"Бұл сұмдық ешқашан аяқталмайды деп ойладым": Елордалық әйелді бұрынғы күйеуі аяусыз ұрып тастады
Нұр-Cұлтан қаласының 23 жастағы тұрғыны Аида Ермекова бұрынғы күйеуінің аяусыз ұрып-соққанын айтып, қазақстандықтардан көмек сұрады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Жәбірленуші әлеуметтік желідегі парақшасында болған оқиға туралы жазба жариялады.
"Мен бірнеше жыл бойы оның ұрғанына шыдап келдім. 2020 жылы мен ажырасуға бел будым. Бірақ ол келісім бермеді, нәтижесінде алты сот отырысынан кейін біз ажырастық. Бірақ екеуіміз ажырасып кеткеннен кейін де ол аңдып, баламды сылтауратып, қоқан-лоқы көрсетуін жалғастырды. 2021 жылы 15 наурызда баламыздың туған күнінде онымен бірге болғысы келді. Өзін байсалды ұстаған, мен оған сеніп, келісімімді бердім.
19 наурызда ол тағы да маған қол көтерді. Түнде екі сағат бойы мені ұрды. Қолымен де, аяғымен де басымнан, бүкіл денемнен ұрды. Мені жартылай шешіндіріп, балконға шығарып, үстіме суық су құйып жіберді. Мен барынша қорғанып, бетімді тек қолыммен жауып жаттым, екі жасар баламды оятып алмау үшін айғаламауға тырыстым. Сол түні бірнеше рет есімнен танып қалдым, өйткені негізгі соққылар басыма тиді. Оған қоса ол ішімдік ішті, одан кейін тіпті агрессивті болды. Бұл сұмдық ешқашан аяқталмайды деп ойладым", - деп жазды қыз.
- Кешірім беріп, жазаламауды сұрап отыр: Ақтөбелік азамат әйелін бейтаныс адамның хаты үшін сабап тастаған
- "Бір топ жігіт төрт күн бойы зорлаған": 15 жасында қорлық көрген шымкенттік бойжеткен әділдік іздейді
Аида таңертең бұрынғы күйеуі балконға шығып кеткен кезді пайдаланып, пәтерден қашып кеткен.
"Бұл менің жалғыз мүмкіндігім еді. Үстіме халат киіп, жалаң аяқ туыстарыма қарай қашып кеттім. Сосын не болғанын білмеймін. Артынша мені Нұр-Сұлтандағы ауруханаға жеткізіп, алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Ауруханаға полиция қызметкері келіп, менен жауап алды", - дейді жәбірленуші.
Қыз полицияға арыз жазып, қазақстандықтардан істі жария ету үшін көмек сұрады. Сонымен қатар, ол істі соңына дейін жеткізу үшін психологиялық және моральдық көмек қажет екенін атап өтті.
"Өкінішке қарай, қолданыстағы заң оның толығымен менің қасыма жоламауын қамтамасыз ете алмайды", - дейді Аида Ермекова.
Аталған фактіге қатысты Нұр-Сұлтан полиция департаментінің баспасөз қызметі түсініктеме берді.
"2021 жылдың 20 наурызында Есіл аудандық полиция бөлімшесіне 23 жастағы қала тұрғынынан бұрынғы күйеуіне қатысты арыз түсті. 24 жастағы ер адам отбасылық жанжал кезінде оны соққыға жыққаны анықталды. Сот-медициналық сараптаманың нәтижелері бойынша, әйел адамның денсаулығына жеңіл зиян келтірген. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Одан бөлек, жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ер адамға қатысты қорғау ұйғарымы шығарылды. Күдікті заң бойынша жауап береді", - деді полицияда.