Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұл сайлау емес, сайлаудың декорациясы": Халық неге сайлауға қатысудан қалған?

10 қаңтарда өткен парламенттік сайлауға алдын ала жоспар бойынша 11 миллионнан аса адам келуі керек болған. Бірақ халықтың сайлауға келуі соңғы деректер бойынша 63,3%-ды құрады. Сарапшылардың пікірінше, бұл - өте нашар көрсеткіш. Халық бұл сайлауда не үшін селқостық танытты? Ел тұрғындары сайлаудағы жауапкерлішікті неге сезінбейді? Stan.kz тілшісі саясатпен айналысып не оны зерттеп жүрген мамандардан сұрап көрді. 

сайлау

Журналист, саясаткер Ермұрат Бапи сайлаудың жауапкершілігін сезінбеуге халық құқылы болды деген уәжді алға тартады.

"Сайлау жауапкершілігін халық неге сезінуі керек? Егер билік халықтың елдегі өзгеріске деген ынтасын өшірсе ... Өткен сайлауға бір де бір тәуелсіз партия түспесе, халық қалай, кімге дауыс беруі керек? Сайлауда халық үшін ешқандай саяси интрига болған жоқ. Халықтың қызығушылығын оятқан жоқ. Сондықтан халық бұл сайлауға салғырт қарады. Жауапсыздықпен қарауға құқығы болды деуге болады", - дейді ол сайлауға көңілі толмаған саясаттанушы Ермұрат Бапи. 

Ал сайлау туралы көп айтатын, сайлау туралы жаңа реформа керек деп шырылдап жүретін саясаттанушы Дос Көшім сайлауға деген халықтың сенімі өшкенін айтады.

"Себебі біздің елде сайлау қоғамдық өмірді өзгертпейді, қоғамдық өмірге әсер етпейді. Осы 30 жыл бойы қанша рет сайлау болса да белгілі бір бағыттың өзгергенін көріп отырған жоқ. Сайлаудың  қоғамдағы институт есебіндегі рөлін халық көрген жоқ, сондықтан оған деген сенім кетті", - дейді сарапшы. 

Дос Көшім өткен сайлау "таңғалдырғанын" айтады. Оның сөзіне сенсек, өткен сайлаудың арнайы жасалған "ойын" екенін аңғару қиын емес. Сайлау партиялар үшін өте ұятты жағдайда өткенін айтқан ол өзі байқаған "қызықты" фактілерді атады. 

"Осы сайлау туралы қызықты фактілер бар. Менің ең таңғалғаным - сайлауға түсіп отырған партиялардың бірі - 18, екіншісі - 20, үшіншісі 32 адамның парламентке ұсынғаны. Сонда бұлар парламентке не үшін бара жатыр? Өз заңдарын парламентке өткіземіз десе, парламенттің басым бөлігін алуы керек. Қалай 18 адаммен бірдеңе өзгертеміз дейді. Демек біздің сайлауға түскен саяси партиялар бетбұрыс жасаймын, заң қабылдаймын деп бара жатқан жоқ. Көппартиялықтың бар екенін көрсету үшін ғана бара жатыр. Әйтпесе 18 адаммен сайлауға түсу ақылға қонымсыз. "Ақ жол" партиясының құрамында 300 мың адам бар дейді, сонда парламентке баратын 107 адам таба алмады ма?" - дейді ол. 

Дос Көшім әр партияның 20 адам ғана ұсынуы ақымақтық дейді. Оның сөзінше, ең болмағанда қанша адам парламентке ұсынылатынын көрсетпеу керек еді. Өйткені бұл сайлауға түсем деген партиялар үшін өте ұят, масқара жағдай деп кесіп айтты. 

"Екінші қызықты қараңыз. Сайлау науқанында бәсекелестікті көрген жоқпын. Бәсекелестік - өзіңдікін асырып, басқалардікін төмендету, жарысу. Демек өзінің қарсыласының кемшілігін көрсету керек. "Nur Otan"- ның бағдарламасын тас-талқанын шығарып талдаған өзге партияларды көрдіңіз бе? Жоқ. Бұлар бір бағдарламаны бөліп алғандай болды.

Партия құру деген "Nur Otan"-мен келіспей, менің көзқарасым басқа деу. Сайлаудың негізі мақсаты - салыстыру арқылы біреуге баға беру. Ал біздің өткен сайлауда нені салыстырасың, 5 түрлі саяси көзқарас айтылған жоқ. Бұның бәрі нақты бір ойын есебінде жүргізілгені көрініп тұр. Мұны сайлау деп айтуға болмайды", - дейді Дос Көшім. 

Саясаттанушының сөзінше, бәсекелестік кезінде ең көп таяқ жейтіні - биліктегі партия. Өйткені ол партияның істеген жұмыстары тайға таңба басқандай көрініп тұр.

"Бұрыннан бері жасаған жұмыстарын тас-талқанын шығарып, ал біздің партия мынадай қадамдар жасайды деп айтуға болады. Одан кейін үкіметтік партиялардың осы уақытқа дейін тындырған істерін санамалап, нәтижесі қандай болғанын айту керек еді. Өйткені заң қабылдайтын солар. Не "Ақ жолды", не "Халық" партиясын сынаған жоқ. Кемшілігін жасырды. Бұл сайлау емес, сайлаудың декорациясы. Сайлау бар дегенді дәлелдеу ғана", - деп түйді ойын.  

Еске салсақ, бүгін 10 қаңтарда өткен парламенттік сайлаудың қорытындысы шықты. Нәтижесінде 71,09% көрсеткішпен "Nur Otan" партиясы жеңіске жетті.

 

Дайындаған: Жанна МӘЛІК 

STAN.KZ
Сейсенбі, 12 Қаңтар, 2021 14:43
Талқылау