Чемпиондар лигасының жартылай финалына шыққан командалар белгілі болды
Футболдан Чемпиондар лигасының ширек финалдық ойындары аяқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz
Жартылай финалға алғаш болып испандық “Барселона” футбол клубы жолдама алды. Каталонияда өткен ойында “блаугранос” ойыншылары Дортмундтың “Боруссия” клубын 4:0 есебімен жеңіп, жолдама тағдырын бірінші ойында шешіп тастаған еді. Алайда жауапты кездесуде өз стадионында “сарылар” барын салды. Қарсылас қақпасына үш гол соқты. Дегенмен испандықтар бір гол соғып, жалпы есепте гол санын ұлғайта түсті. Қорытынды есеп 3:1. Екі ойын нәтижесі 3:5, Барселона жартылай финалда.
Ширек финалдағы ең тартысты кездесулердің бірі француздық “ПСЖ” мен ағылшынық “Астон Вилла” командалары арасында болды. Қос команда арасындағы бірінші ойын париждік команданың стадионында өтті. Ішкі чемпионаттың тағдырын бірнеше тур бұрын шешіп тастаған астаналықтар бұл ойынға тың шықты. “Парк де Пренс” стадионында 3:1 есебі тіркелді. Алғашқы ойында “ПСЖ” жеңіске жетті.
Жауапты кездесуде Унаи Эмери шәкірттері барын салды. Бирмингемде өткен ойынға көрермен көп жиналды. “Вилла Парк” стадионында ине шаншар орын болмады. Жанкүйерлердің көңілін қалдырмауға тырысқан футболшылар да барын салды. Бас бапкер Эмери бұрынғы командасына қарсы жақсы тактика құра алды. Алайда Луис Энрике командасы алғашқы таймда екі гол соқты. Екінші кезеңде “вилландар” үш доп салып көрермен үмітін оятты. Бірақ ары қарай “Астон Вилланың” гол соғуға шамасы жетпеді. Нәтижесінде бұл ойын 3:2 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды. Қорытынды есеп 4:5, тартысқа толы ойында “ПСЖ” келесі кезеңге өтті.
Жарыстың екінші күнінде командалар тағы екі команда жолдама үшін таласты. Ағылшындық тағы бір клуб “Арсенал” Чемпиондар лигасының ең атақты командасы испандық “Реал Мадридке” қарсы ойнады. Лондонда өткен алғашқы ойында “зеңбірекшілер” корольдік клубты 3:0 есебімен тас талқан жеңген еді.
Жауапты кездесуде әлем жанкүйерлері мадридтік командадан керемет камбэк күтті. Себебі де жоқ емес. Клубтар арасындағы кәрі құрлықтың басты бәсекесін 15 рет жеңген испандықтар соңғы жылдары камбэк жасаудың шебері болып алған еді. Сол үшін де фанаттар өз командасынан үміт үзбеді.
Алайда былтыр ғана осы жарыста 15-рет кубокты көтерген Карло Анчелотти шәкірттері биыл жарысты ширек финалдан аяқтады. “Сантьяго Бернабеу” стадионында өткен жауапты кездесуде “Арсенал” тағы да жеңіске жетті. Қорытынды есеп 2:1, екі ойын нәтижесінде 5:1 есебі тіркелді. Осылайша лондондық команда 2009 жылдан кейін араға 16 жыл салып, жартылай финалға қайта шықты.
Ширек финалдың соңғы ойынында италяндық “Интер” мен немістің “Бавариясы” кездесті. Мюнхенде өткен алғашқы ойында алаң иелері жеңіліс тапқан еді. Құрамында Джамал Мусиала, Дайо Упамекано, Альфонсо Дэвис секілді негізгі ойыншылары жарақат алып қалған неміс машинасына “Сан Сиродағы” жауапты кездесу де оңайға соқпады. “Қызылдар” таблода алғаш есеп ашқанымен, жеңісті ұстап қала алмады. Бұл ойында тең нәтиже тіркелді. Есеп 2:2, Мюнхендегі жеңіс арқасында “Интер” жартылай финалға шықты. “Бавария” өз стадионында өтетін финалдық ойынға жолдама ала алмады.
Осылайша ширек финалдық ойындар өз мәресіне жетті. Енді жартылай финалда “Интер” мен “Барселона”, “ПСЖ” мен “Арсенал” командалары жолығады. Алғашқы ойындар 30-сәуір мен 1-мамырда өтсе, жауапты кездесулер 7-8-мамырға жоспарланған.
2025 жылғы Чемпиондар лигасының финалдық ойыны 1-маусымда Мюнхендегі “Альянц Арена” стадионында өтеді.