Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қара жорға", бешбармақ, үйір-үйір жылқы: Ресейде тұратын қандастар салт-дәстүрді қалай сақтаған?

Омбы облысы –  Ресейдің Қазақстанға ең жақын аймағы. Мұнда тұратын қандастар қазақтың салт-дәстүрін берік ұстанады. Ауылды жерде тұратын халық көбінесе мал шаруашылығымен айналысады. Қымыз ашытып сатады және той, мейрамдарда ет асып, меймандарға ұсынады. Одан бөлек, жергілікті тұрғындар қазақ тілін еркін меңгерген. Орыс ауылдарында тұратын қазақ қандастардың өмірі жайлы "Қандастар" деректі фильмінде көрсетілді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бозан ауылында туып-өскен Самат Рахимовтың айтуынша, жергілікті халық салт-дәстүрді берік ұстанады. Тойлар тек қазақ тілінде өтеді, қазақша әндер шырқалады, ұлттық би де биленеді. Бұған Қазақстаннан келетін қонақтардың өзі таңданатын көрінеді.

"Қазақстанда болып жүрмін. Бірақ Омбы облысында қазақтың дәстүріне күшті мән береді. Дастархан жаю, ет ұсыну, қонақ күту, тойға өте қатты мән береміз. 

Екі жыл бұрын досымның баласы үйленді. Омбыда тойда болдық. Досымның екі жолдасы келді. Біреуі Степногоркскіден, біреуі Ақтөбеден. 

Тойдың орта кезінде орыс бишілер тобы "Қара жорға" биледі. Сонда ақтөбелік кісі: "Сендер жарайсыңдар. Беташар қалай өтіп жатыр?! Қазақша тілектер, әндер айтылып жатыр. Мен өте риза болдым. Сендер Омбыда орыстың ортасында тұрып, қазақтың дәстүрін ұмытпай, оның үстіне орыстарды "Қара жорға" билеткендеріңе өте риза болдым", – деп кетті.     

Ұмытпау керек. Әрі қарай жалғастыру керек. Тілімізді, дәстүрімізді ұмытсақ, олсыз өмір жоқ. Адасып кетеміз", –   дейді Самат мырза.
Самат Рахимов болашақта балаларының тек қазақтан қыз алғанын қалайды. Қанның тазалығы жайлы шаңырағында жиі сөз етеді. 

"Ертең балам орыстан қыз алса, біздің қанымыз бұзылып кетеді. Мен содан қорқамын. Әр ұлт өзімен болса, таза болады. Шатастырғанды жек көремін. 


  • ​​​​​​Моңғолиядағы қандасымыз өзге елде қазақтың ұлттық тағамдарын дәріптеп жүр

Әйтпесе орыстарды да, немістерді де сыйлаймыз. Кім болса да, бүкіл ұлтты сыйлаймыз. Омбы облысында түрлі ұлттар бар. Әсіресе, көрші ауылда немістер тұрды. Әкелерім сол кісілермен сыйласып, қонаққа барып тұратын. Көбісі Германияға көшіп кетті", – дейді ол.

Сол сияқты Артықшыл ауылының тұрғыны Абылайхан Дүйсембаев та Самат Рахимовтың пікіріне қосылды. 

"Біз Ресейде тұрсақ та, қазақ дәстүрін ұмытпаймыз. Осы ауылда 85 үй бар. Түгел қазақтар тұрамыз. Балаларымыз қалада, Омбыда, Қазақстанда тұрады. Ал біз енді осында қаламыз. Әке-шешеміз осында жатыр, қайда барамыз?" - дейді өзі. 

Ол осы күні қызы Сандуғашты Қуаныш есімді қазақ азаматына ұзатты. Бұл өңірде ислам жоралғылары да жақсы сақталған.

"Санди қызымызды тұрмысқа беріп жатырмыз. Некесін қию үшін Омбыға мешітке жіберіп жатырмыз", –  дейді ол.

Ал күйеу жігіт Қуаныш Сүлейменов сүйіктісімен қалай танысқанын айтып берді. 

"Сандуғаш бір совхозға мұғалім болып келді. Оны бір газетке "жас маман келді" деп шығарды. Көріп, ұнатып қалдым. Аты-жөнімен ғаламтордан тауып алдым. 5 рет жаздым. Сосын жауабын берді. Танысып, телефонын алдым", – деп ағынан жарылды ол.

Сол сияқты жергілікті тұрғындардың бірі Жалғас Құлболдин мал шаруашылығымен айналысады. Қазақстанда туыстары бар. Елге көшіп келуге шақырады екен. Алайда ер азамат туған жерін қимайды.

"Қой ұстаймыз. 80 бас қойымыз, 30 бас жылқы, 10 бас қара мал бар. Қазақтың қанында бар шығар. Әр қазақтың арманы – Қазақстандағыдай үйір-үйір мал ұстау. Бірақ қанағат, қайыр. Алланың бергенін ұстаймыз.   
Туыстар Қазақстанға шақырады. Бірақ бала кезден осында өстік. Негізі Қазақстанға қайтамыз деп ойладық. Атам, нағашыларым Қазақстанда тұрады. Жылқы ұстайды", –  дейді ол.

Қазақша жетік білетін Жалғас тілді қайдан меңгергенін айтты. 

"Тілді апамыз үйретті. Қазақстаннан келгендер қалай таза сөйлесіңдер деп таңғалады. Онда кей қазақтар қазақша білмейді. Сол апамыздың арқасы",  – дейді ол. 


 

Талқылау