"Бұл біреудің тапсырысы": Уақыт белдеуі ауысқаннан кейін қазақстандықтар электр қуатына көбірек шығындалатын болған
"Уақытты кері қайтару" петициясының авторы Тимур Бөлегенов кейбір аймақтардағы уақытты екі сағатқа алға жылжытуды сұрап отыр. Ал сервистік компаниялар қауымдастығының президенті Жамал Доржығұлова тікелей эфирде электр энергиясын тұтыну талдауын ұсынды. Ол күндізгі уақыт азайғаннан электр энергиясына көбірек төлеп жатқанын айтып, наразы болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Atameken Business арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Тимур Бөлегенов Қазақстанның орталық және шығыс облыстары мен қалаларында, соның ішінде Астана, Алматы, Шымкент қалаларында электр энергиясын үнемдеу үшін уақытты 2 сағатқа жылжытуды талап етті.
"Бұл петицияны ұсыну идеясы Бразилияның үлгісінен туындады. Олардың энергетика министрі жазғы уақытқа көшу арқылы 73 миллион доллар үнемделетінін айтты. Егер біз де күн жарығын көбірек пайдалансақ, электр энергиясын аз жұмсаймыз. Сол арқылы бюджетті де үнемдейміз деп ойлаймын", – деді Тимур Бөлегенов.
Құжатта бастаманы мейрамхана бизнесінің өкілдері де қолдайтыны көрсетілген. Себебі олардың табысы билік сағатты алға жылжыту туралы шешім қабылдаса, шамамен 10% өсуі ықтимал. Петиция қазір модерация сатысында тұр.
Сонымен қатар бұл дәлелдер елдің орталық және шығыс өңірлерінің тұрғындарына, соның ішінде Астана, Алматы және Шымкент қалаларына да қатысты дейді Тимур Бөлегенов.
"Ерте батқан күннің салдарынан электр қуатын тұтыну артып келеді. "АлматыЭнергоСбыт" мәліметінше, шілде-тамыз айларында электр қуатын тұтынудың өсуіне себептердің бірі – күндізгі уақыттың қысқалығы. Шығыс қазақстан облысында қазір күн 16:20-да батады, ал қыста 15:20-да ымырт түседі. Электр энергиясын үнемдеу үшін уақытты 2 сағат алға жылжытудың маңызы зор. Қараңғы уақытта қылмыстық оқиғалар саны артып келеді. Мысалы, Алматы қаласы әкімдіктің мәліметі бойынша, 85% ғана жарықтандырылған. Күндізгі жарық түске дейін ғана шектелмей, ұзақ болса, тұрғындар үшін қауіпсіз болар еді", – деді Тимур Бөлегенов.
Ол орталық және шығыс аймақтарында, оның ішінде Астана, Алматы және Шымкент қалаларында уақытты 2 сағат алға жылжыту арқылы электр желілеріне түсетін жүктемені азайтып, энергия үнемделетін атап өтті. Бұдан бөлек азаматтардың қауіпсіздігі артады және бизнес көлемінің өсуімен экономикалық тиімділікке қол жеткізіледі деді петиция авторы.
Ал қолданбалы хронобиология сарапшысы Болат Нұрқожаев кейінгі 100 жылда жасалған бірде-бір зерттеу жаз мезгілінде уақытты ауыстырудың электр қуатын үнемдеуге әсеріне дәлел болмағанын айтады. Сонымен қатар белдеулік уақыттың (яғни қысқы стандартты уақыттың) зияны туралы да мүлдем ғылыми дәлел жоқ екенін алға тартады.
"Бұған қарамастан табиғи уақыттың зияны болатынын нақты айта алмаймыз. Екіншіден, бұл мәселеде нақты деректерге сүйену қажет. Кейбір деректерде электр қуатын тұтыну екі есе өскен делінсе, басқаларында тек 4% өскені айтылған. Тіпті энергетика министрлігі Шығыс Қазақстан облысында, керісінше, электр тұтыну азайғанын мәлімдейді. Сондықтан бос сөзге емес, нақты дәлелдерге жүгіну қажет. Сағатты ауыстыру арқылы күннің ұзақтығын өзгерте алмаймыз. Біз тек уақытты ертерек немесе кешірек бастауды ғана таңдаймыз. Тағы бір айта кетер жайт, кейбір рестораторлар керісінше кешкі уақытты қолдап отыр", – деді ғалым Болат Нұрқожаев.
Сервистік компаниялар қауымдастығының президенті Жамал Доржығұлова тікелей эфирде электр энергиясын тұтыну талдауын ұсынды. Оның айтуынша, электр энергиясына қосымша шығын шығару қиынға соғады.
Жамал Доржығұлованың мәліметінше, жаз айларында Астана бойынша тұтыну көрсеткіші 5% өскен. Қыс мезгілінде де осынша өсу болжанып отыр.
"Халыққа өмір сүру өте қиын болып кетті, өте қиын. Мені кешіріңіздер, тамаққа, киімге ақша жетпей жатқанда электр энергиясына қосымша шығын шығарыңдар деп айту ақылға қонбайды. Бұл кімге тиімді? Меніңше, бұл – біреудің тапсырысы. Өйткені мұндайдан тек монополистер ғана пайда табады. Ашық айтқанда, қарапайым халықтан. Астана бойынша бұл көрсеткіш 4-5%-дан, ал қыс мезгілінде 10%-ға жетеді. Халықтың есебінен олар 10% табыс табады", – деді Жамал Доржығұлова.
Еске салайық, бұған дейін 2024 жылы 21 қазанда энергетика министрінің бұйрығымен шекті тарифтерге өзгерістер енгізілді. Осылайша еліміздегі кей өңірлерде 1 қарашадан бастап электр энергиясының тарифтері көтерілетінін жаздық. 11 қазанда Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Әсел Буденеева Алматыда электр энергиясының тарифі өзгеретінін айтты. Тұрғындар үшін бір киловатт-сағаттың бағасы 27 теңге 59 тиын болды. Бұл бұрынғыдан 8% артық.