Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Бұл - балаларға да, ересектерге де шабыт беретін жоба”: Тараздық жеткіншектер Zheka-ға бейнебаян түсірді

Режиссер Қуаныш Бейсек пен Jusan Bank "Кел, балалар, оқылық" жобасының екінші кезеңіне қатысқан тараздық жеткіншектердің өз армандарына бір қадам жақындауына мүмкіндік сыйлады. Бұл жолы балалар көлеңкелі театр қойылымын қойып, бейнебаян түсіріп, актер, сценарист, режиссер, биші, акробат және әнші болып көрді.

"Кел, балалар, оқылық" жобасы аясында осы жолы режиссер Қуаныш Бейсек бастаған топ Тараз қаласына барып, балаларды режиссер, актер, сценарист және биші мамандықтарының қыр-сырын үйретіп, тәжірибе жүзінде шеберлік сағаттарын өткізді. Шеберлік сағатының қорытындысы ретінде оқушылар қазақ мифологиясы жайлы көлеңкелі театр қойылымын қойып, Zheka лақап атымен танымал блогер Жеңіс Омаровтың "Прощай" әніне бейнебаян түсірді.


"Біз осы жолы күзгі "Кел, балалар, оқылық" шығарылымын Zheka-мен бірге жасадық. Мұнда түрлі үйірмелерге қатысып жүрген тараздық балаларды іріктеп алып, олармен бірге көлеңкелі театр қойылымын қойдық. Бүгін үш жобаны, атап айтсақ, көлеңкелі театр, Zheka-ның бейнебаяны және осы шара кезінде түсірген балалар жайлы деректі фильміміз жария етіп отырмыз. Басты мақсатымыз балаларға шабыт беріп, олардың армандарының орындалатынына үміт сыйлағымыз келеді. Бұл - балаларға да, ересектерге де шабыт беретін жоба", - дейді жоба тәлімгері, белгілі режиссер Қуаныш Бейсек.

Режиссер өз жобасының балаларға ғана емес, ересектерге де үлкен шабыт сыйлайтынын айтады.

"Бұл балалар туралы болғанымен ересектерге арналған деректі фильм жоба деп ойлаймын. Себебі өсе келе осы балалық шақтағы армандарымызды ұмытып кетеміз. Ал біз осы жоба арқылы барлық ересектердің ойына балалық шақтағы армандарын еске түсіреміз. Әрине, мұның балаларға да әсері болады. Олар бұл фильмді көріп шабыт алады деп ойлаймын.

Тараздағы шығарылыммен тоқтамаймыз. Еліміздегі басқа қалаларға, ауылдарға барамыз, көптеген балаларды қолдаймыз деген үміттемін", - дейді Қуаныш Бейсек.

Жобаға арнайы шақырылған жұлдыз Жеңіс Омаров - Тараз қаласының тумасы. Ол бейнебаянда өз қаласы мен өзі өскен ауданды көрсеткеніне қатты қуанғанын айтады.

"Маған Қуаныш хабарласып, "сені бір жобаға түседі" деп келісіп қойдым дегенде еш қарсылық көрсетпедім. Кейін оның өз туған қаламда, өз жерлестеріммен түсірілетін жоба екенін білгенде қатты қуандым. Бұл жобаның жұлдызы мен емес, осында түскен балалар деп ойлаймын. Алдағы уақытта осы сынды игі бастамаларға қатысуға қуана-қуана келісімімді беремін", - дейді блогер.

Жобаның бұл жолғы ерекшелігі балалардың көлеңкелі театр қойылымында ойнауында болып отыр. Олар қазақ мифологиясының кейіпкерлерін өз қиялдарымен сомдап шыққан.

Бұл идея жобаның бас демеушісі - Jusan Bank өкілдеріне де қатты ұнаған.

"Бұл - біздің Қуаныш Бейсекпен бірге жасаған екінші жобамыз. "Кел, балалар, оқылықтың" бірінші жобасы жазда Алматы облысы Жалаңаш ауылында болған. Қуаныш бізге келіп, өз идеясын айтты. Jusan-ның "PersonaJ" деген жобасы бар, онда танымал тұлғалар арасынан ішкі құндылығы бізбен сәйкес адамдармен танысып, оларға қолдау көрсетеміз. Біздің құндылықтарымыз: білім беру, креативті экономиканың дамуы және жас ұрпақтың шабыттандыру. Қуаныштың идеясы осы құндылықтарға сай келді. Жазда жасаған жобамыз халыққа қатты ұнағаны соншалық бізден кейін өз туған ауылдарына барып, игі істер жасайтын адамдар көбейді. 

Біз балаларды шабыттандырып, оларға жаңа мамандықтар туралы айтып, өмірлеріне кішкене болсын өзгеріс енгізуге тырысамыз. Бұл жобаны тұрақты түрде жылына кем дегенде екі рет еліміздің әр аймағында өткізсек дейміз", - дейді Jusan Bank-тің маркетинг депртаментінің жетекшісі Дана Дүйсекова.

Жобаның екінші шығарылымының қорытындысы бойынша режиссер Қуаныш Бейсек деректі фильм түсірген. Фильмді көрген адам жасөспірімдердің әр сөзінен қуат алып, шабыттанары сөзсіз. Бұл балалардың өз мақсаттарына жету жолындағы алғашқы қадамы. Фильмнің тұсаукесеріне Тараздан арнайы келген олар өздерінің бұл шарадан толассыз қуат алғандарын және көп дос тапқандарын айтады.

"Таразда да актерлік шеберлік кастингтері бар. Солардың барлығына жазылып қойғанмын. Осының алдында Мейрамбек Беспаевтың бір фильміне түсіп, сол жердегі кейіпкерімнің образы үшін достарым келеке қылатын еді. Бірақ мен оған жасып қалмадым. Басқалар күлді екен деп, өз арманымды өзгерте салмаймын ғой", - дейді жобаға қатысушы жас актер Бақытжан Бақдәулет.

Ол "Кел, балалар, оқылық" жобасының өзіне шабыт сыйлағанын, әрі қарай да өз арманына қол жеткізу үшін жұмыс істейтінін айтады.

"Өте керемет сезімде тұрмын. Мектепте мәжіліс залында өлең айтқаным болмаса, мынадай көп халықтың алдына бірінші рет шықтым. Сахнада тұрған кезде қатты қобалжыдым. Бетімді жауып, бір орында тыпыршып, не істерімді білмей кеттім. Қиын, қорқынышты болғанымен, осы мақсатыма жетіп, достарыма да, басқа адамдарға да өз арманыма жете алатынымды көрсеткеніме қатты қуаныштымын. Бұл жоба менің өміріме үлкен өзгеріс алып келіп, сенім сыйлады, өзімді қолдайтын, түсінетін достар таптым. Әрі қарай да өз арманыма жету жолында жұмыс істеймін", - дейді жас актер.

Жоба авторлары өздері жұмыс істеген балалармен байланыстарын үзбей, оларды әрдайым қолдауға дайын екендерін жеткізді. Жобаға 20 бала іріктеліп алынған.

Айта кетсек, бұған дейін Jusan Bank-тің "PersonaJ" айдарының аясында "Кел, балалар, оқылық" жобасының бірінші кезеңі Алматы облысы Жалаңаш ауылында ұйымдастырылған.

Онда үш ауылдан жиналған балалар режиссерлік, актерлік және операторлық шеберлік сабақтарына қатысқан. Бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша олар танымал әнші Еңліктің "Бір кім дүние" туындысына бейнебаян түсірген.

Айта кетсек, “Кел, балалар, оқылық” жобасы қазан айының басында өткен ортаазиялық Red Jolbors коммуникациялар фестивалінде жүлделі болды. Осы жоба аясында түсірілген деректі фильм Social, public service video номинациясы бойынша жалғыз жүлде – қола иеленді.

Әділқазылар алқасының шешімі бойынша бұл номинацияда тек бір ғана жүлде болды, алтын және күміске лайықты жобалар болмады. Бұл тұрғыда осымен 11 рет қатарынан өткізілген халықаралық шараға шетелдік жарнама мамандары, Cannes Lions және Effie Europe жүлделері сынды кәсіби марапаттардың лауреаттары қазылық ететінін атап өткен жөн. Қазылар алқасын 20-дан астам Канн арыстандары сыйлығының  иесі, Darwin BBDO ұйымының креативті директоры және басқарушы серіктесі Конрад Лефевер басқарды.

Талқылау