Қазақстанда өсіп, Тәжікстанда төмендеп жатыр: ТМД елдерімен қосылған құн салығын салыстырып көрдік
Қазақстанда қосылған құн салығы 16% болып бекітілді. Үкімет бұл шешім арқылы мемлекет бюджетіндегі қаржыны көбейтетінін мәлімдеп отыр. Stan.kz ақпарат агенттігі ТМД-ның басқа елдерінде қосылған құн салығы мөлшерлемесін шолып, салыстырып көрді.
Жаңа Салық кодексі бойынша, Қазақстандағы қосылған құн салығының мөлшерлемесі 12%-дан 16%-ға дейін көтерілді. Ал қосылған құн салығы бойынша міндетті тіркеудің шекті мөлшері 79 миллион теңгеден 40 миллион теңгеге дейін төмендетілді. Яғни қаражат айналымы 40 миллион теңгеден асқан кәсіпкерлер қосылған құн салығын төлеуге міндеттеледі.
Бірақ кейбір тауар мен қызмет түрлері бұл салықтан босатылады. Мысалы, экспортталатын тауарға, халықаралық тасымалға, арнайы экономикалық аймақтардағы жеткізілімге, қоспалардан тазартылған алтынға және халықаралық рейстерге арналған әуе жанармайға құн салығы салынбайды. Сонымен қатар биыл үкімет ең қажет және әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмектен құн салығын алып тастады. Бірақ 2026 жылдан бастап басқа да медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмекке қосылған құн салығы 5%, 2027 жылы тағы 5% өседі.
Министрлік қосылған құн салығын мөлшерлемесін көтеру арқылы бюджет тапшылығын азайтуды жоспарлап отыр. Бірақ қаржы сарапшысы Арман Бейсенбаевтың айтуынша, салық арқылы жиналған қаражат тиімді жұмсалмаса, нәтиже болмайды. Оған қоса ҚҚС мөлшерлемесі көтерілгеннен кейін, кәсіпкерлерге қиын соғып, кейбірі жабылып немесе көлеңкелі экономикаға кетуі мүмкін. Соның салдарынан елде инфляция да күшейеді.
“Жыл соңына қарай инфляция 13-15%-ға жетуі ықтимал. Бұған қосылған құн салығының өсуі, жанар-жағармай мен коммуналдық тарифтердің қымбаттауы әсер етеді. Ал инфляция күшейсе, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтеріп, несиелер де қымбаттайды”, – дейді сарапшы.
Министрлік бұған дейін елде болған қосылған құн салығының мөлшерлемесі ТМД мемлекеттері ішіндегі ең төменгі көрсеткіш екенін алға тартты. Біз бұл мәлімдеменің қаншалық рас-өтірік екенін тексеріп көргіміз келді. 2025 жылы ТМД елдері арасында қосылған құн салығының ең жоғары мөлшерлемесі – Ресейде, Беларусьте және Арменияда. Бұл елдерде құн салығы 20%-ға тең. Ең төменгі мөлшерлеме – 12%.
2019 жылдан бастап Ресейде қосылған құн салығының негізгі мөлшерлемесі 18%-дан 20%-ға өсті және кейінгі алты жылда өзгермеді. Ол кезде Ресей президенті Путин мөлшерлемені елдегі энергия бағасының тұрақсыздығынан бюджетті қорғау үшін және салық деңгейін басқа елдермен теңестіру үшін керек екенін мәлімдеген. Ал сарапшы Максим Барышевтің айтуынша, Ресейдегі қосылған құн салығы мөлшерлемесі Ресей мен Украина арасындағы соғыстан кейін бұл елге салынған санкциялардың қысымынан соң және әскери бюджетті қайта толтыру үшін өскен.
Дегенмен тауарларды экспорттау, халықаралық тасымалдар, кедендік транзит, Қырым, Севастополь, Калининград пен Қиыр Шығысқа жасалатын ішкі рейстер, теңіз арқылы экспорттық тауарларды тасымалдау, ғарыш техникасы мен ғарышты зерттеуге қатысты қызметтер, сондай-ақ асыл металдар мен алмаздарды мемлекетке, банктерге, сонымен қатар халықаралық ұйымдар мен елшіліктерге көрсетілетін қызметтер мен жеткізілетін тауарларға, Duty-Free дүкендеріндегі сауда және экспорттық не транзиттік жүктерді теміржолмен тасымалдау кезінде де ҚҚС мөлшерлемесі 0%-ға тең.
Беларусьте қосылған құн салығы (ҚҚС) негізінен 20% болып бекітілген. Бірақ тауарлар мен қызметтер шетелге экспортталса, жүк тасымалдау халықаралық автокөлікпен жасалса, электромобильдер ЕАЭО елдеріне сатылса немесе шетелдік ұйымдардың тапсырысымен ұшақтар жөнделсе, онда ҚҚС 0% болады. Ал кейбір азық-түлік, балаларға арналған тауарлар, газет-журналдар, білім, мәдениет пен ғылымға арналған кітаптар және медициналық тауарларға салық 10% етіп төмендетілген.
Молдовада да қосылған құн салығының стандарт мөлшерлемесі – 20%. Дегенмен бұл елде де жеңілдіктер бар. Мәселен, мейрамхана кәсібімен айналысатындар қосылған құн салығын 6% мөлшерлемемен төлей алады. Мұндай мүмкіндік елдегі энергетикалық дағдарысқа байланысты беріліп отыр.
Арменияда ҚҚС мөлшерлемесі – 20%. Алайда бірқатар операцияларға құн салығы салынбайды. Бұл металл қоспаларынан басқа экспорттық тауарларға, ЕАЭО елдеріне жеткізілетін тауарларға, халықаралық жүк тасымалдарына, халықаралық авиациямен байланысты қызметтерге, Duty-Free сияқты дүкендерге және дипломатиялық жеткізілімдерге қатысты. Сонымен қатар Арменияда білім беру, ғылыми зерттеулер, балалар мен қарттармен, мүгедектігі бар адамдарға қамқорлық жасау, медициналық қызметтер мен медициналық тауарлар сатылымы сияқты кейбір әлеуметтік және қоғамдық қызметтерден ҚҚС алынып тасталған. Қайырымдылық қызметтері, рәсімдер мен діни қызметтер, қаржылық операциялар, гуманитарлық жобалар мен халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық та ҚҚС төлемейді.
Қырғызстанда 12% қосылған құн салығы салынады. Бірақ металл рудалары мен қорытпалардан басқа тауарлар экспортталғанда, кейбір халықаралық тасымалдар болғанда, транзиттік әуе рейстеріне қызмет көрсету мен шетелдік рейстерге билет сатқанда құн салығы алынбайды. Ал электр энергиясы мен газды халықаралық келісімдер аясында жеткізетіндер, ауыл шаруашылық өнімдерін шетелге шығару үшін өңдейтіндер, аурухана, мектеп, спорт кешені сияқты халыққа қажет нысандарды салатындар, ҚҚС төлемейді.
Сонымен қатар кейбір қызмет түрлері ҚҚС-дан мүлде босатылған. Мысалы: пәтер алу, оны жалға беру, жер телімін беру, дәрі-дәрмек сату, исламдық қаржыландыру, жеке емханалардың қызметі, банктердің операциялары және тағы басқа.
2019 жылы Өзбекстан қосылған құн салығын 20%-дан 15%-ға, 2023 жылдан бастап 12%-ға төмендетті. Бұл ТМД елдері ішіндегі ең төменгі мөлшерлеме болып саналады. Бұл көршілес елде экспорт тауарларға және кей халықаралық тасымалдарға құн салығы қолданылмайды. Өзбекстан Мемлекеттік салық комитеті төрағасының орынбасары Мубин Мирзоевтің айтуынша, елдегі бизнеске дем беріп, көлеңкелі экономиканы қысқартуға бағытталған. Ал мемлекеттік бюджеттегі қаржы тапшылығын азайтып алмас үшін салық жүйесін цифрландыруды және кейбір жеңілдіктерді алып тастауды дұрыс деп санаған.
Әзірбайжанда қосылған құн салығының (ҚҚС) негізгі мөлшері – 18%. Алайда бұл елде шетел гранттары мен несиелер есебінен қаржыландырылатын жобаларға, алтын мен бағалы заттарды Орталық банкке жеткізгенде, тауарларды шетелге шығарғанда, халықаралық тасымалдарда және дипломатиялық өкілдіктерге арналған тауарлар мен қызметтерде мүлдем құн салығы салынбайды.
Қазақстан үкіметі қосылған құн салығының пайызын жоғарылатуды қолға алып жатса, Тәжікстанда, процесс керісінше жүріп жатыр. 2024 жылы Тәжікстанда ҚҚС 18%-дан 14%-ға төмендеген. Бұл ел қолма-қол ақша арқылы салық төлейтіндерге 15%, ал қолма-қол ақшасыз, онлайн түрде қаржылай операцияны іске асырып, салық төлейтіндерге ҚҚС-ны 14% етіп төмендетті. Осылай, үкімет электрон, онлайн түрде қаржы транзакциясын іске асыратындарды көбейтуді мақсат еткен. Оған қоса Тәжікстан 2027 жылдан бастап онлайн қаржы транзакциясын жасайтындар үшін негізгі мөлшерлемені 13%, ал қолма-қол ақша ұстайтындар үшін керісінше жоғары етуді жоспарлап отыр.
Жалпы құн салығы тауарлар мен қызмет түріне қарай 5-14% аралығында қарастырылып отырады екен. Мысалы, білім беру мен медицина қызметтеріне 5%, ал елдегі құрылысқа, қонақүй, қоғамдық тамақтану саласына 7% ғана салынады.
Түрікменстанда ҚҚС мөлшерлемесі – 15%. Дегенмен бұл мемлекетте мұнай мен газдан басқа тауарларды экспорттағанда, құн салығы салынбайды.

"Омыртқасы сынып, мүгедек болып қалды": Қытайда жүк тасушы компания қазақстандықтың биіктен құлауына себепкер болған
