Бүлдіршінге 22 дәрі тағайындаған: Атыраулық ата-ана 2,5 жасар баласының өліміне Алматыдағы танымал жеке емхананы кінәлайды
Атыраулық ата-ана жүре алмайтын 2,5 жасар баласын емдету үшін оны Алматыдағы “Қонжық” жеке емханасына апарған. Алайда емнің бірнеше күнінен соң бүлдіршіннің жағдайы күрт нашарлап, көз жұмды. Қара жамылған Азамат Қуанышев пен Айымгүл Айтбаева кінәлі маманның жазаға тартылуын талап етеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Көреміз” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Видеодан скриншот
Азамат Қуанышев пен Айымгүл Айтбаева 2 жастан асқан ұлдарының жүре алмайтынына алаңдап, түрлі шипа іздеген. Осылайша Instagram желісінен Әйгерім Асқарқызын тапқан. Айтуларынша, "Қонжық" емханасына қатысты жағымды пікірлер көп, дәрігер Әйгерімнің өзі баланы құлан таза айықтыра алатын кәсіби маман екеніне сендірген. Ол желіде өзін 8 жылдық тәжірибесі бар неонатолог, хирург және онколог деп таныстырады. Массаж жасап, курсын да өткізеді.
Алайда сеніп барған “Қонжық” емханасының бас дәрігері Әйгерім Асқарқызының ем-домынан кейін баланың қызуы көтеріліп, маза-құты қашқан.
“Баламды уақытынан ерте босандым. Кейін 7 айлық кезінде дамуы жай жүріп жатқанын байқадым. 2 жасында әлі еңбектеп, жүре алмағасын Әйгерімге жүгіндік. Массаж алдық. 10 күнге тамырға алынатын 8 дәрі жазып берді, соның жетеуін алдық. Емнің 4-күні баламның көзі мен басы ісіп, аяғы тартылып, жатып қалды. Демікпе пайда болды”, – дейді анасы.
2 жасар Мұхаммедке ота жасалып, ол комаға түскен. Содан кейін екі күннен соң көз жұмды.
“Баламызды көтеріп әкеліп, сүйегін алып кеттік. Дәрігерге қаралдық, консультациясына 200 мың алды. Тексеріп, қан, бауыр талдау анализдерін жасатқызды, ұршығын қарап, бас МРТ-і, ЭКГ-ге түсірді. Цитомегаловирус бар деді, ал басында ет өсіп кеткенін айтты. Баланың жүрмей қалуы басындағы ақаулардан деп түсіндірді. Аталған вирустан құтылу үшін антибиотиктер тағайындады. Массаждың 1 курсына 100 мың, дәрі салғанына 100 мың теңге алды. Одан бөлек талдау анализдеріне 150 мыңдай кетті”, – деді баланың әкесі Азамат Қуанышев.
Мамандар дәрігердің балаға ауыр антибиотиктер тағайындағанын айтады.
“Ем жалпыға ортақ протоколға сай емес. Балаға барлығы 22 дәрі тағайындапты. Диагнозды да дұрыс қоймаған, себебі қағазға бұлай жазбайды”, – деді балалар хирургы Рамиль Өтемісұлы.
Бала инфекциялық ауруханаға ауыр жағдайда түскен. Іші қатып қалған, тамағы ісіп кеткен. Содан соң ауа жетпей, реанимацияға түскен.
“Не себепті осынша көп дәрі дегенімізде, жартысы миға, жартысы аяққа деп түсіндірді. Алайда жауапкершілік бойынша қол қоймадық. Катетер салатын кезде Әйгерім Асқарқызы оны тамырға емес, денесіне салғызды. Кейін мемлекеттік ауруханадағы медбике “денесіндегі тесік не?” деп ұрысты. Бала осы уақытқа дейін үлкен дозадағы дәрілер қабылдап, уланған деді. Пневмония деген диагноз қойылды. Одан соң дәрігерлер баланың ағзасы ем қабылдамай жатқанын айтты. Себебі уланған кезде ағза бәрін кері ысырып, тіпті өз мүшелерінен арылуға тырысады деп түсіндірді”, – деді ана.
Осылайша баланың дене мүшелері қызметін тоқтатып, тек жүрегі ғана соғып тұрған. Айтуынша, мамандар жүрекке массаж жасау арқылы оның өмірін бірнеше сағатқа соза алды. Кейін Мұхаммед жан тапсырды. Сараптама бойынша бала өкпе-жүрек жетіспеушілігі мен улану салдарынан көз жұмды.
Ата-ана комада тұрып, полиция шақырып, “Қонжық” ауруханасының иесінің үстінен арыз жазыпты. Сол кезде полиция Әйгерім Асқарқызының үстінен арыз жазған тағы адамдар бар екенін айтты.
Бұдан басқа бірнеше бала осы дәрігердің кесірінен зардап шеккен деседі. Шымкенттік Мөлдір Шүкірова да дамуы жай жүріп жатқан баласын аталмыш емханаға, яғни Әйгерім Асқарқызына апарған. Ол баланың басында қан ұйып қалған деп айтқан. Алайда ол оның тағайындаған дәрілеріне күдікпен қарап, басқа ауруханаға барып көрген. Сол кезде баланың басы таза, сап-сау екені анықталыпты. Дәл Роза Жаналиева да қызы оны шақырған кезде қарамай қоятынына, назар сала алмайтынына алаңдап, осы маманға барыпты. Дәрігер оған 40 дәрі, 5 тамырға салатын ине және бұлшықетке салатын 2 дәрі тағайындаған.
“Ми гипоксиясы деген диагноз қойып, баланың басында вирус бар деді, одан соң аяғы рахит деп айтты. Қанында темір жетіспейді деп айтты. Бірақ емнің 5-күнінде баламның талмасы ұстап, аяқ-қолы тартылды. Сұрағанымызда, “демек, ем балаға қонып жатыр. Ем пайдасын әкелгенде осындай көріністер болады” деп сендірді. “Емді тоқтатып, әрі қарай жалғастырмасаңыз, ДЦП-ауруына шалдығады” де алаңдатып қойды. Алайда қызым терлеген кезде терісінен дәрінің иісі шыққанын байқап, қорқып кеттім”, – деді әйел.
Сондай-ақ Әйгерім Асқарқызы жарнамасында Асфендияров атындағы медициналық университетте сабақ беремін деп айтқан.
Алайда университет басшылығы мұны жоққа шығарып, оның ұстаздық қызметте болғанын мәлімдеді. Ол тек "жалпы медицина" мамандығын тәмамдап, "Хирург-дәрігер" дипломын алған. Сонымен қатар “Қонжық” емханасында істейтін Әсел атты дәрігер өзін 9 жылдық тәжірибесі бар маман деп таныстырғанымен, осы салада істеп жүргеніне 1 жыл болғаны анықталды. Ал Дәурен есімді массажистің мүлдем медициналық білімі жоқ, мамандығы бойынша музыкант. Тек Әйгерім Асқарқызының курсын оқыпты.
Әйгерім Асқарқызы баласынан айырылған анаға қоңырау шалып, жеке кездескісі келетінін және көңіл айтқысы келетінін жеткізген. Бірақ мәселеге қатысты түсініктеме бермеді. Өзі еңбек демалысына кетіп қалса керек.
“Әйелім жүктіліктің 7-8 айында, ал анам төсек тартып, ауырып жатыр. Сондай-ақ қаланың сыртында жүргесін келе алмаймыз. Баланың өліміне әйелімді кінәлаудың қажеті жоқ. Ол 1 ай пневмония бойынша ауруханада жатып, көз жұмды”, – деді Әйгерім Асқарқызының күйеуі Дидар.