Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бұрынғы мәдениет министрі Жексенбек Еркімбеков қайтыс болды

2018 жылдың 21 қаңтарында он бір жылға жуық Қазақ КСР-нің Мәдениет министрі болған Жексенбек Еркімбекұлы Еркімбеков 88 жасына қараған шағында қайтыс болды. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ж. Еркімбеков 1930 жылы 5 қаңтарда Алматы облысы, Ескелді ауданы, Биғаш ауылында дүниеге келген.

1956-1958 жылдары Алматы хореография училищесінің директоры, Қазақ радиосы музыка редакциясының көркемдік жетекшісі, Қазақ КСР-і ән-би ансамблінің директоры, 1959-1961 жылдары Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің мәдениет секторының меңгерушісі, 1961-1966 жылдары Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының директоры қызметтерін атқарды.

1966-1976 жылдары Қазақ КСР-і Мәдениет министрлігінде өнер басқармасының бастығы, министрдің орынбасары, 1976-1987 Мәдениет министрі болып қызмет етті.

Ол басшылық еткен кезде Алматы қаласында Республика сарайы, М. Әуезов атындағы және М. Лермонтов атындағы театрлардың ғимараттары соғылып, Алматы хореографиялық училищесі, К. Бәйсейітова атындағы және А. Жұбанов атындағы дарынды балалар музыка мектептерінің, П. Чайковский атындағы Алматы музыка училищесінің жатақханасымен бірге жаңа ғимараттары бой көтеріп, Орталық концерт залы, Ұлттық музей, Ә. Қастеев атындағы музей ашылды. Еліміз бойынша жалпы саны 200-ге жуық мәдениет мекемелері құрылды.

Бұдан басқа, Жексенбек Еркімбекұлы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының құрметті профессоры, Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды.

«Жылдар өтер, бірақ абзал тұлға Жексенбек Еркімбекұлы Еркімбековтің жарқын бейнесі ел жадында мәңгі сақталады. Марқұмның туған-туысқандарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз», – делінген министрліктің хабарламасында.

Марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі 23 қаңтарда, сағат 10.00-де Алматы қаласында Абай атындағы академиялық мемлекеттік опера және балет театрында өтеді.

Тағы оқыңыз:

Энергетика министрі әлеуметтік желідегі өзіне қатысты пікірлерге жауап берді

Елімізде заңсыз ит етін сатып, одан тағам жасайтын мейрамханалар көбейген

Қазақстандағы барлық рейстік автобустар тексерілетін болды

Ақмола облысы тас жолында Өзбекстан және Тәжікстан азаматтары бар автобус құтқарылды

Талқылау