"Омыртқасы сынып, мүгедек болып қалды": Қытайда жүк тасушы компания қазақстандықтың биіктен құлауына себепкер болған
Фото: Гаухар Рақишеваның жеке архивінен
Қазақстандық Ермек Тұрсынбек 5 мамыр күні жүк көлігімен Қытайдағы "Алашанкоу" кеден бекетіне жүк тиеуге барған. Алайда сол жердегі қызметкерлер одан қауіпсіздік талаптарына қайшы болса да, жүктің үстіне мініп, тауарды өзі байлауын талап еткен. Осы сәтте ер адам құлап кеткен немесе біреу оны итеріп жіберді деген күдік бар. Осылайша ер адам ауыр жарақат алып, мойын, кеуде және бел омыртқалары бірнеше жерден сынған. Отандасымызға алғашқы көмек көрсетілмей, қазір хәл үстінде жатыр. Қызы Гаухар Рақишева Stan.kz тілшісіне алдағы уақытта заңгерлер мен қазақстандықтардың көмегі керек екенін айтып берді.
“Ешқандай шағымы жоқ деген қолхатқа қол қойсын”
Гаухар Рақишеваның айтуынша, әкесі Ермек Тұрсынбек 2025 жылғы 5 мамырда жүк көлігімен Қытай Халық Республикасындағы Алашанкоу шекара бекетіне тауар тиеуге барған. Алайда "Чжунхан" компаниясының қызметкерлері одан жүктің үстіне өзі мініп, тауарды байлауды талап еткен. Қызы сол жердегі қызметкерлердің қызметкерлердің бұл жұмыстың қауіпті екенін біле тұра, неліктен оған тапсырғанын түсінбейді. Қызының сөзінше, әкесі құлап кеткен немесе біреу оны итеріп жіберген.
"Қытайға жұмыс бабымен барып, ары қарай сол жерден жүкті жеткізу үшін жолға шығуы керек еді. Жүкті сондағы қызметкерлер өз қоймаларында тиеп жатқан. Бірақ олар жүктелген прицепті толық жаппаған, бәрін дұрыс бекітпеген. Сол кезде әкеме "Көлікті қоймадан шығарып қой" деген. Әкем болса, "Көлікті бекітетін белдікті өздеріңіз тартып қоймайсыздар ма? Бұл сіздердің жұмыстарыңыз ғой" деп айтқан. Әкем өте сабырлы, үндемейтін, мейірімді адам болғандықтан, бәлкім, "жарайды" деп өзі тартып қойған болар. Ол кезде ауа райы да жүк тиеуге қолайсыз болған екен", – деді Гаухар Рақишева.
Жәбірленуші тараптың айтуынша, олар күн сайын нақты ем-дом үшін төлем жасап отыр. Алда күрделі операция күтіп тұр. Гаухар Рақишеваның сөзінше, зардап шеккен азамат отбасындағы жалғыз асыраушысы.
Гаухар 6 мамырда оқиға орнына барған туыстары жүк көлігінің орнында болмағанын айтады. Кейінірек қайта барған кезде көліктің сол жерге қайта әкелінгенін байқаған. Айтуларынша, Қытайлық компания қызметкерлері көлікті оқиға орнынан алып кетіп, ішіндегі жүктің бір бөлігін түсіріп, кейін қайта орнына қойған. Бұл әрекеттің бейнематериалы да бар екен. Видеода көліктің бастапқыда болмағаны және кейін қайтарылғаны анық көрінеді.
"Содан кейін олар, яғни компания қызметкерлері, жүк көлігінің иесіне "Қазір құжаттарды дайындаймыз, туыстары бізге ешқандай шағымы жоқ деген қолхатқа қол қойсын" деген. Бірақ бұл жағдайдың шын мәнінде олардың кінәсінен болғаны анық. Олардың міндетіне жүкті тиеу, бекіту, қауіпсіздігін қамтамасыз ету кіреді. Себебі бұл Қытай Халық Республикасының аумағындағы, нақтырақ айтқанда, олардың қоймасындағы процесс. Ал жүргізуші тек келеді де, жүкті алып кетеді. Әкем оларға бұл жұмысты өздерің істеңдер дегенде, олар "Жоқ, өзің байлап кет" деп мәжбүрлеген. Сол себепті мен бұл оқиғаға толықтай компания кінәлі деп есептеймін. Бірақ оны дәлелдеу өте қиын", – деді жәбірленушінің қызы әкесі туралы.
"Жауапкершілік алмаймыз"
Гаухар Рақишева әкесінің омыртқасы зақымданғанын, соның ішінде мойын бөлігі, кеуде бөлігі және бел бөлігінің бәрі сынып, ығысып кеткенін айтады. Ең ауыр жарақат кеуде омыртқасының сынуы дейді қызы. Сонымен қатар жұлынға да зақым келіп, белден төмен жақ сал болып қалған, ешнәрсе сезбейді екен.
"Дәрігерлердің айтуынша, ол өмір бойы арбада отыруы мүмкін, реабилитация да көмектеспейді деген. Алғашқы көмек те көрсетілмеген. Оны Боро-Тала деген жерге алып кеткен. (Қытай Халық Республикасының Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданындағы Боро-Тала моңғол автономиялық префектурасының атауы) Сол жерге барғанда өмірім тоқтағандай күй кештім. Бірақ ешқандай көмек көрсетілген жоқ, себебі оларда қажетті мамандар болмаған. Олар "Бізде операция жасайтын мамандар жоқ", "Жауапкершілік алмаймыз" деді. Сондықтан оны Боро-Тала Үрімжі қаласына жеткізуге мәжбүр болдық. 6 мамырда таңғы сағаттарда жедел жәрдем көлігімен апарылды. Үрімжіде оған операция жасау үшін туыстарының келісімі қажет болғандықтан, жақындарын күтіп отырды", – деді Гаухар Рақишева.
Әкесі мен қызы таңертеңнен бастап ауруханада болғанымен, кейін бұл мекеменің мемлекеттік емес, жеке меншік клиника екені анықтаған. Қазір Гаухардың әкесі Қытайдың Үрімжі қаласындағы Синьцзян медициналық университетінің ауруханасында, омыртқа хирургиясы бөлімінің жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр.
"Қазір әкемді зонд арқылы тамақтандырып жатыр. Аурухана дәрі-дәрмек пен қажетті заттарды туыстарынан сұрайды. Сол себепті ағам олар айтқан заттарды сатып алып апарып береді. Бірақ ағам әкемді көре алмайды тек күніне бір рет немесе екі күнде бір рет қана көруге рұқсат береді. Дәрігерлер "жағдайы тұрақты" деп айтқанымен, ол әлі жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы өте ауыр, нақты ешнәрсе айтылмайды. Қолымызға әзірге ешқандай құжат та берген жоқ. Диагноз көрсетілген ресми қорытынды да берілмеді. Аурухананың аты, құжаттары бәрі толыққанды берілмей отыр", – деді Гаухар.
“Операциядан кейін бізден 60 мың юань талап етті”
Гаухар Рақишеваның айтуынша, әкесінің еміне төлем күн сайын жасалып жатыр және ол өте қомақты. Қаражат ағасының атына ашылған арнайы банк картасы арқылы аударылып, сол жерден клиника өкілдері күн сайын өздері алып отырады. Бастапқыда медициналық шығындар күніне 5 мыңнан 10 мың юаньға дейін болады деп ескертілген. Алайда науқас жансақтау бөлімінде жатқандықтан нақты шығын одан да көп.
"Қазір күн сайын шамамен 150 мыңнан 300 мың теңгеге дейін қаражат жұмсалып отыр, бірақ нақты сома белгісіз әр күні әртүрлі, ал аурухана нақты есеп бермейді. Палатаға ауысқанда шығын азаяды деген үміт бар. Отаның өзіне де бастапқыда 5 мың доллар шамасында (шамамен 2,8 миллион теңге) болады деген. Біз де сол сомаға есептеп отырдық. Бірақ операциядан кейін бізден 60 мың юань талап етті, бұл 4,5 миллион теңгеге жуық. Яғни бастапқы айтылған сома мен нақты төленген қаражат арасында үлкен айырмашылық бар. Олар бізге ешқандай прайс-лист (баға тізімі) немесе құжаттық түрде бекітілген құжат бермеді. Барлық төлем тек нақты сома шыққаннан кейін, факт бойынша жүзеге асып отыр", – деді Гаухар Рақишева.
Гаухар Рақишева бастапқыда қаржылай көмек сұрау ойда болмағанын айтады. Алғашқы күндері өз қаражаты мен туыстарының көмегі жеткілікті болған дейді. Жәбірленушінің қызы алда ұзақ оңалту кезеңі тұрғанын және ол да үлкен қаражатты талап ететінін айтады. Сондықтан қазір отбасы көмек жинауды қарастырып отыр.
Фото: Гаухар Рақишеваның жеке архивінен
"Компания, өкінішке қарай, олар жауапкершілікті мойындарына алғысы келмей отыр. Қазақстанның Қытайдағы консулдығына хабарластым, Бейжіңге де, Үрімші қаласындағы виза-паспорт орталығына да қоңырау шалып, байланыс орнаттым. Олар әкемнің жағдайын біліп, ауруханаға барып, оны жансақтау бөліміне ауыстырды. Менің түсінуімше, олар бастапқыда палатада ұстағысы келіп, реанимацияға ауыстырғысы келмеген. Сылтау ретінде орын жоқ деп айтқан", – деді Гаухар Рақишева.
“Консул “Біз ешнәрсе істей алмаймыз” деді”
Зардап шеккен Ермек Тұрсынбекке консул тарапынан көрсетілген жалғыз көмек осы болған. Гаухар Рақишева консулдыққа "Бәлкім, сіздер өздеріңіз барып, көмектесерсіздер?" деп өтініш те білдіріпті. Себебі ағасы қытай тілін білмейді екен.
"Консулдықтың міндеті шетелде жүрген Қазақстан азаматтарының мәселесін шешуге көмектесу емес пе? Олар кемінде аудармашы беріп, компаниямен сөйлесіп, мәселені шешуге тырысуы керек еді. Бірақ олар "Біз ешнәрсе істей алмаймыз" деді. Тек паспорт-визалық орталықтағы бір жігіт адвокаттың нөмірін берді. Адвокатпен ағам байланысып, кездесуге келіскен. Бірақ дәл кездесетін күні адвокаттың телефоны сөндірулі болды. Басқа ешқандай көмек көрсетілген жоқ. Бұдан бөлек консулмен сөйлесіп, одан операция, емдеу шаралары өткеннен кейін әкемді Қазақстанға жеткізуге көмектесуін сұрадым. Яғни медициналық тасымалдау үшін Қазақстанға ресми хат жолдауын өтіндім. Ол маған "Бұл операция мен ем аяқталғаннан кейін ғана жүзеге асады, барлық құжаттар қажет болады" деп жауап берді", – деп қынжылды отандасымыз.
Гаухар бұл жағдайдан барынша көп адамның хабардар болғанын қалайды. Себебі әкесі Қытайда ауыр жағдайда жатыр, ал ем жалғасуы үшін күн сайын ірі көлемде төлем жасалуға тиіс. Егер ақша түспесе, дәрігерлер әкесін реанимациядан шығарып, емдеуді тоқтатуы мүмкін.
Гаухар Рақишева бастапқы күндері халықтың қолдауымен қажетті қаражат жиналғанын, ол үшін шын жүректен алғыс білдіреді. Дегенмен ол қазір ақша тоқтап тұрғанын айтады. Көмек көрсету үшін реквизиттер: 💳 Kaspi Gold: +7 (777) 856-82-38, Гүлмира Бекжанова (әйелі)
"Біздің басты уайымымыз оны Қазақстанға тасымалдауға да, басқа бір мемлекеттік ауруханаға ауыстыруға да мүмкіндік жоқ. Өйткені операцияны осы дәрігерлер жасады, оның денсаулығы жайлы барлық ақпарат тек солардың қолында. Қазір бізге ең маңыздысы оның толық емделіп, қалпына келуі. Ал бұл үшін, әрине, қаржы қажет", – деді Гаухар Рақишева.
Сонымен қатар Гаухар қауіп-қатері жоғары салада жұмыс істейтін адамдарға ресми келісімшартпен жұмыс істеп, міндетті сақтандыруы болуы керек екенін ескертеді.

"Омыртқасы сынып, мүгедек болып қалды": Қытайда жүк тасушы компания қазақстандықтың биіктен құлауына себепкер болған
