Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дәленов Қазақстан экономикасы алдағы 5 жылда қандай болатынын айтты

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов алдағы 5 жылға экономикалық даму жоспарын ұсынды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Сіздердің қарауларыңызға 2025 жылға арналған нақтыланған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы енгізіліп отыр. Болжамды нақтылаудың негізгі факторлары мыналар болып саналады. Бұл - 2019 жылғы жалпы ішкі өнім бойынша өзектендірілген есептік деректер, жыл басынан бергі жедел деректер, мұнай өндірудің жоспарын түзету, сондай-ақ әлемдік нарықтағы мұнайдың бағалануы. Яғни 2019 жылғы өзектендірілген жалпы ішкі өнім көлемі 0,9 триллион теңгеге артып, 69,5 триллион теңге болды Бұл осы жылғы болжамды есептеу базасын ұлғайтты", - деді министр.

Министр биылғы жылы экономикалық өсім болмағанымен, келесі жылға үлкен үміт артылып отырғанын айтты.

"Әлемдік экономика өсімі халықаралық ұйымдардың консенсус-болжамы бойынша осы жылы минус 5 пайыз болды, ал 2021 жылы экономика өсімі күтіліп отыр. Халықаралық ұйымдар Қазақстан экономикасының нақты өсімін осы жылы минус 2,3 пайыздан минус 2 пайызға аралығында бағалайды. Олар келесі жылға тұрақты өсімді болжайды. Экономика секторларының қазіргі үрдістерін ескере отырып, біздің бағалауымыз бойынша 2020 жылғы нақты жалпы ішкі өнімнің өсімі минус 2,1 пайыз болады", - деді Дәленов.

Сондай-ақ, Руслан Дәленов мұнай бағамына болжам жасап, өзінің ұсыныстарын білдірді.

"Мұнайдың есептік бағасын ескере отырып, болжамдық бағаны 20 доллардан 40 долларға дейін арттыру ұсынылады. Қаңтар-қыркүйекте мұнайдың орташа бағасы бір баррель үшін 42 доллар болды. Нақтыланған жоспар бойынша мұнай өндіру көлемі 85 миллион тонна болады", - деді министр.

Оның айтуынша, алдағы жылдары еліміздегі тауарлар экспорты 45,5 миллиард долларға дейін артады, ал импорт 33,8 миллиард доллар болады.

"Осылайша, оң сауда теңгерімі 3,2 миллиард долларға ұлғайып, 11,7 миллиард доллар көлемінде болжанып отыр", - деді ол.

Еске салсақ, осыған дейін мәжіліс кепілдендірілген трансферт туралы заң жобасын мақұлдағаны туралы айтқан болатынбыз. 

Талқылау