Temu мен Apple биыл Қазақстанға ең көп салық төлеген компаниялардың үштігіне кірді

Фото: коллаж Stan.kz
Биыл шетелдік интернет-компаниялар Қазақстан бюджетіне 48,6 миллиард теңге қосымша құн салығын (ҚҚС) төлеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2022 жылдан бастап елімізде цифрлық қызметтерге салық енгізілгелі бері шетелдік компаниялар жалпы 118,4 миллиард теңге салық төлеген.
Елімізде қазақстандықтарға онлайн қызмет көрсететін немесе интернет арқылы тауар сатып, 12% ҚҚС төлейтін 118 компания тіркелген. 2025 жылы олардың қатарына тағы 20 компания қосылды. Атап айтқанда:
- Chess.com – шахмат әуесқойларына арналған халықаралық платформа;
- OpenAI – ChatGPT жасаушысы;
- Canva Pty Ltd – онлайн-дизайн құралы;
- Microsoft Ireland Operations Limited – Microsoft компаниясының бөлімшесі;
- Canyon Bicycles GmbH – спорттық велосипед өндірушісі.
2025 жылы ең көп салық төлеген компаниялар:
- Valve Corporation (Half-Life, Counter-Strike, Dota 2 жасаушылары) – 8,6 млрд теңге;
- Apple – 8 млрд теңге;
- Temu – 6,2 млрд теңге.
-
Қазақстандықтардың несиелері қандай тәртіппен кешіріледі: Әбілқасымова ережелерді түсіндірді
-
Қазақстандықтар қарашада қандай салықтар төлеп, декларация тапсырады?
Комитеттің айтуынша, мұндай салық тәжірибесі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) ұсынымдарына толық сәйкес келеді.
"Мысалы, Өзбекстан 2020 жылдан бері шетелдік цифрлық қызмет жеткізушілерден 12% ҚҚС алады. Қырғызстанда осындай ереже 2022 жылдан бері қолданыста. Ал Ресей 2024 жылы шетелдік цифрлық сервистерге 18% ҚҚС енгізді. Бұл елдер цифрлық экономиканың дамуына бейімделіп, салық жүйесін жетілдіру арқылы ұлттық мүдделерін қорғауда", – деді Кірістер комитеті.