"Бұл – ақпараттық соғыстың көрінісі": Медведев "ВКонтакте" желісіндегі парақшасының бұзылуы туралы
Ресейдің экс-президенті, қазіргі қауіпсіздік кеңесі басшысының орынбасары Дмитрий Медведев "Вконтакте" желісіндегі парақшасын бұзуға қатысты пікір білдіріп, мұны "ақпараттық соғыстың көрінісі" деп атады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі РИА Новости басылымына сілтеме жасап.
Медведевтің парақшасында 1 тамызда геосаяси мәселеге қатысты жазба пайда болып, көп ұзамай өшіп қалған.
"Мұндай бұзулар бірінші рет болып тұрған жоқ. Бұдан ешкім сақтандырылмаған. Үкімет басшысы болған кезде де осындай шабуылдарға тап болған едім. Бұл – біз қазір ғана айтқан ақпараттық соғыстың көрінісі", – деді ол.
Дмитрий Медведев парақшаны бұзған соң құзырлы органдардың тексеріс жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
"Тағы да нақтылай аламын: әлеуметтік желі әкімшілігі мен құзырлы органдар тексеріс жүргізіп жатыр. Кінәлілер жазасыз қалмайды", – деп қосты ол.
Оның сөзінше, мұндай "құйтырқы әрекет" Ресейді барлығын әдейі жасағандай етіп көрсетеді.
"Мұндай "жұмыстың" құйтырқы тұстары да белгілі: танымал азаматтың атынан көршілер жайлы мәлімдеме жасап, тарихи оқиғалармен ойнайды. Сосын жалған ақпараттың өшірілуін күтеді де, кейін мұнымен саудаласады. Мұны “Ресей әдейі жасады, серіктестеріне белгі берді”, ал кейін барлығын дипломатиялық жолмен жойып жіберді дейді. Ізі де қалмаған секілді. Бірақ адамдарда "орыстардың нағыз қалайтыны осы" деген пікір қалады", – деп қосты Медведев.
Қауіпсіздік кеңесі басшысының орынбасары "Ресей ешуақытта бұлай жұмыс істемейді" дейді.
"Бұл біздің ережемізге және моральдық қағидаларымызға жат. Біз достарымызбен ашық және шынайы сөйлесеміз, екі түрлі ой болған емес. Жаулар бізді араздастыра алмайды. Біз – тек ресми декларациялармен емес, іс жүзінде серіктеспіз. Күнделікті еліміз бен халқымыздың қызығушылығына сай мәселелерді шешеміз. Алдағы уақытта да солай қала береді", – деп атап өтті Медведев.
Ресейдің экс-президенті Дмитрий Медведевтің “Вконтакте” желісіндегі парақшасында жазба жарияланған. Мұнда Русьтің “қайтадан біртұтас болатыны”, “Грузияның қосылғанға дейін мүлде болмағаны”, ал “Қазақстанның – жасанды мемлекет” екені жайлы айтылған. Көп ұзамай жазбаны өшіріп тастаған, ал парақшаны әлдекімдердің бұзғанын мәлімдеді. Мәтін авторы “Мәскеу бастаған славян халқы” өзінің “шексіз шекарасын” қалпына келтіру үшін келесі жорыққа аттануға уәде береді.