Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Дәрігер-гастроэнтеролог адам ағзасына қандай көкөністер мен жемістердің зиян екенін айтты

Көкөністер мен жемістерде витаминдер, минералдар, антиоксиданттар және жасұнық (клетчатка) бар. Бұл заттар бүкіл ағзаның қалыпты жұмыс істеуі үшін қажет болғанымен, олардың кейбіреулері асқазан-ішек жолына теріс әсер етуі немесе аллергия тудыруы мүмкін. Қандай көкөністер мен жемістерді шектеген дұрыс. Бұл туралы медицина ғылымдарының кандидаты, гастроэнтеролог Екатерина Кашух Gazeta басылымына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 


Маманның айтуынша, құрамында крахмал жоқ көкөністер ең пайдалы болып саналады. Бұл қырыққабаттың әртүрлі сорттары, гүлді қырыққабат, брокколи, сондай-ақ қияр, цуккини, шпинат, балдыркөк, жапырақты салаттар, ақжелкенді қоса алғанда, барлық көктің түрлері. Оларда калориялар мен көмірсулар аз. Құрамындағы табиғи нитраттар иммунитетті, қалыпты салмақты ұстап тұра алады. Сондай-ақ жүрек-қан тамырларын нығайтуға ықпал етеді. 

"Картоп, жүгері, асқабақ секілді крахмалды көкеністердің пайдасы жоқ. Олардың құрамында көмірсулар көп және қандағы қант деңгейін арттырады. Бірақ бұл көкөністерді диетадан толығымен алып тастауға болмайды. Қант диабетімен ауыратындар мен артық салмақтан арылғысы келетіндер сақтықпен пайдаланылуы керек", - деп ескертті Екатерина Кашух.

Гастроэнтерологтың айтуы бойынша, қызанақ, бұрыш, баклажан секілді көкөністерге де сақтықпен қарау қажет. 

"Бұл көкөністерде аз мөлшерде улы зат бар. Кейбір адамдарда аллергия пайда болуы және тағамды қорыта алмауы мүмкін. Бұндай жағдайда ішектің тағамды қорытуы қиындайды. Бұл іштің ауыруы, диарея сияқты белгілермен байқалады. Аллергиялық реакция болған жағдайда қышыну, ауыз қуысында және теріде қызару пайда болуы мүмкін. Дегенмен бұл көкөністерді пайдаланбай қоюға болмайды. Олардың құрамында С, А, Е, К дәрумендері көп. Фолий қышқылы, калий, магний және антиоксиданттар бар", - деді ғылым кандидаты.

Сонымен қатар ол жемістер мен жидектердің кейбір түрлеріне қызыға бермеу керектігін атап өтті. Мәселен, құлпынай, таңқурай, банан және цитрус жемістерінің құрамында гистаминнің көп мөлшері бар.

"Бұл зат қан тамырларын кеңейтеді және аллергияға ұқсас белгілерді тудырады. Егер бұл жемістерді көп жесе, олар аллергиялық реакцияларға бейім емес адамдарға да қатты әсер етуі мүмкін", - дейді дәрігер. 

Гастроэнтеролог диетаны таңдағанда, жеке денсаулық жағдайына ыңғайлай отырып, әртүрлі рационды пайдалануды ұсынды. Диета да әртүрлі көкөністер мен жемістер неғұрлым көп қосылса, денеге соғұрлым көп пайда әкеледі.

Айнұр Мұхади
Жұма, 09 Маусым, 2023 12:46
Талқылау