Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Санкциялар мен күш қолдану мәселені шешпейді – Тоқаев

Бүгінгі сын-қатерлермен күресу үшін ізгі ниет, диалог және ынтымақтастыққа сүйену керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезінде айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Соңғы бірнеше онжылдықтардағы табиғи апаттар, әсіресе климаттың өзгеруімен және олардың салдарымен байланысты өзгерістер шамамен 3 трлн АҚШ долларына бағаланды. Оған қоса, өкінішке орай, сенімсіздік, шиеленістер мен қақтығыстар халықаралық қатынастарға қайта оралды", - деді Президент "Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің пандемиядан кейінгі кезеңдегі адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы рөлі" пленарлық отырысында.

Өз сөзінде Мемлекет басшысы бұл мәселелерде не нәрсеге сүйену керектігін айтты.

"Бүгінгі сын-қатерлермен күресу үшін біз не нәрсеге сүйене аламыз? Тарих бір ғана жауап береді – ізгі ниет, диалог және ынтымақтастық. Табысқа жетудің басқа баламасы жоқ. Қазақстан әрдайым келіспеушіліктерді БҰҰ Жарғысы рухында келіссөздер үстелінде реттеуге тырысты. Санкциялар, санкциялар қаупі және күш қолдану ешқашан мәселені шешпейді", - деді Қ. Тоқаев.

Сондай-ақ президент гуманизм идеалдары мен берік рухани құндылықтарды ілгерілетуге шақырды. Оның айтуынша, жаңа технологиялар адам өмірінің барлық саласын түбегейлі өзгертіп жатыр. Пандемия бұл үдерісті жылдамдатып, күшейте түсті.

"Біз цифрлық технологиялардың әсерімен қоғамның бөлшектеніп, көзқарастар қайшылығы күшейе бастағанын байқап отырмыз. Виртуалды әлем көптеген адам үшін шынайы әлемнің орнын алмастыра бастады. Сондықтан жаңа цифрлық заманда рухани құндылықтар мен адамгершілік қасиеттер туралы мәселені қайта күн тәртібіне қою керек", - деді Тоқаев астанада өтіп жатқан съезде.

Ол жас ұрпаққа жүйесіз берілетін ілім мен білім адамзатты жалпы даму мен жақсылыққа апармайтынын атап өтті. Ал дін барлық кезеңде өзінің негізгі тәрбие беру қызметін атқарды.

"Құран, Інжіл, Таурат және басқа да қасиетті кітаптар гуманизм, жанашырлық және мейірімділік идеяларына толы. Олар агрессияны жақтамайды, радикализмді қабылдамайды, зорлық-зомбылықты айыптайды, толеранттылық пен ұстамдылыққа шақырады. Қазіргі заманда діндер көшбасшыларының жоғары миссиясы – адамдарға осы маңызды ақиқатты жеткізу", – деді мемлекет басшысы.

Айта кетсек, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі екі күнге созылады. Шараға елу елден 100-ден астам делегация, оның ішінде ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, зороастризм, синтоизм діндерінің өкілдері, сондай-ақ саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйым мүшелері келген.

Діни форумға Рим Папасы Францисктен бөлек, Әл-Азхардың Жоғарғы имамы Ахмед Мохаммед Ахмед ат-Тайеб, Иерусалим Патриархы III Теофил, Ашкеназдың бас раввині Давид Лау, Израильдің Бас сефард раввині Ицхак Иосиф және басқа да діни жетекшілер, бірқатар халықаралық ұйым өкілдері қатысып жатыр.

Талқылау