"Бұл не деген батпан құйрық": Дәулет Мұқаев пирамида белгілері бар бірқатар компаниялардың жарнамасын шектеуді ұсынды
Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев Harmony Rider Technology мен JDL сынды бірқатар компаниялардың жарнамасына шектеу енгізуді талап етті. Оның сөзінше, аталған компанияларда қаржы пирамидасының белгілері бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Dauletten/Instagram
Мұқаев қаржылық пирамидалармен күрес халықтың қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сөзінше, соңғы жылдары елде қаржылық пирамидалардың әрекеті көбейіп, азаматтардың көпшілігі қаржылай қиындықтарға тап болған.
“Қаржылық пирамидалардың әрекеті нәтижесінде азаматтардың миллиондаған теңге көлемінде қаражаты жоғалғаны туралы фактілер көптеп тіркелуде. Бұл ұйымдар көбінесе заманауи технологияларды пайдаланып, әлеуметтік желілер арқылы халықты алдап-арбауда. Бүгінде халық арасында Harmony Rider Technology (HRT) атауымен самокаттарды жалға берумен айналысып, халықты инвестор болуға үгіттеп жүрген компания пайда болды. Өздерін тек самокатты жалға беруші компания емес әлемде экологиялық тазалықты қолдайтын ұйым ретінде көрсетуде. 24 сағат самокаттарды жалға беріп, 5 сағатын инвесторға, 19 сағатын компания өзіне қалдырады екен-мыс. Бір қызығы, бұл компанияның ресми тіркелген сайты да, компания ретінде тіркелген заңды құжаты да жоқ”, – дейді ол.
Депутат компания өкілдері күніне 15 000 теңгеден бастап табыс табу мүмкіндігін ұсынатынын айтып, бұған сенімсіздік білдірді. Тіпті Ақтөбе қаласынан кеңсе алып, жарнамасын айқайлата ілген дейді.
“Бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық? Одан қала берді, бүгінде Қытайлық компанияның атын жамылып, Президентіміз Қасым Жомарт Кемелұлының Қытайдағы іссапар кезінде түскен суреттерді пайдаланып, халықтың сеніміне кірген JDL компаниясы да бар. Жылына 390 000 теңге салып, Қытайдан шыққан жүк көліктері Қазақстан аймағынан өткенде әр тауардан қомақты пайда түсіп отырады деп сендіруде. Яғни бір реттік 390 мың теңге салған адамға, айына 450 000 теңге таза пайда табатынын айтуда. Елу беріп, жүз ала алмайсың, кемпір беріп қыз ала алмайсың деген халық даналығы бекер емес. Бей ресми ақпарат көздеріне сүйенсек бұл компанияға еліміздің 150 000-нан астам азаматы тіркеліп үлгерген. Сонымен қатар Sirius Energy, SinoTrans, Fashion Star атауымен бірнеше компаниялар осындай жүйемен өз қызметтерін ұсынып жүр”, – деп қосты ол өз депутаттық сауалында.
Дәулет Мұқаев Ұлттық банк тарапынан қойылған пайыздық жылдық мөлшерлеменің ең жоғарғысы 17-18 пайыз ғана екенін айтып, қаржы пирамидаларында бұл көрсеткіш 250-400 пайыз екенін алға тартты.
“Сондықтан алданатын халық саны одан сайын көбеймей тұрғанда дереу тексеріс жүргізіп, қаржылық пирамиданың белгілері болса халықты тез арада ақпараттандыруға және жоғарыда аталған компаниялардың қызметіне шектеу қоюды сұраймын”, – деп түйіндеді депутат.