Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұндай жерде тұра алмаймыз": Солтүстік Қазақстанда жаңа мекенге көшірілген қандастар кері қайтып жатыр

Солтүстік Қазақстан облысында “Еңбек” бағдарламасымен 1200-ден астам үй салынса, оның әрбір үшіншісі сапасыз тұрғызылған. Көшіп келген қандастар қайта қоныс аударып, қалған тұрғындар жаңа баспанада жан бағуы үшін қайта жөндеу жасауға мәжбүр болған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Хабар арнасының “7 күн” бағдарламасына сілтеме жасап.

Былтыр президент осы бағдарламаны тиісті деңгейде бақылауға алмаған екі бірдей ауданның әкімін қызметінен босатқан. Жаңа деген атына сай келмейтін баспаналардың жағдайына жергілікті бюджет қайта қаржы бөліп, жөндеуден өткізіп жатыр. 

“Еңбек” бағдарламасы арқылы халық саны тығыз орналасқан жерден елді бос аймаққа орналастыру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде жылына 100-ден аса отбасы жаңа мекенге көшкен болатын. Сонымен қатар мұнда тек ел ішіндегі халықтан бөлек, қандастарымыз да қоныс аударған. Алайда тұрғын үйдің сапасының сын көтермейтінін көріп, кері көшуге мәжбүр болғандардың саны артқан. 

Шалақын ауданының орталығына Жамбыл облысынан құрылысшылар келген. Қазір олар үйлердің едендерін бұзып, қайта жөндеуден өткізуде. Себебі жаңа баспанаға келдік деген ағайынның үміттері ақталмаған. 

“Үйдің едендерінің астынан жел ұрады. Сол үшін қазір алдымен құм толтырып, оның үстіне еден төсенішін құюда. Суық келмес үшін солай жөндеу жасалып жатыр”, – деді тұрғын Ескелді Әбдірахман. 

Ауыл тұрғындарының айтуынша, аз уақыттың ішінде бес қандас отбасы өзге елге қайта кеткен. Олар басында өз қаражатына осы жерден тұрғын үй алса да, пешін жақса, түтінге тұншықтыратын, жауын жауса, су тамшылайтын, күн суыса, салқын ұратын үйде тұруға шыдамай қайта кетуге мәжбүр болған. 

Ауданға былтыр күзде Ираннан 12 отбасы қоныс аударған. Жағдай жасалмағандықтан, жартысына жуығы қайта көшіп кеткен. Жұмыс жоқ, кейбірі тіпті квоталарын әлі ала алмай жүр. 

“Әкімге барсам, орнында жоқ. Орынбасарына жағдайды айтсам, шаруам жоқ дейді. Қалай тұрамыз бұл жерде. Жұмыс жоқ. Мына жақта Ираннан келген әкесі мен қызы тұратын еді, олар да көшіп кетті. 5 отбасы қайта көшті осымен. Құдай қаласа біз де кетеміз, бұндай жерде отыра алмаймыз”, – деді тағы бір тұрғын Несіп Қазақ. 



45 үйдің еденін жөндеуге 13 миллион теңгедей қаржы бөлінген. Бірақ бұрын бұл құрылыстың олқылығын комиссия неге қабылдаған және жауапты мердігердің неге жауапкершілікке тартылмайтыны жұмбақ. 

“Бизнес бар қазір. Мен өзі жеті-сегіз сиыр сауып, сүт сатып, табысымды тауып жүрмін. Дегенмен оның жем-шөбі керек. Ары қарай дамиын десең не грант бермейді, анау портал, мынау портал деп сылтауратады. 29 жастасың ба деп, бетімізді қайтаруда. Сонымен ешқандай игілік ала алмай жүрміз”, – деді Чапаево ауылының тұрғыны Серік Қадырбек.

Ал мәжіліс депутаты Айбек Паяев бұның барлығына жергілікті билікті кінәлайды. Айтуынша, соңғы төрт жылда бұл бағдарламаға ел қазынасынан 28 млрд теңгедей қаржы жұмсалған. 

“Бұл жерде жергілікті билік жұмысты сапасыз ұйымдастырып отыр. Мәселе жоқ, мемлекеттен бюджеттен ақша бөлініп жатыр. Бірақ ол игерілмеген. Біріншіден қадағалау жоқ, екіншіден жемқорлық, үшіншіден жауапкершіліктің болмауы. Ондай азаматтарға мемлекеттік қызметте орын жоқ. Ең төменгі шарасы – олар кетуі керек. Ал егерде жемқорлық анықталса, оларды қылмыстық іспен қудалау керек”, – деді Паяев. 

Бұл бастама енді “Ел дамуының драйвері” ұлттық жобасының аясында жалғасын табады. Биылдың өзінде Солтүстік өңірлерге алты жарым мың адамның қоныс аударуы жоспарланған. Оларға дұрыс жағдай жасау жергілікті билікке міндеттеліп қалмақ. 

Талқылау