ЦентрКредит Банкінің басшысы: Бірыңғай QR қолма-қол ақшасыз төлем жасауды баршаға қолжетімді етеді

Алматыда қаржы технологиялары мен цифрлық экономиканы дамытуға арналған ірі fintech іс-шараларының бірі Central Asia Fintech Summit 2025 өтті. Шараға Қазақстанның ірі ЕДБ өкілдері, Ұлттық банк төрағасы, сондай-ақ Орталық Азияның жетекші финтех-компаниялары мен төлем жүйелері қатысты.
Форумның басты алаңдарының бірі «Банкаралық QR: Клиент тәжірибесінің жаңа бейнесі» атты пленарлық сессия болды. Онда ЦентрКредит Банкінің президенті Руслан Владимиров банкаралық QR-кодтың болашағына қатысты ой қозғады. Ол бірыңғай төлем стандарты бизнестің қолын ұзартып, клиент жолын жеңілдететінін және Қазақстан экономикасының цифрлануына үлес қосатынын атап өтті.
Бизнес үшін ыңғайлы және тиімді
ЦКБ басшысының айтуынша, бірыңғай QR – тек жаңа технология емес, банктер, кәсіпкерлер және сатып алушылар арасындағы өзара іс-қимылды түбегейлі өзгертетін қадам.
“Кәсіпкерлер үшін бұл жай ғана төлем қабылдаудың жаңа тәсілі емес, түсінікті, ашық әрі үнемді модель жүйесіне деген жасаған қадамы болмақ. QR нарықты әділ әрі жеңіл етеді: бизнес енді ыңғайлылық пен тиімділік арасында таңдау жасамайды. Төлемдерді тез, қауіпсіз, артық жабдық пен шығынсыз қабылдауға болады. Бұл шағын бизнестің тасын өрге домалатудың айқын құралы”, – деді Руслан Владимиров.
Сөзінше, QR-төлемдер тек сауда жасауды ыңғайлы етіп қана қоймай, сатылым көлемін де арттырады. Өйткені клиент үшін бұл төлем тәсілі етене жақын.
“Клиент QR көргенде ойланбайды, яғни ол телефонын алып, QR-ды сканерлейді де төлейді. Бұған бірнеше секунд кетеді әрі төлемді кез келген банктің қосымшасымен жүзеге асыруға болады. Кәсіпкер затын тезірек сатады, кезек те тез қозғалып, ал клиент риза болып, сауда жасауға қайта оралады. Біз QR қолдану шағын сауда орындарының да айналымын арттырып жатқанын көріп отырмыз”, – деді ол.
Баршаға ортақ қарапайым тәсіл
Банк президенті тұтынушылардың QR арқылы төлем жасауға үйреніп кеткенін, сол себепті де төлемнің бірыңғай стандарты пайда болғанын тілге тиек етті.
“Бұрын дүкенде бірнеше банктің QR коды ілініп тұрғанын көретін едік. Бұл, әрине, ыңғайсыз. Бірыңғай QR-дың арқасында мұндай олқылықтар түзетіліп, енді клиент кез келген банктің қосымшасы арқылы төлей алады. Ал кәсіпкер үшін бірнеше төлем жүйесін қосудың қажеті жоқ. Бұл – нарықты өркениетті әрі клиент тәжірибесін біркелкі ететін үлкен қадам”, – деді банк басшысы.

Үнем мен жаңа мүмкіндіктер
ЦКБ президенті QR-технологияларды енгізудің экономикалық әсеріне ерекше назар аударды.
“QR-төлемдер қолма-қол ақшасыз есеп айырысу құнын төмендетеді. Бұл – дәмханалар, дәріханалар мен шағын дүкендер үшін ыңғайлы құралдан бөлек, үнемдеудің бір әдісі. Кәсіпкер терминал сатып алмай, жабдықты күтпей-ақ төлем қабылдаса, бұл үлкен артықшылыққа айналады. Бұрын тек қолма-қол ақшамен жұмыс істеген бизнес енді QR-дың экономикалық тиімділігінің арқасында цифрландыруға бет алды”, – деді Владимиров.
Оның айтуынша, бірыңғай QR бизнестің цифрлық ізін қалыптастырады, бұл банктер мен кәсіпкерлер үшін жаңа аналитикалық және қаржыландыру мүмкіндіктерін ашады.
“Барлық төлемдер ашық жүйе арқылы өтсе, банк нақты айналым мен сатылым динамикасын көреді. Бұл несиеге байланысты шешім қабылдауды жеңілдетеді, скорингті дәлірек етеді. Ал кәсіпкер үшін қаржыландыруға, лизингке, шағын несиелерге жол ашылады. Яғни QR бизнесті ашық етеді, демек дамуға мүмкіндік береді”, – деді ол.
Сонымен қатар, бірыңғай QR жаңа цифрлық сервистердің негізіне айналуда.
“Бірегей QR негізінде бөліп төлеу, бонустық бағдарламалар, қашықтан төлем сияқты шешімдер дамуы мүмкін. Біз кәсіпкерлерге төлем қабылдаудан бөлек, клиентпен байланыс орнатып, қайталап сатып алуды ынталандыратын шешімдерді сынақтан өткізіп жатырмыз. Бизнеске көбірек табыс түсіп, шығынды азаяды, ал бұл дегеніміз ШОБ дамуының қозғаушы күші”, – деді Владимиров.

Бизнеске арналған бірыңғай экожүйе
Ол ЦентрКредит Банкінің бірыңғай QR жобасына қатысуы банктің цифрлық даму стратегиясының және Ұлттық банк бастамаларын қолдаудың қисынды жалғасы екенін айтты.
“Бірыңғай QR шығынды азайтып, клиент ауқымын кеңейтеді және барлық қатысушылар үшін ортақ ережелер орнатады. Біз оны жай технология емес, клиент жайлылығы үшін банктердің бірге жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін қаржы секторының жетілу кезеңі деп санаймыз”, – деді Владимиров.
ЦКБ президенті QR технологиясының кеңінен таралуында кәсіпкерлердің рөлін ерекше атап өтті.
“QR-дың табысты болуы ең алдымен кәсіпкерлерге байланысты. Технологияны жаппай таралуына әсер ететін – бизнес. Құрал қарапайым, тиімді және түсінікті болса, ол күнделікті жұмыстың бөлігіне айналады. Біздің клиенттер, әсіресе сауда мен қызмет көрсету саласындағылар, QR-ға белсенді өтуде. Бұл – қолма-қол ақшаға қарағанда тезірек, арзанырақ және ашығырақ, әрі бизнестің елдің цифрлық экономикасының бір бөлігіне айналуына мүмкіндік береді”, – деді ол.
Руслан Владимировтың айтуынша, ЦКБ банкаралық QR-ды жеке өнім емес, бизнеске арналған цифрлық сервистер экожүйесінің бөлігі ретінде қарастырады.
“Біз QR-ды POS-терминалдарға енгіздік және жақын уақытта оны интернет-банк пен бизнеске арналған мобильді қосымшаға енгіземіз. Мақсатымыз – кәсіпкер төлем қабылдап, аналитика көріп, сатылым мен клиенттерін басқара алатын бірыңғай цифрлық жұмыс кеңістігін құру. Біздің басым бағыт – бірінші кезекте кәсіпкердің өмірін жеңілдету”, – деді банк президенті.
Нарық дайын
Банк басшысының айтуынша, бір ай бұрын басталған пилоттық жоба оң нәтижелер көрсетуде.
“Жобаға алғашқы болып қосылған үш банктің ішінде ЦентрКредит Банктің POS-терминалдары ең көп десек қателеспейміз. Біз транзакциялардың тұрақты өсімін және клиенттердің оң көзқарасын байқап отырмыз. Бұл – тек бастамасы. Қатысушылар саны артқан сайын нәтиже күшейе түседі. Ең бастысы – клиент ұтады. Демек экономика да өсе түседі”, – деді ол.
Ол ЦентрКредит Банкінің QR енгізу қарқыны туралы да сөз етті.
“QR қолдану белсенді өсіп келеді. Тек біздің банкте 2025 жылы транзакциялар көлемі 2 млрд теңгеден асты, ал клиенттердің шамамен 10%-ы бірыңғай QR-ға өтті. Бұл – нарық бірыңғай шешімге көшуге дайын екенін көрсетеді”, – деді Владимиров.
Сөз соңында Руслан Владимиров бірыңғай QR сауда шеңберінен шығып, күнделікті операциялардың әмбебап құралына айналып келе жатқанын атап өтті.
"Үш сағат істейтінді бізде он минутта бітіреді": Германиядағы қазақ дәрігері сүндеттеу ісінде Қазақстан қалай алға кеткенін айтып берді