Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бүгін – Бекзат Саттархановтың туған күні

Бүгін – қазақ спортының жарық жұлдызы болған боксшы Бекзат Саттархановтың дүниеге келген күні. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: olympic.kz

Боксшы осыдан 45 жыл бұрын, 1980 жылы 4 сәуірде Түркістан қаласында туған. Спортшы мансабында көптеген халықаралық жарыстарда орын алды. Алғаш рет 1998 жылы жастар арасындағы Азия чемпионатында күміс жүлдеге ілікті. Сол жылы жастар арасындағы әлем чемпионатының да күміс медалін иеленді. 1999 жылы Ташкентте өткен Орталық Азия чемпионатында және Азия ойындарында тағы да күміс жүлдені жеңді.

Бекзат Саттархановтың ең жарқын жеңісі 2000 жылы болды. Небәрі 20 жасында Сиднейде өткен олимпиада ойындарында 57 келі салмақта Бекзат чемпион атанды. Ақтық сында отандасымыз әлем чемпионы, америкалық боксшы Рикардо Хуаресті жеңіп сенсация жасады.

Алайда жас таланттың ғұмыры ұзаққа созылмады. 2000 жылы 31 желтоқсанда Түркістаннан Шымкентке жолға шыққан Бекзат Саттарханов Ордабасы ауданының Шұбар ауылының маңында түнгі сағат 23:45 кеткенде жол апатына ұшырап, оқиға орнында жан тапсырды.

Олимпиада чемпионының есіміне Түркістан қаласында көше атауы берілді. Кентау қаласында Бекзат Саттарханов атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған қалалық спорт мектебі және Шымкент қаласында Бекзат Саттарханов атындағы талантты баларға арналған спорт интернаты ашылды. Боксшының өмір жолына арнап 2020 жылы “Бекзат” деген толықметражды фильм түсірілді.

Талқылау