басқа деңгейде ораламыз”, – деді шабуылшы.

Бұған қоса, ол батылдық пен сенімділіктің аз болғанын да жасырмады.

“Иә, соңында бізге мүмкіндік берілді. Бірақ ойынға тым кеш кірістік. Батылдық пен сенімділік жетіспеді. Сондықтан талдау жасап, келесі матчтарды алғашқы минуттардан-ақ агрессивті бастауға дайындаламыз”, – деді Сәтпаев.

Айта кетейік, бұл ойында “Копенгаген” 3:2 есебімен жеңіп, Чемпиондар лигасы турнирінде 29-орынға көтерілді. Ал алматылық клуб 35-орынға төмендеді. Енді “Қайрат” 9 желтоқсан күні “Астана Аренада” Грекияның “Олимпиакосына” қарсы ойнайды.

Ақерке Өмірхан
Жұма, 28 Қараша, 2025 12:00