Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жас шектеу емес": 60 жастағы блогер әже Голливудты бағындырмақ

Голливудтың төрінде қазақи нақышта киінген апа – Нұржамал Тұрманова. Әлеуметтік желіде "Ақш апа" есімімен танымал. Жасы 60-та. Нұржамал апа бұған дейін де бірнеше елде болған. Бірақ бұл жолғы сапарының жөні бөлек. Ұзақ жыл отасқан жарынан айырылған соң, шетелге шығып, әлем аралауды мақсат еткен. Нұржамал апа әлеуметтік желіде өте белсенді. Әсіресе TikTok-та контент түсіріп, өз өмірін ашық көрсетеді. Оның айтуынша, парақша жүргізу – заман талабы. Десек те, "өз жасым мен болмысыма сай, салиқалы контент ұсынып жатырмын" дейді. Қазақ әйелінің көркем келбетін, салт-дәстүрін шетелде насихаттап жүрген Нұржамал Тұрмановамен Stan.kz тілшісі сұхбаттасты.

Бұрын біз үшін АҚШ-қа бару арман еді. Мұхит асып Америкаға барамын деп ешқашан ойламаппын. Бұл сапар маған 60 жасымда бұйырып тұр екен. Ұшақтан түскен сәтте қатты қобалжыдым, қатты таңғалдым. Мұндағы өмір, адамдар, бәрі ерекше екен. Халқы қарапайым, сабырлы. Бұл сапар менің ойымды, тіпті санамды түбегейлі өзгертті дейді Нұржамал апа. АҚШ апа әлеуметтік желіде жиі сынға да ұшырайды.

“Кей оқырмандар маған "ұзын көйлегіңізді шешіңіз, шашыңызды бояп, жасарып көрініңіз" деп жазады. Бірақ мен – қазақтың қарапайым апасымын. Шетелде жүрмін деп, өз болмысымды жоғалтып, қазақы қалпымды өзгертуге қақым жоқ.Тағы біреулер: "Үйде немере бағып, тыныш жүрсеңіз болмай ма?" дейді. Менің ойымша, немерелеріме үйде отырған әжеден гөрі өз-өзін тапқан, өзін дамытқан, әлемді танып жүрген әже қызығырақ. Олар ертең менің өмір жолымнан шабыт алады. Біздің де күшіміз, қабілетіміз бар. Қаласақ, тіпті Голливудты да бағындыра аламыз!”, – дейді Нұржамал Тұрманова.

Менің балаларым шетелде оқиды. 2021 жылы алғаш рет визаға тапсырып көрдім. Бірақ сол кезде маған берілмеді. Жылап, аздап ренжіп қалғаным рас. Көп ұзамай жолдасым ауырып қалды, біз ауылға көшіп бардық. Сол кезең мен үшін өмірімнің жаңа бетбұрысына айналды. Ауылда қарапайым ғана өмір сүріп жүріп, алғашқы контенттерімді түсіруге кірістім. TikTok желісіне ауылдағы қара қазанда ас әзірлеп жатқанымды, күнделікті тіршілігімді салып, парақшама оқырман жинай бастадым.Қазір байқасам, менің жасымдағы кей адамдар желіде секіріп, біртүрлі қылықтар жасап танымал болғысы келеді. Ал мен қазақы нақыштағы, өз болмысын сақтаған апамын. Контент арқылы салт-дәстүрді, қазақ әйелінің көркем үлгісін, саяхаттарымды көрсетіп келемін. Әлеуметтік желі жүргізу заман талабы. Оны ұят деп есептемеймін. Керісінше, әр жастағы адам өзіне лайықты, мәні бар дүниемен бөліссе, ол – өнеге”, – дейді Нұржамал апа. 

Нұржамал Тұрманова жолдасы қайтыс болған соң, өмірден қатты түңіліп, өзін жалғыз сезіне бастаған. Еңсесін көтеріп, қайта өмірге оралу оңай болмаған.Ұлы мен келіні сол уақытта Америкада білім алып жатқан еді. Олар анасын жалғыз қалдырмайық деп, өздеріне шақырады. Осылайша Нұржамал апаның жаңа өмір жолы басталады.

“Америкаға алғаш келген сәттен бастап, саяхаттаған әр күнімнен видео түсіріп, желіге жүктей бастадым. Ел арасында "АҚШ апа" атанып кеттім (күліп). Өзім де осы жасымда әлемді көріп, саяхатшы атанамын деп ойламаппын. Жастарға айтарым: білім алып, оқу керек. Біз жас кезімізде көп нәрседен тыс қалдық. Көп нәрсе қолжетімсіз болды. Тіпті армандай алмайтын едік. Ал қазір басқа заман. Қаласаң, әрекет етсең – мүмкіндік өте көп. Тек ниет пен талпыныс керек”,- дейді.

Толығырақ Stan.kz YouTube арнасынан көріңіздер. 

 

Гүлнара Мәлік
Сәрсенбі, 05 Қараша, 2025 18:42
Талқылау