Дәл кинодағыдай: Жас жігіт есінен айырылған сүйіктісін күн сайын өзіне қайта ғашық етуде
Жапонияда 24 жастағы Мурияма мен жігіті Ли Хуаю екі жарым жыл бойы кездесіп жүрген. Олар шаңырақ көтеруді жоспарлаған екен. Алайда 9 ай бұрын болған жайт олардың өмірін түпкілікті өзгертті.
Мурияма жол апатына ұшырап, салдарынан комаға түскен. Бойжеткен есін жиғаннан кейін өзіне жақын адамдарды танымапты. Олардың ішінде сүйіктісі де бар, деп жазады Oddity Central басылымына сілтеме жасап Stan.kz.
Қыздың денесіндегі жаралар жазылғанымен, есі кірмеді. Нәтижесінде үйлену тойы кейінге қалдырылды. Десе де Ли күндердің күнінде сүйіктісі өзін есіне түсіретініне сенген.
Алайда арада бірнеше ай өткеннен кейін бойжеткеннің жағдайы мүлде нашарлап кеткен. Ол күні кеше болған жайттарды ұмытып қала беретін болған. Сондықтан күн сайын жақындарымен қайта танысады.
Осының салдарынан Мурияма Лиге қарым-қатынасты тоқтатып, қош айтысуды ұсыныпты. Бірақ жігіт үзілді-кесілді бас тартты. Ол екеуімізге қатысты естеліктерді ұмытса да, жаңасын құруымызға еш кедергі жоқ, дейді Ли.
Ал дәрігер Муриямаға кешке күні бойы не болғанын жазып жүруге кеңес беріпті. Сонда өзіне жеңіл болады, деп ойлайды медицина қызметкері.
Бірде бойжеткен ем-дом қабылдаған уақытында өзіне не болғанын оқып шығуды ұйғарған. Осы кезде ол Лидің өзіне деген махаббаты мен адалдығына қайран келіпті. Мұнан кейін ол Лиге ұсыныс жасаған. Өз кезегінде жігіт қуана келісті.
«Амнезия маған Лиге қайта ғашық болуыма көмектесті. Мен тағы да жадымнан айырылсам да, оған қайта ғашық болатынымды білемін», – дейді Мурияма.
Мурияма мен Ли өмірлеріндегі қиындықтарға қарамастан, бірге қалуды ұйғарды. Дәрігер бойжеткеннің жағдайы одан сайын нашарлауы мүмкін екенін ескерткенімен, ғашықтар ештеңеден қорықпайтындарын айтады.
Ғашықтардың жантебірентерлік оқиғасы желі қолданушыларының есіне «50 алғашқы сүйіс» фильмін түсірді.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

"Ізімнен қалмай, бөксемді ұстады": Елордалық қыз сауда орталығында келеңсіз жайтқа тап болғанын айтты
