Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дабыл жүйесі іске қосылып, Құрбан айт тойланады: 1 маусымнан бастап Қазақстанда не өзгереді

Ел тұрғындары маусым айында Құрбан айтты тойлайды. Жаздың алғашқы айы қазақстандықтар үшін тағы не дайындады? Маусым айындағы ең маңызды өзгерістер мен жаңалықтардың тізімін назарыңызға ұсынамыз.

Фото: Stan.kz/copilot.microsoft.com

"Балаларды қорлағаны үшін жауапқа тартылады"

16 маусымда Қазақстанда "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң күшіне енеді. Түзетулер кәмелетке толмаған баланы қорлау (қорқыту, кибербуллинг) үшін жауапкершілікті қарастырады: ескерту немесе 10 АЕК (36 920 теңге) көлемінде айыппұл салу. Бір жыл ішінде қайталағаны үшін – 30 АЕК (110 760 теңге) көлемінде айыппұл салынады.

12-16 жас аралығындағы жасөспірім бұзақылыққа барса, оның ата-анасына ескерту немесе 10 АЕК көлемінде айыппұл төлеуіне тура келеді.

Ата-анасының немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз бара жатқан 16 жасқа толмаған жасөспірімді қоғамдық көліктен мәжбүрлеп шығарсаңыз, 5 АЕК (18 460 теңге) көлемінде айыппұл салуға болады.

Әйелдерді тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан қорғау туралы заң күшіне енеді

16 маусымнан бастап "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтарын және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң күшіне енеді. Енді ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру үшін әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Зорлық көрсеткен адам азаптағаны үшін 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін 2 жылға дейін ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. 

Сонымен қатар педофилия және кәмелетке толмаған баланы өлтіргені үшін ол өмір бойына бас бостандығынан айырылады. Заңға енгізілген өзгерістер өзін өзі өлтіруге итермелеу немесе өзін өзі өлтіруге көмектесу үшін қылмыстық жауапкершілік артылады. Бұл үшін олар үш жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Егер кәмелетке толмағандардың өз-өзіне қол жұмсауына түркі болса, 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Бұдан бөлек заңда жаңа құқық бұзушылық қатысты "өзін-өзі өлтіруге үгіттеу" бабы енгізілді. Бұл үшін қылмыскерге 200 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Егер өз-өзіне қол жұмсау болса, қылмыскер 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Ұйымдардағы кейбір құжаттарды сақтау мерзімі өзгереді

2024 жылдың 1 маусымынан бастап ұйымдарда кейбір құжаттарды сақтау мерзімі өзгереді. Мәдениет және ақпарат министрінің 2024 жылғы 15 мамырдағы бұйрығына сәйкес мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың қызметінде қалыптастырылатын үлгілік құжаттар тізбесіне өзгерістер енгізілді.
Ұйым сақтауы керек:
•    негізгі (өндірістік) қызмет бойынша – үнемі қағаз және электронды түрде;
•    жеке құрам бойынша (қабылдау (тағайындау, оқуға қабылдау), жұмыстан шығару (шығару), ауыстыру бойынша – қағаз және бірдей электрондық құжаттарда 75 жыл;
•    жеке құрам бойынша (іссапарларда, демалыстарда, жоғарылатуларда, біліктілігін арттыруда, тәртіптік жаза қолдану және алып тастауда, аттестацияда, білім беруде, атақтарды (атақтар) беру, тегін (әкесінің атын), наградаларын, жалақысын, үстемеақыларын, төлемдерін, жәрдемақыларын өзгерту) – электронды құжат түрінде 5 жыл сақтау қажет.

Магистратураға түсуге арналған тестілеуге тіркеу басталады

Қазақстанда 1 маусымнан бастап магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге тіркеу басталады. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады. Тіркелу ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында 2024 жылғы 8 шілдеге дейін жүргізіледі. Тестілеудің өзі 20 шілде мен 10 тамыз аралығында өтеді.

Тіркелу кезінде түсуші тестілеуді тапсыру қаласын өз еркімен таңдайды. Үміткерлер өтініштерді қабылдау мерзімі аяқталғанға дейін (8 шілдеге дейін) білім беру бағдарламаларының тобы, тілі және тестілеуді тапсыру орны бойынша өтінішке өзгерістер енгізе алады. Тестілеуді өткізу күні туралы ақпарат түсушінің жеке кабинетінде 13 шілдеде қолжетімді болады.

Ғылыми-педагогикалық магистратураға түсу үшін кешенді тестілеу электрондық форматта өткізіледі және үш бөлімнен тұрады: шет тілі бойынша тест, оқуға дайындығын анықтауға арналған тест және білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест. Барлығына 3 сағат 55 минут беріледі.

Фото: Stan.kz / copilot.microsoft.com

Медициналық қызметтердің тарифі өзгереді

Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметтерге тарифтерді кезең-кезеңімен көтеруді бастағанын мәлімдеді. Ведомство медициналық қызметтердің тиімсіз тарифтерін қайта есептегенін атап өтті.

Осылайша 1 маусымнан бастап жүкті әйелдерге, сонымен қатар стационарлық жағдайда жатқан балаларға шұғыл медициналық көмек көрсететін ұйымдар үшін тарифтер көтеріледі.

Құрсақ қуысы хирургиясы, инфекция, неврология, гастроэнтерология, кардиология, травматология-ортопедия, нефрология, эндокринология, онкогематология сияқты басқа да бірқатар салалар бойынша тарифтерді кезең-кезеңімен көтеру жоспарланып отыр.

Министрліктің дерегінше, тарифтерді көтеру азаматтардың медициналық көмек алуға өз қалтасынан шығатын шығындарын қысқартады, сондай-ақ медициналық ұйымдардың соңғы жылдары жинақталған инфляциялық шығындарын өтейді және денсаулық сақтау саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз етеді.

Mass Alert жер сілкінісін ескерту жүйесі іске қосылады

Премьер-министрдің баспасөз қызметі Алматыда 1 маусымға дейін жер сілкінісі туралы хабарлау жүйесін пилоттық режимде енгізу жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

Осылайша төтенше жағдай туындаған кезде азаматтарды уақтылы хабардар ету үшін "Жаппай дабыл" жүйесі пилоттық режимде енгізіледі.

Алматы әкімінің мәліметіне сүйенсек, халықты хабардар ету желіге қосымша жүктемені тудырмайтын және базалық станция антенналарының қамту аймағындағы барлық абоненттерді дереу және жаппай хабардар етуге мүмкіндік беретін Cell Broadcast технологиясы арқылы жүзеге асырылады.

Фото: Stan.kz / copilot.microsoft.com

Disney және Pixar фильмдері қазақ тіліне аударылады

Биылдан бастап Disney және Pixar студиялары үлкен экранға шығатын негізгі фильмдерін қазақ тіліне өз есебінен аударып, ұсынады. 

Қоғам белсендісі Рауан Кенжехан өзінің Facebook парақшасында "Ойжұмбақ 2" анимациялық фильмі, "Моана 2" шытырман оқиғасы мен "Муфаса: Арыстан патша" көркем фильмдері осы маусымнан бастап қазақша көрсетілетінін жеткізді.

Оның айтуынша, Disney жыл сайын әр фильмнің түрлі тілдерге аударылған 30-ға жуық нұсқасын дайындайды.

Солардың қатарында қазақ тілінің болуы – тіліміздің мәртебесін көтеріп, тартымдылығын арттырады. Танымал фильмдердегі сүйікті кейіпкерлердің қазақ тілінде сөйлеуі – біздің жас көрерменге үлкен олжа. 

Қазақ тілінде еркін сөйлейтіндер де, тілді енді үйреніп жүргендер де сапалы дубляждалған фильмдер арқылы тілге бойлай түсетіні анық. Алғашқы аударылған жоба релизі 14 маусымға жоспарланған.

Алматыдан Өзбекстанға жаңа бағытта ұшақ қатынайды

Өзбекстанмен арада тағы бір жаңа бағытта әуе рейсі ашылды. "Uzbekistan Airways" әуе компаниясы Алматы-Нүкіс әуе бағыты бойынша тұрақты рейстерді орындайды. 

Көлік министрлігі рейстер географиясын кеңейту мен қолданыстағы бағыттар бойынша рейстер санын арттыру мақсатында тұрақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Алдағы уақытта Өзбекстанмен арада жаңа бағытта әуе рейсі ашылды. Осылайша, "Uzbekistan Airways" әуе компаниясы биыл 1 маусымынан бастап жаңа Алматы-Нүкіс әуе бағыты бойынша тұрақты рейстерді орындайды. Жолаушылар аптасына екі рет (сәрсенбі және сенбі күндері) 174 орындық "Эйрбас-А320" ұшағымен Алматыдан Нүкіс қаласына қатынай алады. Жаңа әуе жолының ашылуы екі ел арасындағы сауда-экономикалық, іскерлік, туризм саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді.

Алматылықтар Маскат пен Санкт-Петербургке тікелей ұша алады

Ал 1 маусымнан бастап Алматыдан Санкт-Петербургке ұшуға болады. Рейстерді "Россия" әуекомпаниясы (Аэрофлот тобы) аптасына төрт рет: дүйсенбі, сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері орындайтын болады.

18 маусымнан бастап Омандық Salam Air компаниясы Алматы – Маскат (Оман астанасы) бағыты бойынша рейстерді қалпына келтіруді жоспарлап отыр.

Рейстер аптасына екі рет және сейсенбі және жұма күндері 180-230 орындық Airbus A320/A321 ұшақтарында орындалады.

Құрбан айт мейрамы тойланады

2024 жылы Құрбан айт 17 маусым, дүйсенбіге сәйкес келеді. Осылайша қазақстандықтар Құрбан айтта 3 күн демалады: 15, 16 және 17 маусым.

Ал бес күн жұмыс істейтіндер маусымда 11 күн демалады:

1, 2, 8, 9, 15, 16, 17, 22, 23, 29, 30 маусым.

Алты күн жұмыс істейтіндер маусымда 6 күн демалады:

2, 9, 16, 17, 23, 30 маусым.

Айта кетейік, мұсылмандардың айтулы мерекелерінің бірі Құрбан айт Ораза аяқталғаннан кейін 70-күні келеді. Ай күнтізбесі бойынша есептеулер жыл сайын шамамен 10 күндік айырмашылықпен өзгереді.

Араб тілінен аударғанда мерекенің атауы “Құрбан мейрамы” дегенді білдіреді. Бұл күні мұсылмандар малдың бірін, яғни қой, сиыр, қошқар немесе түйені құрбандыққа шалады.

Талқылау