Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұрынғы қожайындар есік, терезе, сатысын шешіп алған": Петропавлдық тұрғындар әкімдіктің екі үйді 340 миллион теңгеге сатып алғанына наразы

Петропавл үйлер

Видеодан скриншот

Желіде Петропавл әкімдігі балабақша салу мақсатында 340 миллион теңгеге екі жеке үйді сатып алғаны туралы ақпарат тарады. Тұрғындар аталмыш үйлердің өте қымбатқа бағаланғанын айтып, тексеріс жүргізуді сұрайды. 

Журналист Эльмира Каленова Петропавл әкімдігі сатып алған үйлерді желіде көрсетті. Сөзінше, жергілікті тұрғындар сары үйді 90 миллион теңгеге бағалаған. Бірақ әкімдік оны 170 миллион теңгеге сатып алыпты. 

“Мына сары үйдің бұрынғы қожайыны есік, терезе, саты, тіпті ішіндегі қол жуатын раковина мен унитазын шешіп әкетті. Мына үйді де ақырын-ақырын бөлшектеп жатыр. Керемет жөндеу де жүргізілмеген”, – деді журналист.

Петропавл үйлер

Видеодан скриншот

Әрі қарай екінші қабатты түсірмек болған кезінде үйдің бұрынғы қожайыны үйді видеоға түсіруге рұқсат бермей қойған. 

Сары үйге барған кезде де оны бөлшектеп жатқан адамдар байқалған. Сыртта шешіп алып тасталған терезелер тұр. Тұрғындар қара халықтың қаржысына алынған үйдің сұрауы болуы тиіс дейді. 

Петропавл үйлер

Видеодан скриншот

Stan.kz тілшісі Петропавл әкімдігіне сауал жолдап, үйлердің не себепті мұндай сомаға бағаланғанын сұрады. 

«Чкалов көшесі бойынша балабақша құрылысы жобасын іске асыру шеңберінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға жататын жылжымайтын мүлік объектілері орналасқан жер учаскелерін алып қою рәсімін жүргізіп жатыр. Әлеуметтік нысанды салу үшін жоспарланған құрылыс аумағының шекарасында орналасқан екі тұрғын үйді сатып алу қажет болды”, – деп мәлімдеді Петропавл әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі.

Мәлімдеулерінше, әрбір объектінің нарықтық құны тиісті лицензиялары мен құзыреті бар тәуелсіз бағалаушылармен айқындалған. Аталған үйлер мемлекеттік сатып алу порталы арқылы сатып алынған.

“Тәуелсіз бағалау туралы есептерге сәйкес, әрбір тұрғын үйдің құны – 170 миллион теңге. Көрсетілген жылжымайтын мүлік объектілерін сатып алу бекітілген шағын ауданның даму бас жоспарын іске асыру аясында жүзеге асырылып жатыр. Объектілер жаңа балабақша құрылысы аймағында тікелей орналасқандықтан, осы жер учаскелерін алып қоймай жобаны іске асыру мүмкін емес”, – делінген хабарламада.

Болашақ балабақша тұрғын аймаққа жаяу жететін қашықтықта салынбақ дейді. Балабақша жобасын қаржыландыру «Қазақстан халқына» қоры арқылы жоспарланып отыр. Нысанды пайдалануға беру мерзімі 2026 жылдың қыркүйек айына жоспарланған.

Қырмызы Скендирова
Бейсенбі, 18 Желтоқсан, 2025 12:49