Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

5 кеңесшісі мен 8 көмекшісі бар: Тоқаевқа ел басқаруға кімдер көмектеседі

Фото: Stan.kz

Мемлекет басшысының айналасында елдің ішкі және сыртқы саясатына, экономика мен әлеуметтік реформаларына ықпал етіп отырған шенеуніктер тобы бар. Алайда олардың жұмысы мен шешім қабылдау процесі қоғам үшін көп жағдайда жабық күйінде қалып отыр. Бірі стратегиялық бағыттарды айқындаса, бірі күнделікті басқаруға араласады. Stan.kz Тоқаевқа кеңес беретін және ел саясатына әсер ететін негізгі тұлғаларды саралап көрді. 

Президенттің көмекшілері: кім неге жауапты?

Тоқаевтың сенімді серігі әрі...

Мұрат Нұртілеу биыл 26 қыркүйекте Президенттің халықаралық инвестиция және сауда ынтымақтастығы жөніндегі көмекшісі қызметіне тағайындалды.

1976 жылдың 11 наурызында Алматы қаласында дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін халықаралық қатынастар мамандығы бойынша тәмамдап, Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хаттама басқармасында референт-атташе қызметіне қабылданды.

1999 жылы Малайзиядағы Қазақстанның Елшілігінде атташе болып жұмыс істеді. 2003 жылы Сыртқы істер министрлігінің Азия және Африка департаментінің екінші хатшысы болып тағайындалды.

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

2004-2006 жылдары Сыртқы істер министрінің кеңесшісі, кейін министрдің хатшылығының басшысы қызметін атқарды. 2007 жылдың 16 қаңтарында Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Тоқаевтың жарлығымен Сенат аппаратының орынбасары болып тағайындалды. Ал 2007–2011 жылдары Сенат аппаратының жетекшісі болды. 2011 жылы Қазақстан Сыртқы істер министрлігінде арнайы тапсырмалар бойынша елші болып, кейін Азия және Африка департаментінің директоры қызметіне тағайындалды. Сол жылы Қазақстанның Женевадағы лауазымында отырды. Содан кейін ол Қазақстанның Финляндиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі болып тағайындалып, кейін Эстонияда елші болып бекітілді.

Ары қарай ол президент әкімшілігінде сыртқы саясат орталығының орынбасары, Қазақстанның Финляндия және Эстония елшісі, президенттің көмекшісі, әкімшіліктің басшысының орынбасары, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасының бірінші орынбасары және Президент Әкімшілігінің жетекшісі қызметтерін атқарды.

2023 жылы 3 сәуірде премьер-министр орынбасары – Сыртқы істер министрі қызметіне тағайындалды және 2024 жылы 6 ақпанда қайта бекітілді.

Ол Тоқаевтың көмекшісі болып тағайындалғанға дейін қазақстандық БАҚ-ты бір шулатты. 4 қыркүйек күні Гүлнар Бажкенованың (“Orda” және “Bazhkenova vs.”) ресурстарында Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен кәсіпкер Гаджи Гаджиевтің ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Алайда кейіннен Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Мұны Мұрат Нұртілеудің ісі дәлелдей түсті. Себебі ол жалған ақпарат тараған күннің ертесіне “Harvest Group” компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Алмаз Альсеновпен кездесу өткізді. 

8 қыркүйек күні Мұрат Нұртілеу Жолдау алдында үкімет үйінде журналистердің алдына шығып, пікір білдірді. Министр өзінің ұсталғаны туралы ақпараттың жалған екенін айтып, жоққа шығарды. Ол: “Бұл – өтірік, сандырақ. Менің ойымша, ондай адамдар көктемде де, күзде де ... Тіпті, айтарға сөз жоқ” деп айтты. 

Тоқаевтың екі дүркін Баспасөз хатшысы...

Руслан Желдібай 1989 жылы Жамбыл облысында туған. Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін және “Болашақ” бағдарламасымен Уорик университетінің магистратурасын бітірген.

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Медиа саласында еңбек жолын “Қазақстан” және “Алматы” телеарналарында бастаған. Кейін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде жетекші лауазымдарда қызмет атқарды. Президент әкімшілігі мен премьер-министр кеңсесінде ішкі саясат және коммуникациялар бағытында жұмыс істеді.

2022–2023 жылдары Президенттің баспасөз хатшысы, кейін президент әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқарды. Ал биыл 9 қыркүйекте Мемлекет басшысының Жарлығымен президент көмекшісі – Баспасөз хатшысы болып қайта тағайындалды.

Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев

Ол 1981 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 2002 жылы заң мамандығы бойынша “Тұран” Университетін, 2018 жылы РХШжМҚА-ның “Executive MBA” бағдарламасы бойынша оқу бітірген.

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

2002–2005 жылдары Қаржы министрлігінде жұмыс істеген. 2005–2019 жылдары Премьер-министр кеңсесінде түрлі лауазымдарда қызмет атқарған: заң бөлімінің сарапшысы, сектор және бөлім меңгерушісі, кейін кеңсе басшысының орынбасары болған.

2019 жылы қазаннан 2023 жылы қыркүйекке дейін президент әкімшілігі басшысының орынбасары болып жұмыс істеген. 

2023 жылы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысының Жарлығымен президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі болып тағайындалған. Қазірге дейін осы қызметті атқарып келеді. 

Ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаев 

Арман Қырықбаев 1976 жылы Астанада туған. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын экономист мамандығы бойынша, кейінсыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясын халықаралық қатынастар мамандығы бойынша тәмамдаған.

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Еңбек жолын Сыртқы істер министрлігінде бастап, Өзбекстандағы Қазақстан Елшілігінде қызмет атқарған. Кейін мәдениет, ақпарат және өңірлік басқару салаларында жетекші лауазымдарда болды. Мәселен, Мәдениет комитетінің төрағасы, Мәдениет және ақпарат вице-министрі, Қарағанды және Алматы қаласы әкімдерінің орынбасары, Nur Otan партиясының хатшысы және төраға орынбасарының кеңесшісі.

2024-2025 жылдары Президент әкімшілігінің Коммуникациялар бөлімін басқарды. Ал биыл 25 ақпанда Президенттің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды.

Президенттің жақында тағайындалған жаңа көмекшісі

Қуанышбек Есекеев 1975 жылы Алматыда туған. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономика университеті және Hult бизнес мектебін тәмамдаған. Физика-математика ғылымдарының кандидаты, Іскерлік басқару магистрі.

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Мансабын ҚазҰУ-да аға оқытушы болып бастаған. Әр жылдары "Қазақойл", "Қазақстан темір жолы" және мемлекеттік органдарда ақпараттандыру саласын басқарған. 2007–2010 жылдары Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасы болды.
2010–2024 жылдары "Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарды.

2024 жылдан бастап Президент әкімшілігінде жұмыс істейді. 2025 жылы 9 қыркүйекте Мемлекет басшысының Жарлығымен президенттің көмекшісі болып тағайындалды.

Президенттің 8 кеңесшісі

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Мемлекет басшысының кеңесшілерінің көшін Ерлан Қарин бастайды. Ерлан Қарин 1976 жылы Түркістан облысы, Сайрам ауданында туған. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аспирантурасын бітірген. Саяси ғылымдар кандидаты.

Еңбек жолын мектепте тарих және география пәндерінің мұғалімі болып бастаған. Кейін Қазақстан даму институтында, Орталық Азия саяси зерттеулер агенттігінде, премьер-министр кеңесшісі қызметтерін атқарды.

“Асар” партиясы төрағасының бірінші орынбасары, Антитеррористік бағдарламалар орталығының басшысы, Маңғыстау облысы әкімінің кеңесшісі болды.

2008 жылы Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімін басқарды. Кейін “Нұр Отан” партиясының стратегиялық даму бойынша хатшысы болды;

2014–2017 жылдары – Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры;

2017–2019 жылдары – “Қазақстан” РТРК” басқарма төрағасы;

2019–2020 жылдары – президент кеңесшісі, 2020 жылдан – президенттің көмекшісі.

2022 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен Мемлекеттік хатшы, кейін Мемлекеттік кеңесші болып тағайындалды.

Президент сайланғалы бірге келе жатқан кеңесші

Бауыржан Омаров 1962 жылы Қызылорда облысы Арал ауданы Қаратерең ауылында туған. С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың журналистика факультетін, Мәскеу халықаралық бизнес университетін және Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін аяқтаған. АҚШ-тың Оклахома мемлекеттік университетінде журналистика бойынша халықаралық тағылымдамадан өткен.

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Еңбек жолын "Жас Алаш" газетінде тілші болып бастап, кейін аға тілші және бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқытушы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің проректоры, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары болған.

2000–2010 жылдары мәдениет және ақпарат саласында басшылық қызметтерде еңбек еткен. Тіл комитетінің төрағасы, Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы, "Айқын" газетінің бас редакторы және "Қазақ газеттері" ЖШС бас директоры болған. 

2011–2013 жылдары – Президенттің баспасөз қызметінде сектор меңгерушісі.

2013–2019 жылдары – Президенттің баспасөз хатшысының орынбасары.

2019 жылы 8 сәуірден бастап – Президент кеңесшісі.

Президенттің журналист кеңесшілерінің бірі...

Мәлік Отарбаев 1980 жылы Жамбыл облысында туған. Сүлеймен Демирел университетінде халықаралық экономикалық қатынастар мамандығын, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар аспирантурасын тәмамдаған.

Еңбек жолын “Диалог Еуразия – Қазақстан” журналының редакциясында бастап, кейін бас редактор болды. Қазақстан Жазушылар одағында басқарма хатшысы және сыртқы байланыстар бөлімін басқарды.

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

2014–2016 жылдары ТҮРКСОЙ ұйымында Қазақстанның өкілі, 2016–2018 жылдары – Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінде үшінші хатшы, 2018–2019 жылдары – Түркістан облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды.

2019–2021 жылдары Қазақстан халқы Ассамблеясы және мәдени мұра саласындағы бірнеше республикалық мекемелерді басқарды. 2021–2022 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің “Рухани жаңғыру” жобалық кеңсесінің директоры болды.

2022 жылы 27 сәуірден бастап Президенттің кеңесшісі болып тағайындалды.

Министрден кеңесшіге дейін...

Мағзұм Мырзағалиев 1978 жылы Алматыда туған. Мансабын 2001 жылы Теңіз кен орнында MI Drilling Fluids International (Schlumberger) компаниясында бұрғылау ерітінділері инженері ретінде бастады. Компанияның халықаралық мансаптық бағдарламасынан өтіп, АҚШ, Малайзия және Батыс Сібірде тағылымдамадан өтті. Кейін Қазақстандағы филиалды басқарды.

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

2007–2010 жылдары "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ "ТеңізСервис" ЖШС бас директоры, 2010–2013 жылдары – "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ-да басшылық лауазымдарда қызмет атқарды.

2013–2019 жылдары мұнай және газ, кейін Энергетика министрлігінде вице-министр болды.

2019–2021 жылдары Экология, геология және табиғи ресурстар министрі, 2021–2022 жылдары – Энергетика министрі.

2022 жылы 13 қаңтарда Президенттің кеңесшісі болып тағайындалды. 

2022–2024 жылдары "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ Басқарма төрағасы болды.

2023–2025 жылдары "Kazenergy" қауымдастығын басқарды.

Президент кеңесшілері ішіндегі жалғыз әйел

Жанасова Әсел 1987 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 

2010 жылы “Болашақ” халықаралық бағдарламасы бойынша Кембридж университетінде (компьютерлік ғылымдар саласы) білім алған. 2014 жылы Кембридж университетінде магистратураны тәмамдаған. Мәскеу мемлекеттік университетінде “Executive Management” бағдарламасы бойынша оқыған.

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

2010-2014 жылдары Лондонда ІТ және киберқауіпсіздік бағытында жұмыс істеді.

2014-2016 – Ұлттық банк Цифрлық технологиялар департаменті директорының орынбасары.

2016-2017 – “Зерде” ұлттық холдингі басқарма төрағасы.

2017-2020 – “Астана” халықаралық қаржы орталығында цифрлық технологиялар бойынша жетекші лауазымдар атқарды.

2020-2022 – Сауда және интеграция министрінің орынбасары.

2022-2025 – “Қазпошта” АҚ басқарма төрағасы.

2025 жылы 8 маусымда президент кеңесшісі болып тағайындалды.

Кеңесші қызметіне жаңадан кіріскен маман

Марат Әшім 1987 жылы Алматыда туған. Абай атындағы ҚазҰПУ-да халықаралық қатынастар және экономика мамандықтары бойынша білім алған. Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында халықаралық қатынастар магистратурасын тәмамдаған.

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Мансабын 2008 жылы жеке секторда заңгер ретінде бастады.

2009 жылдан бастап Сыртқы істер министрлігі мен Мемлекеттік протокол құрылымдарында қызмет етті.

2012-2017 жылдары Президент протокол қызметінде референт, сарапшы және инспектор болды.

2017-2018 – Протокол қызметі секторының меңгерушісі.

2018-2023 – Президент протокол қызметі бастығының орынбасары.

2023-2025 – Президент протокол қызметінің бастығы.

2025 жылы 9 қыркүйекте Президент кеңесшісі – Президент протоколы қызметінің бастығы болып тағайындалды.

Оқытушыдан президент кеңесшісіне дейін

Бақытжан Сапиев 1966 жылы Алматы облысының Жаркент қаласында туған. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын, Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, Экономика және құқық академиясын тәмамдаған. Экономика ғылымдарының кандидаты.

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Еңбек жолын жоғары оқу орнында оқытушы болып бастаған. 1990 жылдардан бастап Алматы қаласы әкімдігі құрылымдарында, аудандық әкімдіктерде және экология, кәсіпкерлік бағытындағы басқармаларда жұмыс істеген. 

1998-2008 жылдары – Алматы қаласы Бостандық ауданы әкімінің орынбасары;

2008-2012 жылдары – Алматы қаласы әкімі аппаратының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы;

2018-2019 жылдары – Техникалық реттеу және метрология комитетінің Астана қаласы бойынша департамент басшысы;

2019-2020 жылдары – Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары;

2020-2023 жылдары – Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау бөлімінде мемлекеттік инспектор және орынбасар;

2023-2025 жылдары – Мемлекеттік бақылау бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. 

2025 жылы 23 қыркүйекте Президент кеңесшісі болып тағайындалды.

Сыртқы істерден  халықаралық мәселелер жөніндегі кеңесшіге дейін...

Лазар Ернар Мерғалымұлы 1986 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды "Халықаралық экономика" мамандығы бойынша бітірген. Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Дипломатия институтында халықаралық қатынастар магистрі дәрежесін алған.

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Еңбек жолын 2006 жылы Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаментінде бастады.

2007-2010 жылдары – Қазақстанның Жапониядағы Елшілігінде атташе, үшінші хатшы.

2011-2013 жылдары – Сыртқы істер министрлігі Азия және Африка департаментінің екінші хатшысы.

2013-2017 жылдары – Қазақстанның Нидерландтағы Елшілігінде екінші және бірінші хатшы.

2017-2018 жылдары – Сыртқы істер министрлігі Еуропа департаментінің кеңесшісі.

2018 жылдан бастап президент әкімшілігінде түрлі лауазымдарда жұмыс істеді: консультант, инспектор, сектор меңгерушісі және бөлім басшысының орынбасары.

2023-2025 жылдары президент әкімшілігінің Сыртқы саясат бөлімін басқарды. 2025 жылы 29 қыркүйекте Президенттің халықаралық мәселелер жөніндегі кеңесшісі болып тағайындалды.

Назарбаевтың сенімді аппаратында кімдер болды?

Жалпы қазіргі мемлекет басшысы Тоқаевтың 5 көмекші, 8 кеңесшісі бар. Осы орайда бұрынғы президент Назарбаевтың кеңесшілері кім болғанын анықтап көрдік. 

Фото: Ақорда 

Назарбаев 30 жылға жуық ел басқарған тұста айналасына өзіне адал аппарат пен сенімді орта құрды. Олардың көшін экс-президенттің көмекшісі әрі бірнеше лауазымда болған Кәрім Мәсімов бастайды. Одан кейін Әсет Исекешев, Тимур Жақсылықов, Әлнұр Мұсаев, Қуандық Бишімбаев, Ерұлан Жамаубаев, Әлихан Смайылов, Данияр Ақышев жалғайды. Сондай-ақ өз күйеу баласы Тимур Құлыбаев және кәсіпкер Болат Өтемұратов та бар. 

Жоғары лауазымнан түрмеге дейін…

Фото: media.kpfu.ru

Назарбаевтың бұрынғы көмекшілерінің ішінде ең жоғары лауазымды сотталған тұлғалардың бірі Кәрім Мәсімов. Ол 2003–2006 жылдары Назарбаевтың көмекшісі болды. Бұған дейін ол банк секторын басқарды, министр және вице-премьер қызметтерін атқарды, кейін Үкімет басшысы болды. Соңғы қызметі – Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы. Осы лауазымда жүргенде ол мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен тұтқындалды.

Кәрім Мәсімов 2022 жылы қаңтар оқиғасы кезінде ұсталды. Оған қатысты қылмыстық іс "өте құпия" деп танылды. 2023 жылдың сәуір айының соңында Астана соты Кәрім Мәсімовті мемлекетке опасыздық жасады, билікті күшпен басып алуға әрекеттенді, билікті және лауазымдық өкілеттікті асыра пайдаланды деген айыппен 18 жылға бас бостандығынан айырды. Ол үкімді даулауға тырысты, бірақ апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінде сотталған тағы бір төраға

Кәрім Мәсімов Ұлттық қауіпсіздік комитетінде сотталған жалғыз төраға емес. Абақтыға түсуі мүмкін болған тағы бір ұлттық қауіпсіздік басшысы – Әлнұр Мұсаев. Ол да бір кездері экс-президенттің көмекшісі қызметін атқарған. Мұсаев 1995 жылы  бір жыл бойы осы лауазымда болып, кейін президент күзеті қызметінде жұмыс істеп, 1997 жылы  Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағалығына тағайындалды.

Фото: en.wikipedia.org

Оның қызметтік мансабында күш құрылымдарын бақылау, оппозицияға ықпал ету туралы пікірлер айтылды. Отставкадан кейін Мұсаев саяси сахнадан біржола кеткен жоқ. Ол Назарбаевтың күйеу баласы Рахат Әлиевтің қауіпсіздік мәселелерін қолдады. Банкирлер ісі бойынша Әлиевке айып тағылғанда, іздеу жарияланғандардың қатарында Мұсаев та болды. 

Әскери сот оны билікті және қызметтік өкілеттікті асыра пайдаланды, мемлекет мүлкін жымқырды, ұйымдасқан қылмыстық топ құрды және басқарды, мемлекеттік құпияларды заңсыз иеленіп, таратты, билікті күшпен басып алуға әрекет жасады деп танып, сырттай 20 жылға соттап, барлық әскери атақтары мен марапаттарынан айырды. Қазір Венада тұрады және бұрынғы билікке қатысты ашық сұхбаттар беруді жалғастырып келеді.

2 жылдан бері саяси саханада көрінбей кеткен экс-көмекші...

Әсет Исекешев 2008 жылы Президенттің көмекшісі болды. Бұдан кейін ол бірнеше рет министр, премьер-министрдің орынбасары, Астана әкімі, Президент әкімшілігінің жетекшісі қызметін атқарды.

Фото: 32stomatologia.ru

Тоқаев билікке келген соң Исекешов 2019 жылдың 25 наурызынан 2020 жылы қаңтарға дейін Тұңғыш президент қорының атқарушы директоры болды. 2020-2022 жылдары президентінің кеңесшісі - Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, 2022-2023 жылдары Президенттің кеңесшісі қызметінде болды. Десе де 2 жылдан бері Әсет Исекешев саяси сахнада көрінбей кетті. 

Назарбаев пен Тоқаев кезеңінде де келе жатқан шенеунік...

Ерұлан Жамаубаев 2018 жылдың қарашасынан 2019 жылдың наурызына дейін экс-президенттің көмекшісі болған. Ол Назарбаевты зейнетке шығарып салғаннан кейін Қаржы министрлігіне оралып, алдымен жауапты хатшы, кейін министр қызметін иеленді.

Фото: ortcom.kz

Оған дейін Жамаубаев ұзақ уақыт бойы “талдау жұмысының адамы” ретінде қызмет еткен. Ол Ұлттық банкте сарапшы, басқарма басшысы, департамент директоры болды. Кейін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басқарушы директоры, Президент әкімшілігінің бөлім басшысының орынбасары және Президент көмекшісі қызметтерін атқарды. Ал 2020 жылы ол күтпеген жерден елдің бас қаржыгеріне, кейін премьер-министрдің орынбасарына айналды. Ал 2023 жылы Қаржы министрі қызметіне келсе, 2024 жылдың мамыр айында Тоқаевтың кеңесшісі лауазымына тағайындалды. Соңғы рет биыл ақпан айында Жамаубаев  Ұлттық Банкі Төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды.

30 жасында министр атанған Смайылов

Әлихан Смайылов 1993 жылдан бері мансап сатысымен баяу болса да, сенімді түрде өрлей бастады.

Фото: Премьер-министрдің баспасөз қызметі

Әр жаңа қызметі алдыңғысынан жоғары әрі ықпалды болды. 30 жасында – Сыртқы істер вице-министрі, 35-ке толмай – Қаржы вице-министрі атанды. Ал үш жыл Мемлекет басшысының көмекшісі болғаннан кейін Қаржы министрлігін басқарды. Премьер-министр лауазымына қаңтар оқиғаларынан кейін келді. Десе де бұл қызметті екі жыл атқарған соң, қызметінен босатылды. 2024 жылы  Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы лауазымына тағайындалды. 

2023 жылы Смаилов бұрынғы басшысына деген адалдығын байқатты. Ол Болат Назарбаевтың құпия өткен жерлеуіне барды. Бұл ақпарат баспасөзге тарап, желіде қызу талқыға түсті. 

Данияр Ақышев

2015 жылы Президенттің көмекшісі болды. Содан кейін екі айда Ұлттық банк төрағалығына тағайындалды. Банктерді қолдау бағдарламалары арқылы үлкен қаржы құюмен есте қалды. Қазір ол Pioneer Capital Invest холдингін басқарады. Бұл компания Назарбаев қорымен байланыстырылған.

Фото: online.fingramota.kz

Назарбаевтың бұрынғы көмекшілері мен кеңесшілері қазір Қазақстанда әртүрлі жолмен өмір сүріп жатыр. Бірі саясат сахнасына, енді бірі мүлде көрінбесе, бірі түрмеде жазасын өтеп жатыр. 

Бишімбаевтың жұлдызды сәті, өрлеу және құлдырау

Қуандық Бишімбаевтың өмірі алғашында ертегідей басталған еді. Жас, білімді, харизмасы бар маман тез жоғарылап, дипломын алған соң бірден "Қазақстан Даму Банкі" басқармасында басқарушы менеджер болды. Бір жылдан соң – Экономика және бюджет жоспарлау министрлігінде бөлім басшысы. Бұдан кейін төрт жыл өтпей министр кеңесшісі, вице-премьердің кеңесшісі, Сауда саясатын дамыту орталығының президенті, Индустрия және сауда вице-министрі, әрі президент әкімшілігі әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің меңгерушісі болды.

Фото: Жоғарғы сот

2009 жылы ол Президенттің көмекшісі қызметіне тағайындалды. Кейін екі жыл “Самұрық-Қазына” қорында төрағаның орынбасары, одан кейін “Бәйтерек” холдингінің басшысы, ал 2016 жылы Ұлттық экономика министрі болды.

Алайда сегіз айдан соң пара алу айыбымен сотталып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда колонияда ұзақ отырмады. Жазасы жеңілдетіліп, кейін шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды. Себебі ол президентке кешірім беру туралы өтініш жазған. Десе де Назарбаевтың не себепті кешіргені әлі күнге дейін белгісіз. 

Бишімбаев саяси сахнадан шетте қалып, 2023 жылдың күз мезгілінде қайта шықты. Дегенмен бұл жолы үлкен дау туды. Осылайша ол жары Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін 24 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Назарбаевтың соңғы кеңесшісі...

Соңғы рет 2021 жылы Назарбаев Алматының бұрынғы әкімі Ахметжан Есімовті өзінің штаттан тыс көмекшісі етіп тағайындады. 

Фото: primeminister.kz

2021 жылы наурызда Есімов "Самұрық Қазына" қорын басқарудан кеткеннен кейін, сол жылдың мамырында Назарбаев оны штаттан тыс көмекші қызметіне тағайындады. Осылайша Есімов Назарбаевқа мәселелер бойынша жеке кеңес беруге, оның тапсырмаларын орындауға мүмкіндік алды. Бұл тағайындау оның Назарбаевқа адалдығын және сенімінің жоғары күйде қалғанын көрсетті.

Десе де 2022 жылдан кейін, Назарбаев институтының ықпалы әлсіреп, сол кезеңнен бастап Есімов те ақпараттық кеңістікте көрінбей кетті.

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 05 Қараша, 2025 16:01
Талқылау