Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дәрігер ыстықтан қорғану жолдарын айтты

Аптап ыстық тағы бірнеше күнге созылады. Елорда дәрігерлері осы кезеңде тұрғындарды өз денсаулығына мұқият болуға шақырады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі қала әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

күн

№10 қалалық емхананың жалпы практика дәрігері Наргиз Абдурайымованың айтуынша, ауа райына сәйкес киіну керек. Тар немесе тырысып тұратын киімдерді таңдамаған абзал, ең дұрысы ақшыл түсті, жеңіл, кең тұратын және ауа өткізетін матадан тігілген киімдер киген жөн.

"Мұндай ауа райында таңертең жұмысқа шығар алдында душ қабылдау керек. Суы салқындау, алайда қолайлы температурада болуы қажет. Осылайша адам ағзасы біршама салқындайды", — деп кеңес береді

Сондай-ақ дәрігердің ұсынысы бойынша серуендеу үшін таңертеңгі 10-ға дейінгі және күндізгі 17:00-ден кейінгі қауіпсіз уақытты таңдаған дұрыс. Күннің қатты ыситын кезеңі — сағат 11:00-17:00 аралығы. Егер осы кезеңде көшеге шығу қажет болса, онда жолдың көлеңке жағымен жүрген дұрыс. Ашық жерде екі сағаттан артық жүрер болса адам басынан күн өтіп кетуі мүмкін.

"Мұндай кезде адамда жүрек айну, бас айналу және жүрек соғуының жиілеуі мүмкін. Терісінің түсі бозарса, бұл – жылу соққысының, ал қызарса – күн өтіп кеткеннің белгісі. Егер мұндай белгілер пайда болса, көлеңке жерге немесе ғимарат ішіне кіріп демалып, мүмкіндігінше көп су ішу керек", — деп түсіндірді дәрігер.


Алдағы күндері 45 градусқа дейін ыстық болады


Дәрігердің айтуынша, сусын таңдағанда қарапайым су немесе жеміс сусыны мен компот ішкен дұрыс екен. Ал шай ішетін болсаңыз, оны бөлме температурасына дейін салқындатқан дұрыс.

"Аптап ыстықта тамақты көп ішпеген дұрыс. Бірақ аш жүрмеу керек, ең дұрысы әр екі-үш сағат сайын жақсы тамақтану қажет. Тамақ ыстық емес әрі жеңіл болуы керек. Ет пен балықтың майсыз түрі, салқындатылған сорпа, көкөніс пен жеміс жеуге болады. Қуырылған тағамдар мен алкогольден аулақ болып, сондай-ақ қою шай, кофе, әсіресе газдалған тәтті сусындарды қолданбаған абзал", — дейді Наргиз Русланқызы.

Қорытындылай келе, дәрігерлер бөлмені жиі желдетіп, күн қатты ысыған кезде терезелерді қалың матамен жауып қоюды кеңес етті.

Айнұр Мұхади
Сенбі, 03 Шілде, 2021 16:03
Талқылау