"Бұл құбыжықты өзіміз жасап алдық": Депутат МӘМС-ті "халық қаржысын" бақылаусыз басқарып отырғанын айтып сынға алды
Фото: Парламент мәжілісі / Депутат Бақытжан Базарбек және Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова
Мәжілісте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін жетілдіруге қатысты заң жобасы талқыланып жатқан кезде депутат Бақытжан Базарбек әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын өткір сынға алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәжіліс депутаты қаралып жатқан заң жобасын қарапайым халық үшін аса маңызды деп атады. Дегенмен "адамдар МӘМС жүйесінің адалдығы мен ашықтығына сенуден қалып жатыр" деп сынады.
"Азаматтар МӘМС – әрбір адамның мүддесін қорғайтын жүйе деген сенімін жоғалтты. Керісінше, халықтың көбі тұрғындарды тіркеу рәсімінің ашық емес екенін, медициналық қызмет көрсету барысында болатын заңбұзушылықтар мен күрделі схемаларды көріп, бұл жүйеден шенеуніктер пайда тауып отыр деп есептейді. Олар үлкен қаржы ағындарын бақылаусыз басқарып отыр, – деді Базарбек.
Депутаттың айтуынша, МӘМС жүйесі арқылы пайда табылып отыр деген пікір тек азаматтардың ғана емес, оның да жеке азамат әрі заңгер ретіндегі көзқарасы.
"Бұл – тек халықтың пікірі емес. Бұл менің заңгер, депутат әрі азамат ретіндегі субъективті көзқарасым", – деп нақтылады ол.
Базарбек заң жобасының басты мақсаттарының бірі – әлеуметтік мемлекеттік сақтандыру қызметіне мемлекеттік бақылау мен қадағалауды қайта енгізу екенін атап өтті. Бұл функцияны қайтадан денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Фармацевтикалық және медициналық бақылау комитетіне беру ұсынылған.
"Біз неге денсаулық сақтау министрлігінің рөлін күшейтуді ұсынамыз? Өйткені соңғы 20 жылда "бюрократияны азайту" және "халықаралық стандарттарға жақындау" деген желеумен министрліктің бақылау функциялары түгел алып тасталды. Осылайша, министрлікті қарусыздандырып, бақылаусыз қалдырып, жауапсыз шенеуніктер қаржыны басқару мен медициналық қызметтердің сапасын қадағалауды Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өзіне беріп қойды", – деді депутат.
Депутат қазір қор ешкімге бағынбайды, бюджет қаржысын өз қалауы бойынша жұмсап отыр деп ашуланды. Тіпті, қор өзі қызметті тексеріп, өзі жазалайды – әрі көбіне формалды түрде және таңдап қана әрекет етеді дейді Бақытжан Базарбек.
"Мұндай жағдайда айлакер схемалар пайда болды: азаматтардың келісімінсіз мәжбүрлеп медициналық ұйымдарға тіркеу, алаяқтық фактілерін денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы деңгейінде "ақаулар" ретінде жасыру. Сыртқы бақылау болмаған соң қор нағыз "құбыжыққа" айналды. Бұл – МӘМС қаржысын жеп отырған құбыжық. Біз өз қолымызбен сол құбыжықты жасап алдық", – деп мәлімдеді депутат.
Базарбек қорды "жемқорлық пен ұрлықтың ошағы" деп атады. Оның айтуынша, мемлекеттік аудит қор мен оның төрт филиалының қызметінде заңбұзушылықтар анықтағанымен, 12 лауазымды тұлға тек сөгіс және ескерту алумен құтылып кеткен.
"Орынды сұрақ туындайды. Бәрі жайлы жайғасып алған, себебі ұрлықтарды "ақаулармен" бүркемелейсіңдер, ақпаратты құқық қорғау органдарына бермейсіңдер, ал жазалау болса тек формалды түрде құтылып кетесіңдер. Бұл президент айтқан "Заң және тәртіп" бағытына сай келе ме?" – деп сауал тастады депутат.
Депутат Бақытжан Базарбектің айтуынша, қордың уәкілетті органдарға тапсыратын есептері қаржылық есептілік талаптарына сай емес. Бұл тек жеке пікір емес, Жоғарғы аудиторлық палатаның ресми қорытындысы екенін атап өтті.
"Қордың қызметінде жемқорлыққа жол беретін тәуекелдер бар. Бұл 2020 жылдың желтоқсанында шыққан 321-бұйрыққа байланысты. Аталған бұйрық дәл осы жемқорлық пен заңсыздықтарға жол ашатын жағдай жасап отыр. Мен түсінемін, бұл бұйрықты сіз қабылдаған жоқсыз. Бірақ министр қызметіне 6 ақпанда кіріскеннен бері оны өзгертуге, жоюға немесе түзетуге толық құқығыңыз болды. Бұл – сіздің құзыретіңіз", – деп Базарбек денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға айтты.
Депутат денсаулық сақтау министрлігі лицензиядан айыру бойынша мәлімдеме жасағанымен, шын мәнінде бірде-бір медициналық ұйым лицензиясынан айырылмағанын жеткізді. Ол Жоғарғы аудиторлық палатаның ондаған ЖШС-нің заңбұзушылық жасағаны туралы қорытындысын алға тарта отырып, оларға тек айыппұл салынғанын айтты.
Министр Ақмарал Әлназарова өз кезегінде №321 бұйрық жойылмайтынын, алайда 1 шілдеге дейін оған өзгерістер енгізілетінін хабарлады. Ол қордағы және басқа да медициналық ұйымдардағы заңбұзушылықтар жүйелі түрде қарастырылып жатқанын айтып, қажетті материалдар тиісті бақылау органдарына жолданатынын жеткізді.
"Қозғалып отырған мәселелер – жүйелі сипаттағы проблемалар. Біз де қор мен басқа медициналық ұйымдар тарапынан ашықтық пен есептілікті арттыруға мүдделіміз. №321 бұйрықты жою жоспарда жоқ. Бірақ сіз көтерген мәселелер бойынша оған 1 шілдеге дейін өзгерістер енгіземіз. Барлық анықталған ақаулар, соның ішінде бесінші ақау да, жүйе аясында талданып, тиісті органдарға жолданады", – деді министр Әлназарова.
Алайда Базарбек бұл жауапқа қанағаттанбады. Оның айтуынша, бұған дейін өзі министрлікке, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен Бас прокуратураға жолдаған сұраулары да нәтиже бермеген.
"Мендегі мәліметтерде бірде-бір ұйым лицензиясынан айырылған жоқ. Оларға тек айыппұл салынды, бұл – жұмсартып айтқанда, "жеңіл сипап өту" ғана", – деді депутат.
Сондай-ақ ол жұмыс тобының ұсынысы негізінде нақты қанша филиал лицензиясынан айырылуға ұсынылғанын сұрады. Белгілі себептерге байланысты нақты ЖШС-ларды атамайтынын айтып, бірақ министрге төрт филиал мен практикалық бөлімшелерге қатысты ұсыныстарды еске салды. Министр бұл мәселелерді отырыстан кейін жеке талқылауды ұсынды.
Енді МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған азаматтар да онкоскринингтен өте алады
Еске салайық, бұған дейін мәжілісте Қазақстанда бірыңғай медициналық көмек беру пакеті енгізілетіні туралы айтылған еді. Бұл мемлекет кепілдіктерін кеңейтуге, әсіресе, әлеуметтік маңызы бар ауруларды ерте диагностикалау саласында, көмектеседі. Сонымен қатар жаңа пакет медициналық көмекті неғұрлым түсінікті әрі ашық етеді, қызметтердің қайталануын жояды және жүйе ішіндегі қаражаттың орынсыз ауысуын болдырмайды. Бұл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қаржылық тұрақтылығын арттырып, азаматтарды сақтандыру жүйесіне белсенді қатысуға ынталандырады.

"Дәрігерлер ертерек бала туып ал деді": 24 жасында ерте климаксқа ұшырап, денсаулығы сыр берген ару қыз-келіншектерге жолдау жасады
