Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұл - сенің қалыңдығың, өтінемін оны ұрмашы": Ауғанстанда әкесі тоғыз жастағы қызын 55 жастағы ер адамға сатуға мәжбүр болды

Ауғандық ер адам өзінің тоғыз жастағы қызын 55 жастағы ер адамға аштан қалмас үшін сатуға мәжбүр болған. Әкесі кәмелетке толмаған қалыңдықты ұрмауын сұрап жалынған сәт көпшіліктің жүрегін жаралады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі CNN-ге сілтеме беріп хабарлайды. 

Бадгис провинциясында 9 жастағы Парвана Маликті ата-анасы өздері танымайтын ер адамға сатқан. Сол күні қызды 55 жастағы Құрбан есімді ер адам алып кеткен. Сатып алушы кішкентай қызды жетектеп алып кетіп бара жатқан сәтте әкесі Абдул Малик баласына зиян келтірмеуін сұрап, жылап жалбарынған.

Өзін кінәлі сезінген Абдул Малик Құрбанға: “Бұл – сенің қалыңдығың. Оған қамқор бол. Енді сен оған жауаптысың. Оны ұрмашы”, – деген.

Парвананың ата-анасы көмекке зәру екенін айтады. Ауғанстандағы көптеген отбасы сияқты олар да күнкөрістің қамы үшін балаларын сатуда. Себебі ел барған сайын гуманитарлық дағдарысқа батып бара жатыр.

Тағы бір отбасында 10 жастағы қыз өзін 70 жастағы ер адам алып кететін күнді күтіп, зар жылайды. Ал тоғыз адамнан тұратын енді бір отбасы өзінің төрт, тоғыз жастағы қыздарын сатып, қарыздарынан құтылмақ. 

Парвана мен оның отбасы Ауғанстаннның Бадгис провинциясында соңғы төрт жыл тұрған. Олар тек гуманитарлық көмек пен бір күнге 2 еуро ақша тауып күн көріп жатыр. 



Талибан (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) билік орнатқалы бері ел экономикасы дағдарысқа түсіп, қарапайым отбасылар күнделікті тағамдарын қамтамасыз ете алмай қалды. 

Мәселен, Абдул өз отбасын аштықтан аман алып қалу үшін Парвананың 12 жастағы үлкен әпкесін бір ай бұрын сатып жіберген. 

Парвана Малик

Хиджабтан тек беті көрінетін Парвана “Бізде нан, күріш, ұн болмағандықтан, әкем мені сатып жатыр. Ол мені жасы үлкен кісіге сатты”, – дейді.

Әкесінің қызымды ұрма деген  сұрауын қабыл алғандай, Құрбан басын изеп, қызбен бірге есіктен шығып кетті. Парвана бар күшімен босануға тырысса да, оны көлікке отырғызып жаңа үйге алып кете барды.

Қыздың әкесі өзін кінәлі сезінетінін, түнімен ұйықтай алмай шығатынын айтады.  Оның сөзінше, жұмыс таба алмай, туыстарынан қарыз алған, әйелі екеуі басқа көмек беру лагерлеріне тамақ үшін барса да, көмек беретін ешкім жоқ. 

“Жанұямызда сегіз адам. Мен басқа отбасы мүшелерін аман алып қалу үшін қызымды сатуға мәжбүрмін”, – дейді ол. 

Оның сөзінше, Парвана 200 мың ауған валютасына, 1600 еуроға (800 мың теңгеге жуық) сатылған, оның ішінде ақша, қой, жер бар. Бірақ бұл қаражат отбасын тек бірнеше айға ғана қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Одан соң отбасы ақша табудың басқа түрін іздейді. 

Құрбан өз кезегінде Парванаға баласы сияқты қарайтынын, өзінің әйелі бар екенін айтты. 

“Парвана арзан болды, ал оның әкесі өте кедей, оларға ақша керек. Енді ол менің үйімде жұмыс істейді. Оны ұрмаймын. Оған отбасы мүшеміз сияқты қараймын, мейірімді боламын”, – дейді Құрбан. 

Бірақ Абдул қызының тағдырына алаңдайды, себебі оның енді сөзі де, күші де жүрмейді. “Ол маған: қыз үшін мен ақша төлеп жатырмын. Онымен не істейтінімді өзім білемін, шаруаң болмасын”, – деді. 

Тағы бір тоғыз адамнан тұратын отбасы 4 және 9 жастағы екі қызын сатпақшы. Олардың әкелері мүгедек, сол үшін жұмысқа жарамайды. 

Әкесі қыздарының әрбірін 800 фунт стерлингке (500 мың теңгеге жуық) сатып жатқанын айтады. 4 жастағы Зайтон есімді қыз өзінің не үшін сатылып жатқанын түсінетінін айтты: 

”Себебі біз кедей отбасымыз, бізге ақша керек”, – дейді ол. 

Ауғанстан халықаралық ұйымдардан көмек алуды тоқтатқан. Елдің үштен бір бөлігінде бір отбасы күнделікті 2 еуроға өмір сүріп жатыр. Бұл дегеніміз 15 жасқа дейінгі жеткіншектердің саудасы жиілей береді деген сөз. 

“Бұл – нағыз апат. Төтенше жағдайды тоқтатуға бізде уақыт қалмады. Себебі біз әлдеқашан апатты жағдайға түстік”, – дейді Хизер Барр, Human Rights Watch әйелдер құқығы бөлімі директорының орынбасары.

Бадгистегі талибандар көшбасшылары мұқтаж отбасыларға азық-түлікті таратамыз деп мәлімдеді. 

"Бұл жоспарды жүзеге асырғаннан кейін, олар балаларын сатуды жалғастыра берсе, оларды түрмеге жабамыз", – деді Талибан Әділет департаментінің өкілі Мавлаваи Джалалудин.

Алайда гуманитарлық дағдарыс бүкіл Ауғанстанда орнаған. Кем дегенде 18 миллион адамға немесе ел халқының жартысына әсер етті. Қазір көптеген адам тамаққа ақша табу үшін қайта өңдеу немесе сату үшін пластикалық бөтелкелерді қоқыстан жинауға мәжбүр болып отыр.

 

Талқылау